©2020 Астана Ақшамы
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Орыс кескіндеме өнерінің төрт ғасыры» атты көрме ашылды.
Көрмені Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрліктерінің қолдауымен «Халықаралық мәдени орталық» АКЕҰ (Ресей) және Қазақстан халқының рухани даму қоры ұйымдастырды.
Қазақстанда бірінші рет жаңашыл ойлары арқылы Еуропадағы да, Ресейдегі де сурет өнері туралы өз дәуіріндегі дәстүрлі пікірлерді өзгертіп төңкеріс жасаған ресейлік суретшілердің кең көлемді көрмесі ұсынылып отыр.
Ресейлік төрт музей («РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы, Тверь облыстық сурет галереясы, Иванов облыстық көркемсурет музейі, Серпухов тарихи-көркемсурет музейі) суретшілер одағымен бірлесіп Қазақстанда көрсету үшін арнайы жасақталған бірегей жәдігерлердің жинағын ұсынып отыр. Көрмеге ұлттық көркем сурет дәстүрінің төрт жүз жылдық тарихы ашылатын елу автордың тоқсаннан астам жұмысы қойылған. Бұл жерден орыс реалистік мектебі классиктерінің және орыс авангардының әлемге танымал хас шеберлерінің, соцреализмнің жетекші шеберлерінің және өз шығармашылық жолдарын іздеген олардың замандастарының жұмыстарын көруге болады. Кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрлары арқылы Империялық Ресей, Кеңестік Ресей, Ресей Федерациясы сынды Ресей тарихы оқылады.
Көрме 14 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жұма ҚАЗИЕВ