«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Birge oqý» – пікірталас алаңы

0 157

Еліміздің оқушылары қашықтан оқу арқылы 4-тоқсанның 1аптасын өткізіп, жаңа оқу күндеріне қайтадан кірісті. Өткен аптаның нәтижесі қандай? Ата-­аналар үйден оқуды қалай қабылдап жатыр? Мұғалімдердің жүктемесі азайды ма? Қашықтан оқыту балалардың жауапкершілігінің артуына себеп бола ала ма деген сауалдар төңірегінде ізденіп көрдік. Арнайы мамандар да бұл мәселені айналып өтпеді. Сондай-ақ ҰБТ мен мемлекеттік емтихан мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.Өткен сенбіде Тұңғыш Президент қоры мен Елбасы академиясы бастамасымен ұстаздар мен ата-аналарға арналған онлайн режимде «Birge oqý» пікірталас алаңы өтті. Бұл жобада қашықтан оқуды жан-жақты талқылап, осы жүйедегі тиімді жұмыс істеу жолдары ұсынылды. Әрбір әке мен ана дәл қазіргі уақытта өз баласымен үйде отырып қалай жұмыс жүргізуі тиіс деген тұрғыда ойға қонымды кеңестер де айтылды.

Жиынтық бағалау қалай өтеді?

Бүгінгі күні оқушылар мен ата-аналар тоқсан сайын болатын (ТЖБ) жиынтық бағалау мен әр бөлім соңындағы (БЖБ) жиынтық бағалаудың қалай өтетінін әлі де түсінбей отыр. Дәстүрлі оқу кезінде бірнеше рет өткізілетін жиынтық бағалауды қазіргі карантин жағдайында дәл сол жүйемен өткізу мүмкін еместігін мұғалімдер де, ата-аналар да алға тартты. Бұл бағытта пікірталас алаңына арнайы шақырылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Білім беруді жаңғырту орталығының директоры Әлия Долданқызы жауап берді.
Әлия Мақышеваның айтуынша, жиынтық бағалау мынадай 7 пән бойынша болмайды екен. Ол – өзін-өзі тану, көркем еңбек, музыка, денешынықтыру, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау, қоғам және дін пәндері.

Емтихан шегеріле ме?

Сондай-ақ биыл жекелеген емтихандар өткізілмейді. Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуі мен оқушыларды қашықтан оқытуға байланысты Білім және ғылым министрлігі 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттес­таттау емтихандарын, ал 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Түлектерді қорытынды аттестаттау пәндер бойынша жылдық бағаға сүйеніп бағалайды. Сыныптан сыныпқа көшу емтихандар да болмайды. Науыз айында өтуі тиіс Ұлттық бірыңғай тестілеу карантин аяқталған соң бір күнге белгіленеді. Ал маусымның аяғында болатын ҰБТ мерзімі шегерілмейді. Әлия Долданқызы ата-аналардың осындай сауалдарына жауап бере отырып, техникалық және кәсіптік оқу орындарының мәселесін айтып өтті. Бұл ретте колледждерде көп қиындық туындап жатқан жоқ. Өйткені студенттер 16 наурыздан бері қашықтан оқып жатыр, олардың ем­тихандары болады, курс­тық жұмыстарын да, практикалық жұмыстарын да қашықтан тапсырады екен. Ол үшін дайындық жұмысы жүргізілген.

Бала үшін бағаның құны қандай?

Қазір үйден шықпай мұғалімнің тапсырмасын орындап отырған бала үшін бағаның маңызы бар ма? Бағалаудың әсері қандай десек, нақты жауап бере алмауымыз мүмкін. Тіпті баланың өзі де. Жалпы баға не үшін керек? Баласының үлгерімін алған бағасынан бағамдайтын ата-ана қашықтан оқу кезінде бұл ұстанымын өзгертті ме? Бұл орайда пікірталас алаңына келген келесі спикердің ойы құнды болды. Әсіресе, қашықтан оқу форматында баланың өз бетімен оқуын ұйымдастыру көп мәселені, тіпті болашақта тұлға болып қалыптасуына жол салмақ. Одан соң баға мен бағалауды екі ұғым ретінде түсіну керектігін баса айтты.
Расымен қашықтан оқыту кезінде баланы қадағалау күшейіп кетті. Өзім де ана ретінде уақытымен тұрып, сабағын оқып, қосымша пайдалы істермен айналысу керектігін үнемі естеріне салып отырамын. Бұл – әр отбасындағы көрініс. Тіпті баланың мұғаліммен не туралы сөй­лескеніне дейін ата-­ананың көз алдында. Педагог-тренердің айтуынша бұл қадағалау ешқашан жақсылыққа әкелмейді екен. Нақтырақ айтсақ, бала өзінің білімі алдында тәуелсіз бола алмайды.

Әлия МАҚЫШЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Білім беруді жаңғырту орталығының директоры:

– 4- тоқсанда жиынтық бағалау бір рет қана өткізіледі. Бұған дейін әр тақырып немесе бөлімнің соңында бөлім бойынша ЖБ өткізілетін еді. Ал енді қашықтан оқуға байланысты 4-8 мамыр аралығында ЖБ бір рет өткізіледі. Оқушылар жиынтық бағалау жұмысын үйде жасайды. Біз академиялық әділдік деген қағидатын сақтайды деген сенімдеміз. 4- тоқсан бойынша жиынтық бағалау 18-22 мамыр аралығында болады. 1-10 сыныптарға жиынтық бағалауда әр пән бойынша бір тапсырма беріледі. Ал 11 сыныптар 8 мамырға дейін 1 өзіндік жұмысын, 22 мамырға бір бақылау тапсырмасын орындайды. Әр мұғалім БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын өздері дайындайды және оларды «Kundelik.kz» электронды журналға жүктейді.

Ескендір Бестай,
педагог-тренер, Shonbay LAB меңгерушісі:

– Бағалаудың балаға әсері дегенге келсек, карантинге дейін де білім жүйесінде критериалды бағалау енгізілгені белгілі. Алдымен ата-аналарды абыржытатын 3 сұрақ бар: Не? Қалай? Не үшін? Бірінші, қашықтан оқу деген не деп мазаланса, одан соң оны қалай оқытамыз деп абыржыды, енді бұл жаңа форматты игере бастап еді баға не үшін керек? Бағалау не үшін өтеді деген сан сұраққа жауап іздеді. Мен өз блогымда көбіне «Не үшін?» деген сауалға басымдық беруге тырысамын. Ата-аналар үшін баланың мүддесін қорғау мақсатында баға не үшін керек екеніне жауап бергім келеді. Баға дегеніміз – нәтиже, бағалау-прогресті бағалай алуымыз, яғни баланың жетістігі. Бағалау бірінші кезекте балаға керек. Өйткені баланың оқуы бағалану керек. Бағалаудың негізінде ғана ол өзінің қателіктерінен өзгерістер жасай алады, соның негізінде ғана дамиды. Ал баға ата-аналарға, мұғалімдерге, министрлікке керек. Неге? Өйткені сыртқы мүдделі адамға баға арқылы ғана баланың қаншалықты оқып жүргені түсінікті болады. Алайда 2,3,4,5 деген баға баланың өзіне аса бір қажет емес. Балаға тікелей пайдалы деп айта алмаймыз. Тек баға арқылы бақылау көбейеді.

Лаура ҚАРАБАСОВА, Білім беру саласындағы философия докторы, Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің постдокторант-
зерттеушісі:

– Дистанциялық оқудың оқушыларға қандай оң әсері бар дегенге келетін болсақ, бұған ең бірінші жауап – жауапкершілік парадигмасының яғни мағынасының өзгеруі. Белгісіздік, тұрақсыздық, әр сабақ­тың әртүрлі платформада келуі мүмкін. Бұл жағдайда ата-аналар мұғаліммен біріге отырып, бала бойына жауап­кершілікті қалыптас­тыруы қажет.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды