Бірегей рухани орта

0 27

Жыл санап емес, ай санап көркейіп, жайнап келе жатқан бас қалада әсемдігімен көздің жауын алар ғимараттар жетерлік. Соның ішінде көрген адамның есінде қалатын, сәулеті бөлек, нақышы ерек, тұрқы өзгеше, бедері анық бір ғимарат бар. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы.

Кітапхана деген сөздің қадірі де бөлек. Бар білімнің нәрі жиналған киелі орданың мәні мен маңызы да ерекше. Ерте замандарда жалпақ әлемге аты жайылған кітапханалар болған. Соның бірі ретінде, ежелгі Мысыр­да айтулы ғалымдардың ұйтқы болуымен Птолемей әулетінің екі патшасы іргесін қалаған Александрия кітапханасын айт­сақ болады. Мұндай руханият ордасынан қазақ жері де кенде болмаған. Биыл 1150 жылдығын атап өткелі отырған ұлы ғалым, философ әл-Фараби бабамыз негізін салған Отырар кітапханасы – соның бір дәлелі. Осылай көне тарихпен тамырласып жатқан Елбасы кітапханасының мақсаты да елдік мүддені биіктетуге арналған. Жалпы осындай орталық бірқатар елдерде ертеден қалыптасқан. Мәселен, АҚШ-та президенттік кітапханалар желісі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Франция мен тамырымыз бір Түркияда да президенттік кітапхана ашылған. Ал мұндай мекеме посткеңестік кеңістікте Ресей мен Әзербайжанда ғана бар. Дәлірек айтсақ, Ресейде Борис Ельцин орталығы, ал Әзербайжанның Баку және Нахичеван қаласында ел президенті болған Гейдар Әлиевтің мәдени орталығы, музейі және қоры жұмыс істейді.
Біз әңгімелеп отырған орталық ҚР Президентінің Жарлығымен 2014 жылғы 13 наурызда Тұңғыш Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Елбасының идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету бағытында құрылған. Бір сөзбен айтқанда, ол кітапхананың, архивтің, музейдің, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады.
Кітапхананың көркем бейнесі елордамызға ерекше көрік беріп тұр. Оны есімі жер жүзіне мәлім, британдық архитектор Норман Фостердің жобасымен тұрғызылған. Атақты сәулетшінің ең жиі ауызға алынатын бейресми атағы – «хай-тек» королі. Мәскеуден 2000 жылы шыққан «Жүз ұлы архитектор» атты жинағындағы Фостер туралы мақалада хай-текке «технологияның эстендірілуі» деген анықтама берілген. Бүгінде хай-тектің классигі деп даусыз мойындалған Фостердің жобалары осы анықтамаға дәл келеді. Міне, осындай талантты тұлғаның қолынан шыққан бірегей ғимарат аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейді. Сәулетшінің ойы бойынша оның қайталанбас сыртқы келбеті еліміздің өміршең қуатын білдіреді.
Жалпы, бұл нысанның бастапқы идеясын Елбасының өзі берген. Сыртқы пішіні көкке ұмтылған Қазақстанның болашағын білдірсе, ал ғимараттың ішкі құрылымы алыс сапарға аттанған алып кемеге ұқсайды.
Сырты мен ішкі әлемі үйлесім тапқан ғимараттың негізгі орталығын атриум құрайды. Оның диаметрі – 26 метр, көлемі 500-ден астам шаршы метрді алады. Осында Елбасының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен халықаралық деңгейдегі конференциялар, көрмелер, түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен бірге Тұңғыш Президенттің отыздан астам тілге тәржімаланған еңбектері арнайы экспозиция­лық тұрғыда қойылған. Мұнда америкалық танымал сәулетші Дотунаның ерекше туындысы орналасқан. Ол – Қазақстанның көк байрағы. Төбеден көк байраққа күн сәулесі түскен кезде жақындап келіп қарасаңыз, одан Президентіміздің, тарихи тұлғаларымыздың және тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген қайраткерлердің, даңқты спортшыларымыздың бейнелерін көресіз. 140 мыңға жуық тарихи мұрағаттар мен деректерді құрайтын Елбасының жеке мұрағаты да осында орында тепкен.
Орталықтағы Тұңғыш Президентке арналған экспозициялардан көп мәлімет алуға болады. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны мен бастамалары туралы, жоғары мемлекеттік наградалары жайында және әртүрлі мемлекет басшыларынан, қоғам қайраткерлері тарту еткен дүниелердің өз тарихы бар.
Елбасының жеке кітапханасы да өте бай. Мұнда әр жылдары ардақты азаматқа сыйға берілген және оның 1960 жылдан жинақталған жеке кітапхана қорындағы кітаптар мен басылымдар сақталған. Оның ішінде Қазақ­станның Тұңғыш Президентіне Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, Елбасына ғарышкер Талғат Мұсабаев сыйлаған ғарыш айлағында болған құран, Қасиетті құрандар топтамасы, Ресей императоры Александр ІІ кітапханасында сақталған Ф.Шлоссердің «Всемирная история» кітабы, 1838 жылы жарық көрген энциклопедиялық лексикон секілді құнды мұраларды айтуға болады.
Елбасының жеке архивінде Тұңғыш Президентіміздің мемлекеттік және қоғамдық қызметіне байланысты 120 мыңнан астам архив құжаттары, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар жинақталған. Елбасының өмірі мен қызметінің басты кезеңдері туралы жеке сипаттағы құжаттар аса құндылығымен ерекшеленеді.
Бүгінде бірегей орталық Елбасының жасампаз идеялары мен еліміздегі жастардың отансүйгіштік рухты ұялату мақсатында жүйелі түрде әлеуметтік-ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Осында еліміздің әр өңірінен келген үздік студенттер мен оқушылар, сондай-ақ педагогтар мен мемлекеттік қызметкерлерге семинар ұйымдастырылып, оқытудан өтеді.
Қорыта келгенде, азат мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы жолында бар күшін сарп еткен Елбасының кітапханасы – ару астананың ғана емес, еліміздің мақтанышы деуге болады.

БІЗ ҮШІН МАҚТАНЫШ

– 2002 жылы Қызылорда облысында медициналық колледжді бітіріп, елордаға осы салада ЖОО-на түсуге келдім. Сөйтіп сол кездегі Астананың медициналық университетінің студенті атандым. 2009 жылы оқуымды аяқтап, еңбек жолымды бас қалада бастадым. Алғаш келгенімде елордамыз енді дамып жатты. Сол жағалау енді-енді ғана бой көтеріп келе жатыр екен. Тіпті «Бәйтерек» монументінің іргесі енді қаланған кез. Содан бергі 18 жыл ішінде ел астанасы адам танымастай өзгеріп, дамыды. Жаңа тұрғын үйлер мен зәулім биік ғимараттар көбейді. Қала халқы үшін демалыс уақытын пайдалы өткізетін көрнекі орындар ашылды. Тұрғындар қолайлылығы үшін көп нәрсе жасалды. Қазір менің жастығымның куәсі болған елорда әлемнің дамыған елдерінің астаналарымен тең дәрежеде өркендеп келе жатқаны – біз үшін мақтаныш. Сонымен қатар елорданың медицина саласы да дамып, көптеген жаңа емдеу орындары іске қосылды. Бірнеше емханалар, онкологиялық орталық, реанимация салынды. Соңғы екі жылда №3 қалалық үлкен аурухана жұмысын бастады.
Жылда елорданың туған күнін халық болып думандатып атап өтетін едік. Алайда қазіргі коронавирус пандемиясы біздің өмірімізге көп өзгеріс енгізіп, соның ішінде медицина саласына ерекше күш түсіп тұр. Бұл індетті елдің басына келген қасірет деп айтсақ та болады. Ауру күш алып, халық арасында көп таралуда. Сондықтан бізге зор жауапкершілік артылып отыр. Аурудың одан әрі таралуының алдын алу үшін барлық шараны жасап жатырмыз. Мен өз әріптес­терімнің осы індетпен күрес­тегі жанкешті әрекеттеріне басымды иемін.
Барша қазақ елін, елордалықтарды Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бас қаламыз одан әрі гүлденіп, көркейе берсін, елімізде, әлемде тыныштық болсын!

Гүлназ Жомартқызы, №10 қалалық емхананың терапия бөлімшесінің
меңгерушісі:

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − eight =