«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірлігі бекем елдің босағасы берік

0 162

Достық үйінде «Халықтың әл-ауқатының артуы – бірлік пен тұрақтылық кепілі» деген тақырыпта Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының XVIII құрылтайы өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестік өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблея­сы ғылыми-сарапшылық тобының, қоғамдық келісім кеңесінің, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Сессия барысында ассамблея қыз­меті бірінші жартыжылдығының қорытынды нәтижелері жарияланды. Президенттің «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасына арналған жоспарды іске асыру мәселесі, сондай-ақ Түркістан облысының Арыс қаласына көмек көрсету мәселелері талқыланды. Басқосуда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов баяндама жасады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындыларына тоқталған қала басшысы қайырымдылық, медиация, жастар саясаты және т.б. бағыттарда табысты жұмыс атқарған елордалық ҚХА-ның жағымды динамикасын атап өтті. «Елбасы бастаған істерді жалғастырып, Президенттің жаңа бастамаларын іске асыру жолында бірігіп еңбек ететінімізге сенімдімін» деді Алтай Сейдірұлы.

130 этностың құтты мекені

Елорда әкімі Президент сайлауында белсенді азаматтық ұстанымын көрсете білген елордалық ассамблеяның жетістіктерін де тілге тиек етті. Қазір төр қалада 130-дан аса этнос өкілдері өмір сүреді. 23 этномәдени бірлестіктер, 12 жексенбілік мектептер жемісті жұмыс істейді. Жуырда елордалық этномәдени бірлестіктердің 5 шығармашылық ұжымы «халықтық» деген атауға ие болды. Достық үйі бір жылда өз қаласына пайдасын тигізетін жаңашыл, бастамашыл, жігерлі жандардың ордасына айналды. Мысалы, 2019 жылдың басында ашылған «Парасат» қайырымдылық қызметті үйлестіру орталығы 73 іс-шара өткізіпті. Мұқтаж жандарға 16 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Ассамблея мүшелері Арыстағы апаттан зардап шеккендерге көмек беруге құлшына кірісті. Достық үйін­дегі гуманитарлық көмек нүктесі алдағы уақытта арыстықтарға жәрдем беруді жалғастырады.

Жастар коворкинг орталығы ашылады

Қала басшысы Нұр-Сұлтан жастардың қаласы екеніне тоқтала келе, елорда жастарына қатыс­ты жүзеге асырылатын іс-шараларды баяндады. Жастар жылында астаналық Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатын дамытуға ерекше көңіл бөлуді ұсынды. Мәселен, Достық үйінде заманауи технологияларды пайдалана отырып, жастар коворкинг орталығын ашу жоспарланған. «Бұл орталық тек ассамблеялық қана емес, бүкіл ел жастарын дамуға жетелейтін жаңа идеялардың ордасына айналуы тиіс. Қазірдің өзінде Достық үйінде мемлекеттік тілді меңгеруге, шығармашылық ұжымдардың дайындық жасауына, медиациялық рәсімдерді және әртүрлі шараларды өткізуге өте қолайлы жағдайлар туғызылған. Мұның бәрі қалалық ассамблея мүшелерін жауапты және өнімді еңбек етуге міндеттейді» деп атап өтті А. Көлгінов.
Қала әкімі ассамблеяның, жалпы қоғамның алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда ғылыми-сараптамалық топтың әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды. Достық үйінің базасында мәдени орталықтар жетекшілерін этнобірлестіктерді заманауи басқару тетіктеріне жүйелі оқыту, соның ішінде келіссөздер үдерісін меңгерту аса маңызды екенін қадап айтты. Әсіресе, медиация механизмін кеңірек пайдаланған абзал. Ресми мәлімет бойынша қазіргі кезде ассамблеяның елордада 5 медиация бөлмелері жұмыс істейді. Басқосудың соңында жиынға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды