Бірлікті ту еткен көрме

0 17

Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архиві Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ұлттық бірлік күні» атты виртуалды көрмені жұртшылыққа ұсынды.Бұл көрмеден қызықты деректерді, көпшілік көрмеген сирек суреттерді көруге болады. Әсіресе, 1970-1980 жылдар аралығындағы тың игерушілер шаһары атанған Целиноградтағы 1 мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күнін мерекелеу кезінде түсірілген суреттер адамды елең еткізеді. Иә, суреттер де сөйлейді. Тарихты, өткен дәуірді, күнді ұмыту мүмкін емес. Кеңес заманында бұл мереке жоғарғы деңгейде атап өтілді. Бірінші мамыр күні үлкендер, оқушылар, тіпті балдырғандар да салтанатты шеруге қатысатын. Осы бейнелі көріністерді көрмедегі фотолардан көресіз. Мәселен, мына бір фотоға үңілейікші. 1980 жылғы 1 мамыр мейрамы, Целиноград қаласының орталық алаңы. Адамдардың бәрі шадыман көңілде, мерекелік шеруге шыққан. Бұл суреттер соғыс және еңбек ардагері, өлкетанушы, ұзақ жылдар бойы облыстық «Акмолинская правда» газетінің фототілшісі болған Н.Има­мовтың жеке қорынан алынған.
Сондай-ақ көрмедегі сарғайған сары қағаздардан сол дәуірдің қолтаңбасын байқайсыз. Айталық, 1963 жылғы Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің жұмыс жоспары, қалалық Жастар сарайының мәдени-көпшілік бөлімінің жұмыс жоспарынан Еңбекшілердің ынтымақ күнін атап өтуге ерекше мән берген. Сол жылдары шаһардағы ең көрікті ғимараттардың бірі саналған Жастар сарайының сахнасында 1 мамыр мерекесіне орай Чехословакиядан, Украинадан, Молдовадан музыканттар гастрольдік сапармен келіп, концерт қойған. Тіпті қазақ эстрадасында өз дара жолы бар «Досмұқасан» тобы да өнер көрсеткен.
Әрине, көрме тек өткенді ғана бейнелеп қоймайды, қазір елімізде бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатқан халықтардың бейбіт өмірі мен бірлігін кестелеген суреттерді де тамашалайсыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =