Бірегей орталықты аралады

0 25

Нұр-Сұлтандағы №1 көпбейінді қалалық ауруханасындағы эфферентті терапия және бағдарламаланған гемодиализ орталығы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін кез келген қазақ­стандыққа қызмет көрсетуге әзір. Бұған аталған орталықтың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуы мен кадрлық әлеуеті толықтай жетеді. Мұны Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезекті сессиясы қарсаңында халық қалаулыларымен денсаулық сақтау нысандарымен танысу кезінде байқадық.

1 қалалық аурухананың базасында қызмет көрсетуді бастаған орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жұмыс істейді. Қазір орталықта 106 науқас ем-дом алады. Оларды емдеу-сауықтыру шараларына жоғары білікті дәрігерлер тартылған.
– Біздің орталық – қаладағы ауруханалардың негізінен нефрология бөліміне түскен науқастарға көмек көрсететін бірден-бір ұйым. Сондай-ақ емханалар арқылы жоспарлау емдеуге жатқызылғандар да келіп жатады. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 16 төсек-орын бар. Стационарда науқастар нефролог дәрігерлермен бірге реанимотолог, анестезиолог сынды мамандардың да бақылауында болады. 2 төсек-орын реанимациялық жағдайға арналған. Сондай-ақ орталықта амбулаториялық жағдайда емделуге арналған 25 орын бар. Амбулаториялық емделуге көбіне гемодиализ алатын науқастар келеді. Бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастардың ауруын гемодиализ арқылы жеңілдетуге болады. Олар емнің бұл түрін бүйрек трансплантациясына дейін қабылдайды. Тіпті кейде сапалы жасалған гемодиализдің арқасында науқастар бүйрек трансплантациясынан бас тартады. Гемодиализ процедурасы 4 сағатқа созылады. Науқастар мұнда аптасына 3 рет келіп гемодиализ алып тұрады. Сондай-ақ қажетіне қарай қаладағы басқа ауруханаларға бүйрек жетіспеушілігінің салдарынан ауыр жағдайда түскен науқастарға барып, арнайы қондырғылармен емдеу-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Республикалық санитарлық авиациямен келісімшарт негізінде Қазақстанның барлық өңіріне барып, науқастарды емдейміз. Коронавирустық инфекция­ның таралу қаупі жоғары өңірлерде жұмыс істеуге де мүмкіндігіміз бар. Осы дертке шалдыққан, әрі бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға көмек көрсетіледі. Орталық соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Германияның жетекші медициналық компаниясымен әріптестік байланыс жолға қойылды. Олар бізге заманауи медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп береді. Бізде науқастарға мемлекеттік-жекеменшік жобасы аясында тегін қызмет көрсетіледі, – дейді орталық жетекшісі Евгений Иванов.
Қалалық мәслихат депутаттары «Жанұя» медициналық орталығына да барды. Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы елді мекендер мен халық көп шоғырланған ауданның тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсететін орталыққа 10 мыңнан аса адам тіркелген. Оларға емханада көрсетілетін медициналық қызметтің барлық түрі ұсынылады. Жақында орталықтың материалдық-техникалық базасы маммограф мен рентген аппаратымен толықпақ.
– Маммограф аппараты бір-екі күнде іске қосылады. Оның көмегімен әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігін анықтау бойына скрининг жүргіземіз. Ал рентген аппаратын орнату үшін орталықтың жанындағы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ауданда халық көп шоғырланған. Қазір азаматтар үшін қадамдық қолжетімділік қағидасы маңызды. Олар өзі тұратын ауданнан ұзамай сапалы медициналық қызмет алғысы келеді. Жергілікті тұрғындардың бұл сұранысын біз қанағаттандырып келеміз. Алғашында орталықта медициналық есепте 2 мың адам тұрса, қазір нысан 10 мың адамға қызмет көрсетеді. Орталықтың қажеттілігін ескеріп, мемлекет тарапынан ғимараттарды жалға алу шығындарын жауап берсе деген ойымыз бар, – деді орталық директоры Гүлмира Бикетова.
Қалалық мәслихат депутаттары орталықтың қаржылық шығындарын ақылы қызметтер көрсету арқылы өтеу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 8 =