Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары

0 76

Пандемия барша мемлекеттің басына түскен үлкен сын сағатына айналды. Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар – бақ сынағы, қиыншылық сынағы, қаза сынағы деген. Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбіршілігінің арқасында өткен, адамгершілігінің арқасында халық болып жабыла көтерген. Біздің, бүгінгі ұрпақтың да алдында – жұмыла көтеріп, тиімді шешімдер арқылы барлық мәселелерді еңсеру міндеті тұр.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ТМД елдерінің арасында пандемияға қажетті шараларды алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Карантин режимін сақтау азаматтарға оңай емес екенін түсінемін. Бірақ басқа амал жоқ.
Дегенмен, біз экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау туралы ойлануымыз керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айрылып қалмауы керек» дейді.
Біздің елімізде коронавирус­тың алғашқы көріністері пайда болғанда жарияланған төтенше жағдай инфекцияның беталысын басқаруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда аурудың өсу қарқыны 8 пайызға түсті. Дүниежүзі денсау­лық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес бұл көрсеткіш шектеу шараларын жеңілдету жолдарын қарастыруды бастауға болады дегенді білдіреді.
Мемлекет басшысы шектеу шараларының салдарын жеңілдетіп, халықтың тарықпауын қамтамасыз ету үшін кең ауқымды шешімдер қабылдап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын қолдау мақсатында карантин шараларын жеңілдету бойынша мәлімдеме жасады.
Карантин талаптарын жеңілдету шаралары алғашқы болып Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 20 сәуірден басталып енгізілді. Осының арқасында 120 мыңнан астам адам өз жұмысына қайта оралды.
Дегенмен коронавирус қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан қыз­метіне оралған барлық аталған мекемелерде санитарлық-эпидемиялық шаралардың толық сақталуы міндеттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақтау жауапкершілігі ұйым басшылығына да, әр жұмысшыға да артылады.
Өңірлерде құрылған Жедел штаб­тар қызметке қайта оралған нысандарды қатаң бақылауға алады. Сақтану шараларын орындау алдымен жұмыс берушілерге, сонымен қатар азаматтардың өздеріне де қатысты.
Ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіру, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасау міндеті тұр. Басқа ұйымдар мен мекемелердің жұмысқа кірісуі Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның шешімімен жүзеге асатын болады. Осының барлығы – Қазақстанның әр азаматының денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік шаралары. Себебі мемлекеттің негізі – халық, қоғам және оның ден­саулығы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» дейді.
Естеріңізге сала кетейін – 2000 жылды, жаңа ғасырды қарсы алып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нені армандайсыз?» – деп сұраған тілшіге «Қазақстан халқының 15 миллионға жетуін армандаймын» деген еді.
Бүгін ол арман орындалды, халық саны 19 миллионға жақындады.
Қазіргі әлемдік өркениеттің басына түскен жағдайға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынымдарында «…бұл дағдарыстың бұрынғы болған экономикалық қиыншылықтардан табиғаты өзгеше. Әр мемлекет өзінің экономикалық дамуы мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуді негізгі міндетіне айналдыруы тиіс» делінген.
Премьер-министр А.Маминнің басшылығымен Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия халықтың әр санатына қатысты өзекті мәселелерді жеке қарап шешім қабылдап отыр. Негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту. Көнеден қалған «Балық берме, қармақ бер» деген кеңес бар.
ТМД елдерінің пандемия жағдайында қабылдап жатқан шараларының салыстырмалы сараптамасына қарағанда жалпы шешімдеріміз негізінен ұқсас. Бірақ қазақстандық шаралар жиынтығында экономиканы стратегиялық міндеттер негізінде әрі қарай дамыту және қолдау қаралған. Біз осымен ерекшеленіп отырмыз. Осы бағытта қабылданған құжаттың бірі – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы. Оның аясында 250 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз ету көзделеді. Ол үшін 1 трлн теңге қарастырылды.
Азия елдерінде «Дүлей дауыл соққанда, қорған құрудың орнына, жел диірменін салған жөн» дейді екен. Бұл – мүмкіншілікті қолдана білу туралы айтылған ой. Біз де осы жолмен жүргенді дұрыс көріп отырмыз. Аталған бағдарлама арқылы 6 506 жоба іске асырылады. Тек әлеуметтік салаға қажетті жаңадан 144 нысан салу көзделіп отыр. 1678 білім саласына қажетті мектептер, интернаттар, балабақшалар жөндеуден өтеді. Бұның бәрі – болашағымызға қосылатын активтер, себебі бұл нысандар – ертең қаншама адамға тұрақты жұмыс орны болатын, халыққа қажетті қызметті ұсынатын, көптеген жылдар қоғамға қызмет ететін орындар.
Жаңа бағдарлама аясында
Денсаулық сақтау саласына қажетті 264 нысан (ФАП, СДА, аурухана) салынады, немесе осынша елді мекеннің халқы сапалы медициналық көмекпен қамтылады деген сөз.
23 сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында 200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы ашты. Айта кетерлік ой, бұл – тәуелсіздік тарихында алғашқы рет барлық жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып, 2 апта ішінде салынған объект. Қолдану мерзімі – 50 жыл. Сәуірдің 25-інде дәл осындай аурухана Алматы қаласында ашылды. Ендігісі Шымкентте іске қосылады. Бұл – ұлт денсаулығына қатысты қауіпті азайту, халқымыз­дың жаны да, тәні де сау болуына жағдай жасау мүмкіндігі.
Мәдениет саласы бойынша 301 ауыл клубы мен мәдениет үйлерін, 228 спорт кешенін салу және жөндеу жоспарланып отыр. Бұл – халықтың рухани өсуіне, денсаулығын шынықтыруына жасалған мүмкіндік. Сонымен қатар әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 137 интернат, өрт сөндіру деполары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын, 39 тұрғын үй мен жатақхана салу көзделген. Бұл – азаматтарымыздың баспаналы
болуы, жұмыспен қамтылуы, қауіпсіз өмір сүруі және қажетті құжатын қиналмай алуына жасал­ған алғышарт, жақсы мүмкіндік. Тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылығы саласында 390 сумен қам­тамасыз ету, 218 газ және жылумен қамтамасыз ету, 171 электр жүйесі нысандары салынады.
Осы жылдың соңына дейін рес­публика бойынша 4 000 шақырым асфальт жол төселеді, 1,5 мың шақырым жолдар күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 35 көпір мен бөгеттер жөндеуден өтеді.
Жол – мемлекеттің күре тамыры, одан қаншама артериялар тарайды. Оның барлығы – халықтың іскерлік қабілетін дамытып, шағын бизнестің дамуына бастау болатын мүмкіндік.
Бұл – ұрпаққа рухани азық болатын, туризм арқылы елімізді әлемге танытатын ұзақ мерзімді, халыққа белсенді қызмет атқаратын жобаларды іске асыру мүмкіндігі. Сондықтан бұл жол картасын МҮМКІНШІЛІК ЖОЛЫ деп айтуға да болады.
Жалпы мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 1,1 млн-ға жуық азаматты жұмыспен қамтамасыз етеміз.
Аталған жобаларды іске асыру үшін 90 пайыздай отандық өндірушілердің әлеуетін пайдалану міндеттеліп отыр. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі – ішкі бизнесті дамыту мүмкіндігі.
Негізі, пандемия әлемдік өркениеттің дамуын өзгертті. Әлем пандемияға дейінгі және кейінгі болып екі кезеңге бөлінді.
Коронавирус карантины барша мемлекеттерге сын сағатына айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмысымызды саралап, ел болып емтихан тапсырып жатырмыз. Жетістіктерімізді бағалап, кемшіліктерімізді саралап, тұжырым жасаудамыз.
Біріншіден, бейбіт өмірдің батырлары – ақ халатты абзал жандар, дәрігерлерге; біздің балаларымызға білім бұлағын ашып, әр үйдің еркесімен тіл табысып, оларға отаншылдық тәрбие беріп жүрген ұстаздарға; алғы шепте жүріп, алғашқы соққыны өздеріне алатын әскери қызметтегі шекара, полиция, кеден қызметкерлеріне; халықты болып жатқан жаңалықтармен уақтылы таныстырып, қабылданған шараларды жеткізіп жүрген журналистер қоғамына деген ризашылық ниет, адами алғыс, сыйластық артты. Баршасына рахмет.
Екіншіден, білім мен ғылымның сапасын арттыру; цифрлы қызмет көрсету бағытын жетілдіру, халықты оны қолдануға үйрету; қашықтан қызмет көрсету саласын кеңейту; отандық ішкі бизнес жүйесін қалыптастыру сияқты бағыттарда атқаратын жүйелі жұмысты жоспарлау және іске асыру міндеттері айқындалды.
Бұл жағдай болашағымыз үшін қажетті бағыттарды нақтылады.
Үшіншіден, өмірімізге қажетті қағидаттарды анықтады – ұқыптылық пен үнемшілдікке үйрену, қолда бардың қадірін білу, тәртіпті тәрбиенің негізіне айналдыру қажеттілігін түсіндірді.
Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы елі, халқы, мемлекеті үшін және өзі, отбасы үшін жауапты екенін тереңінен ұқты.
Елбасының үндеуімен «БІРГЕМІЗ» қоры құрылып, елдегі ауқатты азаматтардың қолдауымен 23 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Қор арқылы 362 мың отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн бетперде таратылды; алғы шепте жүрген 2 112 дәрігерге қаржылай көмек берілді.
Осы бағыттағы жұмысты іске асыруда, карантинге қарамас­тан, мыңдаған жастар еріктілер қатарында белсенді қызмет атқарып жүр.
Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері әлеу­меттік желі арқылы мұражайларға экскурсия, жеке шығармашылық концерттерін ұйымдастырып, халықтың көңілінен шығып отыр.
«Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз осы болар. Бүгін қоғам болып бас қоса атқарып жатқан осы шараларымыз болашағымыз­ға негіз болатыны анық.
Қазақ салт-дәстүрі және оның ғылыми негіздері жинақталған «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (А.Нүсіпоқасұлы, Ә.Жапар­ұлы) деген кітапта АМАНАТ деген кие­лі ұғым терең түсіндірілген. Осы ұғым адамға артылатын жауапкершіліктің негізі екен.
Атадан қалған 7 аманат келесі – көз аманаты; құлақ аманаты; тіл аманаты; қол аманаты; аяқ аманаты; жүрек аманаты; бас аманаты.
Осы аманаттардың барлығы бүгінгі таңда әрқайсымыздың алдымызда тұр.
Көз аманаты – халық үшін жасалып жатқан жақсылықты көру білу, бағалау. «Бірін бірі батыр» дейтін халықтың ұрпағы мұны жақсы түсінеді.
Құлақ аманаты – халықты аман сақтау үшін айтылып жатқанды тыңдап, үндеп жатқанды қолдау. «Еститін мемлекеттің» негізгі қағидасы осы – бірін-бірі тыңдай білу.
Тіл аманаты – жақсы сөз сөйлеп, жабырқағанды жадырату, жақсылықты тарату. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ата тарихымыз дәлелдеген. Жалған ақпаратқа емес, ресми ақпаратқа сену.
Қол аманаты – ізгілікке сүйеуші, қиналғанға демеуші болып қол ұшын беру. Бүгінгі таңда қаншама қоғамдық қорлар мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Соларға және ізгілікті істерін жария етпей істеп жүрген абзал азаматтарға алғыс айту.
Аяқ аманаты – өз халқыңмен бірге аяқ басып, қажетті шектеуде қадамыңды қысқартып, ақ жолдан таймау. Шетелге қыдырып кетіп, қиын кезде қосымша мәселе, керексіз шығын шығартып отырған жандарға құлаққағыс.
Жүрек аманаты – қанын да, жанын да таза ұстау. Уайым­ға берілмей, денсаулығыңа, ақыл-ойыңа жауапты болу.
Бас аманаты – өз аманды­ғыңа, отбасың мен қоршаған әлеуметтік ортаңа, ел амандығына деген жауапкершілік.
«Аманатқа қиянат қылма» деген бабаларымыздың қағидасы бүгін біз үшін өте маңыз­ды.
Бүкіләлемдік экономиканы 2,8 пайызға құлдырауына әкеліп соққан дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда.
Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде бізге ынтымақ пен ауызбіршілік, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік қажет.
Елбасы мақаласында «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-
қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, әбіржитін еш негіз жоқ» деді.
Иә, берекеміз – ауызбіршілікте, ырысымыз – ынтымағымыз­да!
Біз қашанда біргеміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + three =