Бір түбіртек – бірыңғай қазмет

0 148

Бұрын елорда тұрғындары қолдарына бірнеше түбіртекті самсатып ұстап алып, коммуналдық қызмет ақысын төлеп жүруші еді. 2008 жылы Бірыңғай есептеу орталығы жұмысқа кіріскелі қалалықтар газ бен жарықтың төлемінен басқасының бәрін бір түбіртекпен төлейтін болды. Алайда осы бірыңғай қызмет түрі төңірегінде жұртшылықты толғандырған мәселе аз емес. Осы жөнінде  «Астана-Бірыңғай есептеу орталығы»  ЖШС бас директорының орынбасары Тимур Есенгелдинмен әңгімелескен едік.

Мұндай тәжірибе Астанада ғана бар

–Тимур Бітімбайұлы, коммуналдық қызметтердің төлемін бір түбіртекке біріктіру тәжірибесі Астанада ғана бар деп естиміз. Тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында 2008 жылы құрылған Бірыңғай есептеу орталығы бес жыл ішінде өзін қаншалықты ақтады? Сапаны жақсартуға үлесін қоса алды ма?
– Бірыңғай есептеу орталығының басты мақсаты – бірыңғай абоненттік және бақылау қызметін орнату, коммуналдық қызметтердің барлығын бір түбіртікке енгізу арқылы тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау. Орталық бес жыл ішінде әжептәуір тәжірибе жинақтап үлгерді. Бүгінде еліміздің өзге өңірлерінен арнайы ат ізін салып, орталықтың жұмысымен танысқысы келетіндер көп. Мұның өзі қызметіміздің халыққа тиімді екендігін аңғартса керек. Расымен де коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлемдердің барлығы бір түбіртекке жинақталуы – тұрғындарға өте тиімді. Олар уақытын ғана емес, қаржысын да үнемдейді, яғни, банкке бір түбіртекке ғана комиссия төлейді. Ал, егер Бірыңғай есептеу орталығы болмаған жағдайда әрбір коммуналдық кәсіпорын өзінің жеке түбіртегін басып шығаруға, оны тұтынушыларға жеткізуге, содан кейін өңдеуге мәжбүр болады. Қосымша шығынды талап ететін бұл қызметтер тұрғындардың да қалтасына салмақ түсірген болар еді. Ал қазір жеке шоттар жүргізу, шот-түбіртектерді қалыптастыру, басып шығару және жеткізу, төлемдерді өңдеу, екінші деңгейдегі банктер арқылы төлемдер қабылдауды қамтамасыз ету, тұтынушылардың есептеулері, төлемдері, берешектері туралы шұғыл мәліметтерді ұсыну, жабдықтаушылар мен тұтынушылар арасындағы абоненттік қызметті ұйымдастыру сынды шаруалар – біздің мойнымызда.

Алғашында түбіртегімізде коммуналдық қызметтің бірнеше түрі ғана болса, қазір оған телефон, спутниктік телевидение, интернет, су, кәріз, қоқыс шығару, ПИК төлемдері қосылды. Бірыңғай түбіртек арқылы жыл сайын салық төлеуге де мүмкіндік бар. Бүгінде біз 180-нен астам дербес шотпен және 150-ге жуық коммуналдық қызметті жеткізуші компаниялармен жұмыс істейміз. Орталығымызда 230 адам қызмет көрсетеді.

Келісімге келу керек

–Ал Бірыңғай есептеу орталығының түбіртегіне «Астанаэнергосбыт» төлемдері мен орталық газбен жабдықтау қызметі қашан кіреді?
–Иә, бұл мәселемен тұрғындар бізге жиі хабарласады. Былтыр «Бірыңғай есептеу орталығы» ЖШС мен «Астанаэнергосбыт» ЖШС өзара бірлесіп, жарық пен жылудың төлемдерін бірыңғай түбіртікке енгізуге байланысты пилоттық жобаны жүзеге асырды. Қаладағы 8 мыңға жуық пәтерді тәжірибе ретінде алдық. Тұрғындар барлық коммуналдық қызметтерді, оның ішінде жарық пен жылуды бір түбіртекпен төлеп, оның пайдасын жарты жыл бойы көрді. Белгіленген мерзім өткенде жоба қай жағынан да тиімді тәсіл екендігін танытты. Біз өз тарапымыздан жобаны әрі қарай жалғастырып, жылу мен жарықты бір түбіртекке енгізуге дайынбыз. «Астанаэнергосбыт» ЖШС да тұрғындардың өтінішін ескерусіз қалдырмайтынына сенеміз. Ал орталық газбен жабдықтау кәсіпорны келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әрі қарай қалай шешілетінін уақыт көрсетеді.

Айына – 50 мың телефон қоңырауы

–Кейде ыстық және суық судың көрсеткіштерін беруге «Астана-Бірыңғай орталығына» хабарласып, телефонды алдыра алмайтын кездеріміз болады…
–Мұндай жағдайлар кездесетіні рас. Бұрын бізде жалғыз call-орталық болды. Телефоны: 707-444. Бұл орталық таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді. Осында ауысыммен жұмыс істейтін 24 оператордың өзі жеткіліксіз болған соң, биыл ақпан айынан бастап, тағы бір call-орталықты іске қостық. Телефоны: 999-633.

Осы орталықтардың әрқайсысы айына 50 мыңнан астам телефон қоңырауын қабылдайды. Ал штаттағы 90 бақылаушының әрқайсысы күніне 3 мыңға жуық пәтерге көрсеткіштерді алуға барады. Бұған қоса, тұтынушылардың өтініштерін қабылдайтын электронды пошталарымыз да бар. Мысалы, kontroler@aerc.kz мекен-жайына хабарлама қалдыру арқылы бақылаушыны үйге шақыруға болады, pokazanie@aerc.kz электронды поштасына су есептегіш қондырғысының көрсеткіштерін жіберуге мүмкіндік бар. Ол үшін аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді, дербес шотыңыз бен мекен-жайыңызды анық көрсетуіңіз керек. Ал есептеу құрылғысына пломба қойғызу үшін vodomer@aerc.kz поштасына хабарлама қалдырсаңыз жеткілікті.

Жалпы, суық және ыстық судың көрсеткіштерін әр айдың 10-нан 31-не дейін қабылдайтынымызды естеріңізге салғым келеді.

Үш жыл сақтау керек

– Бірыңғай есептеу орта­лығының қанша абоненттік бөлімшелері бар? Болашақта олардың санын көбейту жоспарда бар ма?
– Бүгінде Отырар, 5, Бөгенбай, 50(бұрын – 20), 2-шағын ауданы, 6-үй, 13-магистральдағы «Рахмет» сауда үйі мекен-жайларында абоненттік бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Жақында Есілдің сол жағалауынан Сауран 7б мекен-жайында тағы бір бөлімше аштық. Болашақта «Көктал – 1», «Көктал – 2» тұрғын алаптарында абоненттік учаске ашуды жоспарлап отырмыз.

– Коммуналдық төлемдерге қатысты даулы мәселелер туындамай тұрмайды. Ондай кезде мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін түбіртегімізді алып жетеміз. Осыны ескерген кейбір тұрғындар түбіртектерін қаттап жинап қояды. Жалпы түбіртекті қанша уақытқа дейін сақтаған дұрыс?
– Негізі, коммуналдық төлемдер түбіртегін бірден лақтыра салуға болмайды. Өзіңіз айтқандай, қандай да бір даулы мәселелер туындағанда бұл дәйекті құжат болып табылады. Еліміздің «Азаматтық Кодексі» бойынша, адам құқының бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылу мерзімі деген бар. Оның уақыты – 3 жыл. Демек, түбіртекті де мүмкіндігінше 3 жылға дейін сақтап қойған абзал.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 9 =