«БІРЛІК – МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ»

0 266

ERA_0977

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні астаналықтар үшінқуанышы мен шаттығы мол мерекеге ұласты. «Қазақ елі» монументі алаңында өткен жалпықалалық думанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіқатысып, бұқараға атаулы мейрамның айрықша мәнге ие екенін айтты.

– «Бірлік» сөзінің мағынасы терең. Бірлігі болса ғана отбасы берік болады. Егер кәсіпорында бірлік болмаса, ол өркендемейді. Ал, мемлекетте бірлік болмаса, ол күйрейді. Сондықтан бірлік – біздің мемлекеттігіміздің өзегі. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүреді, олардың бірлігі, бауырластығы – тыныштықтың негізі. Адамдар алаңсыз, татулық пен келісімде өмір сүрсе – нағыз бақыт осы. Жеке дара бақытты болу мүмкін емес, бақ-береке елдің жалпы жағдайына байланысты. Сондықтан Қазақстандағы бірлік пен келісімді бағалай біліп, балаларымызға мұра етуіміз керек, – деді Елбасы.

Тойға жиналған қарақұрым халықтың қуанышы секілді алтын күн де сол уақытта шуағын армансыз төгіп, баршаға ерекше көңіл-күй сыйлап тұрды. Әсем ән мен мың бұралған би елдің еңсесін көтеріп жатса, түрлі-түрлі театрланған көріністер жерімізді мекендеген әр ұлттың ертеңі мен бүгінгісін әдемілеп көрсетті.

Мемлекет басшысы ынтымағымыздың арқасында тойланып жатқан жалпыхалықтық мерекенің негізі еңбекте екенін айтып, «Егер адам қолмен жұмыс істесе, ол – еңбеккер, қолмен және баспен жұмыс істесе, онда ол – шебер. Ал, егер қолмен, баспен және жүрекпен істесе, ол – суреткер. Еңбекпен жеткеннің барлығы бақыт пен береке әкеледі. Біз бірге еңбек етіп, елімізді дамытып, өмірімізді жақсартудамыз. Осының арқасында балаларымыз болашаққа зор сеніммен қарайды» деген ол әрбір қазақстандықты елі үшін адал қызмет етуге шақырды.

Нұрислам Құспанғали

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =