БІРЛІКТІҢ МӨЛДІР БАСТАУЛАРЫ

0 87

Астаналық немістер қоғамы «Видергебурттың» Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени-достық байланысының алтын көпіріне айналғаны жөнінде айтылып жүр. Мұны елордалық неміс диаспорасы арасындағы көп жылдардан бергі жүргізілген этникалық тұтастықты, мәдениет пен салт-дәстүрлерді сақтау бағытындағы жұмысының нәтижесі деп айтуға болады.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегия­сы:­ қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы­ ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек» деп бола­ша­ғымыздың бағытын нұсқады. Көп­ұлт­ты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі – жаңа қазақстандық патрио­тизм деп ұстанымымызды айшықтай келе, «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» деді. Бұл жолдар біздің елордалық мәдени бірлестіктердің жұмы­сы­на серпін беріп, жауапкершілік жүгін айқын­дай­ды.
Бұл ретте өзім жетекшілік ететін неміс қоғамында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталғым келеді. Біздің қызметіміз екі ұлы халықтың мәдениетін тану арқылы жақындатуға негізделген. «Брайтенарбайт» бағдарламасы бойынша неміс тілінің тегін курстары жұмыс істейді. Кітапханамыздағы неміс тіліндегі баспа өнімдерімен танысып, Гете мен Шиллер мұраларына қанығуға болады. Неміс тарихы мен мәдениетіне қызы­ғу­шы­лық білдіргендердің ұлтына қараған емеспіз. Неміс жастары қазақ, орыс, татар доста­ры­мен бірге келіп жүргені болашаққа деген сенім ұялатады. «Айнхайт» – неміс мәде­ни орталығы қоғамның мақтанышы ғана емес, қалалық мәдени шаралардың белсенді мүшелері. «Шпетте блюмен» ансамблі неміс халық әндерімен қоса қазақ әндерін де нақышына келтіре орындайды. Ал «Авгус­тин» оркестріне он төрт жасқа дейінгі бала­лар тартылған. Жексенбілік мектептің қызметі де жастар тәрбиесіне өз ықпалын тигі­зуде. Апта сайын елтану, мемлекеттік тіл үйре­ну­шілер осы мектепте кездеседі. Жас­тар­ды талантына қарап танитын, олардың шығар­ма­шылық бастауларын ашатын «Диамант» жастар клубының жұмысы – біздің мақ­та­ны­шымыз. Лингвистикалық балалар және жастар лагері, экологиялық лагерьлер, ұрпақтар сабақтастығы жастар жобаларында маңызды орын алады.

1994 жылы «Видергебурт» қоғамының бастамасымен неміс гуманитарлық білім беру кешені құрылған болатын. Мұнда астаналықтар төрт жастан бастап, кәмелетке толғанға дейін неміс тілімен қоса жалпы білім алып шығады. Гимназия Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандартына сай бар талаптарды сақтай отыра арнаулы бағдарламамен оқытады. Оқып жатқандардың 48 пайызы неміс баласы болса, 12 пайызы – қазақтар, 31 пайызы орыс ұлтының және 8 пайызы – өзге этнос өкілдері. Мектеп қабырғасында басталған байланыстың жастар клубтарында жалғасын табуының бір себебі осында жатыр. Барлық қазақстандықтардың қоғамдық келісімді сақтай отырып, бейбіт қатар өмір кешуінің бір дәлелі осы болса керек. Бұл – халық таңдауы, елдегі ұлттар саясатының жарқын көрінісі. «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де – осы» деген Елбасының сөздерін тағы да қайталап айтқым келеді. Біз бағыты айқын, болашағы кемел елде өмір сүріп отырмыз.

Игорь БЕРГ,
«Видергебурт» немістер
қоғамының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − five =