©2020 Астана Ақшамы
БIРЛIК МӘДЕНИЕТI БЕРЕКЕ БЕРЕДІ
Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Қазақстан халықтарының I форумында көтерген болатын. «Біздің басты байлығымыз – халықтар достығын қазақстандықтардың талай ұрпағы жасады. Біз бүгінде өткен тарихымызды ой елегінен өткізе отырып, бұл байлықты талан-таражға салуға, игі дәстүрлерді жоғалтуға хақымыз жоқ» деді Елбасы форумға қатысушыларға арналған сөзінде. Күрмеуі күрделі көрінген түйінді мәселенің шешімі тез табылды. 1995 жылы 1 наурызда еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы – Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды.
Жиырма жылдың белесіне жақындаған ассамблея түрлі сынақтардан өтіп, этносаралық қарым-қатынасты үйлестірудің іргелі институтына, татулық пен сыйластықтың берекелі биігіне көтерілді. Елбасы көпұлтты, көпконфессиялы халықты тұтастырып, оны мемлекеттің артықшылығына айналдыра білді. Сан алуан қалпын сақтап, біртұтастыққа, даралығын дәріптеп, бірлікке ұмтылудың тамаша үлгісін жасады. Қазақстанның елішілік үндесу алаңы – ассамблея бүгінде барша адамзатқа үлгі болып, әлемдік қауымдастық тарапынан қызығушылық оятты. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы Өзара Іс-қимыл және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес сияқты әлемнің ең белді халықаралық ұйымдары да мойындады. Сондықтан, Қазақстанның этносаралық қатынас саласындағы өткенін, бүгіні мен болашағын Қазақстан халқы ассамблеясынан бөле-жарып қарау мүмкін емес. Ассамблея бәрімізді қоғамдық келісім мен бірлік идеясының маңына топтастыруға күш салады. Оның өзге ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерден айырмашылығы да осы мүдде үдесіне көтеріле білгендігінде еді.
Кеңес дәуірінің ыдыраған тұсында елдің татулығы мен ауызбіршілігіне сына қағылып, қатар отырған екі көршінің бір-біріне қас болып, қарсы оқ атқан кезеңі алыста қалады деп ойлағанбыз. Алайда, жұрттың тыныштығы мен жердің тұтастығына да сызат түсіп, бір демде әлем өзгеруінің куәсі болып жатырмыз. Бұған әсіресе, ел дамуының басымдықтарын анықтамаған, ел бірлігі құндылықтарын қастерлемеген елдердің әлсіз келетінін байқалды.
Соңғы кездері орын алған халықаралық жағдайлар қазақстандықтардың да әрқайсысына ой салуы керек. Берекелі бірлігіміздің тұтқасынан ажырап қалмас үшін ұлтаралық сыйластықты әрқайсымыздың ел алдындағы жауапкершілігімізбен көркейте білу қажеттігін түсінген абзал.
Қазіргі күнде «толеранттық» деген сөзді жиі қолданамыз. Бірақ бұл сөз біздің болмысымызға, жерінде өсіп, топырағында өнген қазақ халқының дініне де, діліне де жат көрінеді. Себебі толеранттық деген сөз түптеп келгенде «шыдау», «төзу» деген ұғымға саяды. Ал, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкіліне пана болып отырған қазақ өзге ұлт өкілін шын ниетімен, кең жүрегімен бауырына тартты. Ешкімді өзегінен теппей, тіпті қыз алып, қыз берісіп, құдандалы болды. Бірге отырған тату көршінің санасында төзу деген ұғым болған емес. Қазақ халқы осы қасиетімен ерекшеленді. Осындай кемел келешегі бар отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы болмақ.
Елімізде бейбіт, қатар өмір сүрудің өзіндік дәстүрі мен мәдениетін қалыптастырудамыз. Жалпы мәдениет деген – кең ұғым. Көпұлтты қоғамда мәдениет пен руханият қалай көрініс табады деген сұраққа әркім жауап іздейді. Меніңше, егер адам Қазақстанда дүниеге келген болса, қазақ топырағында оның балалары да өмір сүріп, немерелері де осында өсетін болса – олар ең әуелі міндетті түрде қазақтың мәдениетін білулері керек. Мінеки, сан түрлі ұлттар құрайтын мәдениеттің діңгегі осы идеяның айналасында болуы керек. Қос арқауды қатар өрген әрбір этностың ұлттық мәдениеті де жоғалып кетпейді. Біздің көп этникалық қоғамның мәдениеті жоғары болуы үшін баршамыз жасап жатқан еліміздің байырғы заманнан келе жатқан мәдениетін білу арқылы «Мәңгілік елге» бастайтын мәртебелі жолға түсе аламыз. Жеке құндылықтарымызды сақтап, дәстүрімізді түлету арқылы әрқилылығымызды сақтаймыз.
«Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыппен өтетін кезекті сессияның жұмысы қазақстандықтардың рухани әлеуетін айшықтап қоймай, руханият тақырыбын кеңінен таратады деп ойлаймын.
Егор КАППЕЛЬ,
Мәжіліс депутаты