«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірліктің бізде жарқын үлгісі бар

0 321

Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап елімізде  татулық пен келісімді дамытып, ел қауіпсіздігі мен бей­бітшілігін қорғау, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынты­мақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Сондықтан болар, сенімі мен көзқарасы әралуан ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті, берекелі бір­лікте өмір сүруде. Еліміздегі бұл жағдайды әлемге танылған мемлекеттер этникалық үйлесімдіктің қазақстандық үлгісі деп жоғары бағалады.

Бүгінде тілі мен ділі, діні мен салт-дәстүрі әртүрлі көп ұлттардың бір шаңырақ аясында тату тәтті өмір сүруі – ел бірлігінің айғағы. Ынтымақ пен достықты қадірлеп, татулық салтын ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында шексіз табыстарға қол жеткізіп қана қоймай, небір ұлттар мен ұлыстардың басын қосты. Президент мемлекетіміздің тұрақты әрі қарқынды дамуы оңтайлы саясат пен осы бірліктің арқасы екенін айтып, ұлттар достығының тамыры терең, тіні берік боларына үлкен сенім білдірді.

Қазақстандағы ауызбіршілік пен келі­сім­нің, тұрақтылық пен тыныштықтың ша­ңырағы – Қазақстан халқы ассамблеясы қазіргі күні этносаралық қарым-қатынасты да­мытудың іргелі институтына айнала білді. Құрылған күннен бастап демократиялық қоғамның негізін қалаушы құндылықтарды дамытып келеді. Жалпы, елімізде 800-ден астам этномәдени бiрлестiк құрылса, оның отызға жуығы республикалық дәрежедегi ұйым болып саналады. Елордада құрылған этномәдени бірлестіктер республикамызды мекендейтін ұлттардың салт-дәстүрлері мен тарихын және мәдениетін насихаттап келеді. Жас ұрпақты тағаттылыққа және ұлтаралық ынтымаққа тәрбиелеу ісінде неміс, поляк, корей, татар-башқұрт, украин, шешен-ингуш, қырғыз, әзербайжан, армян және т.б ұлттардың жексенбілік мектептерінің маңызы зор. Тiлi мен мәде­ниетiн дамыту мүмкiндiгіне ие болып отыр­ған өзге ұлт өкілдері өз кезегінде қазақ халқының мәдениетіне, тарихына ықылас танытуда. Айталық, ұлттық мәселенiң өзектiсi тiл десек, мемлекеттiк тiлге ерекше қолдау танытып, шын ниетiмен үйреніп жүрген ұлт өкiлдерi Астанада жиі кездеседі. Бүгiнде кез келген бiрлестiк қазақ тiлiнiң қажеттiлiгiн түсiнедi. Құрылғанына 20-25 жыл болған этномәдени бiрлестiктердiң iшiнде қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер жетіп артылады. Бұл ретте Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бiрлестiктердiң ынтымағын нығайтып қана қоймай, жүктелген міндеттерге барынша жауаптылық танытып келеді.

Елбасымыздың «Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымыз «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды» дегені есімізде. Өйткені, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан дәстүр мен сабақтастық арқылы қоғамдағы ауызбіршілік пен тұрақ­тылықты нығайту – елімізді өркендету жо­лындағы басты қызмет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды