Бірегей ғимарат брендке айналады

0 319

Халықаралық стандарттарға сай заманауи шаһарға айналу үшін қала құрылысы мен сәулетіне қатысты мәселелер шешімін табу керек. Осы ретте белгілі сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Байғұтты ТОРТАЙДЫҢ айтары көп. «Ақорда» резиденциясы мен Жоғарғы сот, Үкімет үйі сынды 50-ге жуық ірі стратегиялық ғимараттардың жобаларына қатысқан яғни сәулет өнерін, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының архитектурасын жете білетін маман ретінде ол қазіргі қала құрылысына қатысты ой-пікірлерін айтты.ТАМАҚ ИСІ МЕН ШАШ ҚИЫНДЫСЫ ЖЕТПЕУ КЕРЕК

– Сіздіңше ғимараттардың тұрғындарға ыңғайлылығы деген не? Елордадағы қала құрылысы сол талаптарға сай келе ме?

– Жалпы қаладағы кез келген ғимарат, әсіресе тұрғын үйлер адам баласына ыңғайлы болу керек. Оған қауіпсіздік жағы да, өртке қарсы жарақтандыру да жатады. Екіншіден, әрине, адамға жайлылық қажет. Қазір үйлердің ең төменгі қабаттары коммерциялық бағытта пайдаланылады. Тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін алдыңғы орынға шығаратын қала үшін бұл кереғар әрекет. Бұл ғимараттың өзіндік құнын қымбаттатады, салу мерзімін ұзартады. Технологиялық талаптар бойынша тұрғын үйдің астында дүкендер, шаштараздар, мейрамханалар мен кафелер және тағы да басқа коммерциялық нысандар болмау керек. Себебі жоғары пәтерлерге қуырылған, күйдірілген тамақтың иісі, шаштараздан ұшқан шаштың қиындысы, музыка дауысы бармауы тиіс. Осылайша тұрғындар құқығы бұзылып жатқанын көбі аңғармайды. Мәселен, адам жұмыстан шаршап пәтеріне келгенде самса мен тоқаш иісі шығып тұрса немесе сіркесі су көтермей тұрғанда у-шу музыканың дауысы естіліп мазасын алса, дүкенге келетін халықтың қозғалысы көбейіп, көліктер жарығы түссе, соның бәрі психологиялық көңіл-күйді бұзады. Үйіңізге келгеннен кейін басқа ештеңеге алаңдамай, демалуыңыз керек.

– Коммерциялық нысанды басқа мақсатта, яғни тек киім немесе кітап сататын дүкен ретінде аш деп талап қойса болмай ма?

– Қала құрылысын жоспарлағанда мүлдем коммерциялық мақсатта пайдалануға рұқсат бермеу керек. Оған рұқсат бергесін әрі қарай қадағалап бақылай алмайды, мынаны аш, мынаны ашпа деп талап ету мүмкін емес. Сосын біздің халық кітап дүкенін ашқаннан гөрі, тамақ дүкені мен кафе ашуға әуес, себебі рухани дүниелерге аса сұраныс жоқ. Енді коммерциялық нысандарға келсек, оларды қайда орналастырамыз? Қала құрылысы бойынша арнайы бір аудан салса, сол шағын ауданның тыныш аймағы болады, одан бөлек қасына жаңағы айтқан дүкен, кафе, шаштараздарды орналастыру үшін арнайы ғимараттар салыну керек.

– Азық-түлік дүкенін ашуға болатын шығар? Ештеңе пісірмейді ғой…

– Оны мүлдем қоюға болмайды. Дүкеннің үй астында болғаны тамағыңды тез әкеле қоюға ыңғайлы шығар. Бірақ нанды жүгіріп барып алып, үйіңізге келгенде, сізден бұрын пәтеріңізге тышқан келіп тұрады. Неге? Егер азық-түлік дүкендері үйден қашықта тұрса, иелері тышқанға қарсы арнайы ультракүлгін дыбыс­тар тарататын сигнализация қояды, сонда оған бірде-бір кеміргіш жәндік жоламайды. Ал мұндай сигнализацияны үй астындағы дүкенге қоя алмайды, себебі жоғарыда адам бар, ультракүлгін сәуле адамға зиян. Мемлекеттік ірі қоймалар қалай күн көреді деп ойлайсыз? Сондай тәсілдер арқылы азық-түлікті сақтайды. Тамақ сақталатын орындарды дәрімен улауға болмайды.

– Жалпы үй астынан коммерциялық нысан ашу бұрын болмаған үрдіс секілді?

– Кеңес өкіметі құлағаннан кейін халықтың әл-­ау­қаты төмендеп, адамдар өз бетімен күн көру үшін бірінші қабаттағы үйлерін шағын кәсіпорындарға айналдырды. Күнкөріс үшін басталған бұл үрдіс кейін қала құрылысы жобасына еніп кетті. Шетелдерде бұлай ашпайды, мүмкін бұрынғы салынған үйлерінде бар шығар. Оның өзінде көбіне тек сән салоны, кітап, сувенир сататын, зияны жоқ дүкендер ашады. Ал бізде бәрі бар. Бір шаштаразда қиылған шаш қиқымы көшеге шығып кетеді, ол адам ағзасына енгесін, өсіп, өнеді.

– Бұл пікіріңізді ұсыныс етіп айтып көрдіңіз бе?

– Мен енді қалалық сәулетшілер кеңесіне мүше емеспін. Қазір зейнеткермін, жеке кәсіпкермін. Сондықтан мұны еш жерде ұсыныс етіп айтпадым. Сөздің шыны керек, бұл құрылысшыларға тиімді. Олар салған кезде астындағы коммерциялық нысандардың өзіндік құнын үстіндегі үйлерге бөліп тастайды. Сөйтіп пәтер құны өзгеріп кетеді. Сонда коммерциялық орындар оларға арзанға шығады. Кейін оны сата ма, жалдай ма, өздері біледі.

– Қазір елордада тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүргізілуде. Солардың ішінде сіз айтқан талаптарға сай келетін үй бар ма?

– Иә, бар. Қарағанды – Астана тас жолының бойында «Кең mart» жақтан «Базис» фирмасы 25 тұрғын үй салып жатыр. Астынан коммерция­лық бағытта нысандар қарас­тырылмайтын таза үйдің өзін ғана 200 га жерге тұрғызуда. Сосын мен айтқандай, қасына жеке бөлек дүкендерге арналған ғимараттар салынады.ҚҰРЫЛЫС ТАЛАПТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ  – ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯН

– Бір қарасаң, үй құрылысы басталып, екінші қарағанда аяқталып жатады. Жүйткіген жылдамдықпен салынып жатқан нысандардың құрылыс технологиялары дұрыс жүргізіле ме?

– Күнде қастарынан өтіп бара жатып көріп жүрміз ғой, құрылыс технологиясының талаптарын бұзып жатқандар көп. Бізде көп адам елемейтін, бірақ тұрғындар денсаулығына орасан зор зиян келтіріп жатқан мәселе – құрылыс компанияларының үй салғанда минплитаны дұрыс қолданбауы. Минплита дегеніміз – үйді жылы ұстау үшін сыр­тын қаптайтын қышыма. Соны олар үй қабырғасына бекітеді, оны бірден жаппай, 1-4 айда зорға жабады. Технологиясы бойынша оны бүгін салсаңыз, кешке дейін бетін сылап, жауып кету керек. Ал минплита сол аралықта ұшады. Сөйтіп адам ағзасына кіреді де, залалын тигізеді. «Алсека» деген жүйе болды. Біз бұрын Кенесары көшесіндегі «7 континент» ғимаратын солай салдық. Сонда минплитаны күндегісін күнде салып, жауып отырдық. Заңдылықтар бұзылып жатқан жерлер көп. Сыртынан ешкім байқамайды, шапшаң салынғанына, сұлулығына қарап елдер алақайлап барып тұрып алады.

– Құрылыс компаниялары неге сіз айтқан жүйемен салмайды? Талаптарын неге орындамайды? Не істеу керек?

– Бұл үшін минплитамен қаптау дегенді алып тастау керек. Мысалы, Кеңес өкіметі кезінде де сол минплита болған, бірақ құрылыс басына оны ешқашан апарғызбайтын. Оны пайдалану үшін біз құзырлы мекемелерге хат жазып біраз жүгіретінбіз. Ал қазір ол еркін айналымға шығып кетті. Адам өміріне зиян екенін ешкім ескеріп жатқан жоқ. Қазір елордада талшықтан тұратын минплиталар ұн сияқты болып кетті. Себебі талшық ішіне ылғал кіреді де, сол қыста қатады, талшықтардың бәрін үзеді, сөйтіп ол талшықтар ұнтаққа айналады. Ұнтақ желмен тарап, адам денесіне кіреді. Минплита зауытта құйылып, дайын бұйым боп келсе дұрыс, ал құрылыс басына әкеп жинау – қате. Себебі құрылыстың басында қатты желден ол ұшады. Сөйтіп қылшықтар ауа құрамында жүре береді, ол былай қарасаң, таза әйнек. Кейде адамның денесі содан қышып жүреді.

– Бүкіл құрылысқа тән бе ол?

– Иә, бәріне тән деуге болады. Мысалы, шетелдің технологиясын біздің құрылысқа әкелгенде ең маңызды дүние­сін сатып алады да, соған керекті қосалқы заттарын алмайды. Мәселен, профлист деген материалдың 1 шаршы метрі шамамен 2 мың теңге тұрады. Ал соны бекітіп, жапсыратын дүниелері одан да қымбатқа шығады. Сонда құрылысшылардың көбі пендешілікпен арнайы бекітетін дүниелерін сатып алудың орнына, оны шегемен, балғамен, ағашпен қағып кетеді. Осылайша құрылыс технологиясы бұзылып отыр.

– Тортай әулеті сәулетшілер отбасы деген атаққа ие. Қазір балаларыңыз да сіздің жолыңызды жалғап жатыр екен….

– Иә, шүкір, 3 ұл, 2 қызым бар. Түгел сәулетші. Әрқайсысының өз фирмасы бар. Бір жұмысты бірге істейтін кездер болады. Жеке-жеке жобаға да кірісе береді. Соларға ақыл-кеңесімді айтып, бағыттап отырамын. Бірақ бүгінде жастардың ақылы біздерден басым, өздеріне жетеді, қайта кей тұста олардан біздің үйренеріміз де көп.

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ЖОБАЛАР КЕРЕК

– Балаларыңыз да сіз сияқты ірі жобаларды жасауға шығармашылық жағынан қабілетті ме?

– Иә, әрине, үлкен ауруханалар жобаларын алады. Мысалы, олар жақында Президент ауруханасы жанынан салынатын ядролық орталық жобасын сызды. Ол – онкологиялық ауруларды емдеуге препараттар дайындайтын жер. Негізі қатерлі ісікке қарсы препараттарды тасымалдауға, алып жүруге болмайды. Оны бірден дайындап, сол жерден науқас адамның денесіне енгізу керек. Ондай ғимараттардың іші мүлдем басқаша, күрделі болады.

– Көпке созылған Әбу-Даби ғимараты туралы не айтасыз?

– Шынында, бұл нысанның ашылуы біз үшін қуанышты жаңалық деп айтылады. Бірақ мемлекеттік нышан ретінде көрсететіндей өзіндік бір ерекшелігі жоқ. Төрт бұрышты призма ғана болды. Сосын биіктігімен ғана алады. Архитектурасына кішкене ақша бөліп, ақыры салғасын ұлттық нышанда элементтер қосса қатып кетер еді. Бастапқыда жақсы нұсқалар болған. Соны ықшамдай келе бүгінгісін қабылдады. Мәселен, Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйі астықтың дәні сияқты формасымен ерекшеленіп, ТМД аумағында ең ерекше архитектуралық нысандар қатарына кірді.

– Қазір адам таңқаларлықтай ғимараттар деп қай нысанды атар едіңіз?

– Ондай ғимараттар саусақпен санарлық. Бұрынғылардың ішінен Ақорда ғимаратын атауға болады. Оның ерекшелігі неде? Сыртынан қарасаңыз, төрт бұрышты, ішіне кірсеңіз, 30-да 60 үлкен кеңістік, ішінде тіреу жоқ, үстінде бес қабат тұр, оның тағы күмбезі бар жоғарыда. Кіріп келгенде тіреусіз салынғанын көріп таң қалып қаласыз. Соны бірнеше авторлар идеямызды біріктіріп, жобасын екі жылда сызып, жасап бердік.

– Сәулет, құрылыс саласында білім алу жолында не өзгерді? Архитектор болу оңай ма қазір?

– Біз оқыған кезде басты құралымыз білім және қалам болатын. Архитектура саласындағы адамның бәрінде 3D модель басында, миында еді. Қазір соны компьютерде жасап шығара білу керек. Демек бүгінгі талап – біліммен қоса компьютерлік бағдарламаны да жетік меңгеру. Онсыз өз ойыңызды жүзеге асыра алмайсыз. Жалпы архитектура мамандығын толық меңгеру үшін сызу мен сурет салудан бөлек геология, геодезия, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қала құрылысына қатысты салаларды толық оқытады. Архитектура екіге бөлінеді: көлемді жобалау және қала құрылысын жобалау. Өнерде ән мен сөзі үйлессе әдемі туынды шығады, ал мұнда шығармашылық білім мен құрылыс прогресін білсеңіз, үйлесімді дүние болады. Сәулетші өте мәртебелі мамандық десем болады, оған жастар көп барады. Тыныш жерде отырып істейтін, қыз балалар үшін де қолайлы жұмыс. Оны мен өз қыздарымнан да көріп жүрмін. Бәрін бірден үйренем, жылдам қол жеткізем деу – бекер сөз. Қандай салада болмасын адам біртіндеп дамиды. Әуелі жобаны алғанда бір шетінен бастайды. Мысалы, үйдің жоспарын сызады. Сөйтіп коттедж, кафе, мектеп, балабақша, аурухана, емхана деп солай біртіндеп көтеріле береді, тәжірибе жинақтайды. Кейін бір мезетте бірнеше жобамен қатар айналысуға да мүмкіндігі пайда болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 2 =