Бір қолын Курск шайқасында қалдырды

0 56

Ұлы Отан соғысының ардагері Мәншәріп ­Найзабайұлы атамыздың кіндігінен бес ұл, бес қыз өрбіді. Майдангер ұрпағы бүгінде тамырын тереңге жайып, үлкен әулетке айналды.Менің атам Мәншәріп 1904 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақсу ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Әкесі Найзабай сауда-саттық жұмысымен Ташкент-Түркістан қалаларын түйемен аралап жүрген кезінде салқын тигізіп, сол дерттен өмірден озады. Атамыз ол кезде 15 жаста ғана еді. Бозбала кезінде әкеден айырылып, жетімдіктің кермек дәмін ерте татып, есейеді. Жалғыз інісі Шарафадинге бас-көз болады. Ауыл молдасынан дәріс алып, кейін төте жазуды меңгеріп, 5 кластық білім алады. Ержету қарсаңында Кеңес өкіметі орнап, елді колхоздандыру жұмысы басталады. Жігіт болған Мәншәріп пен Шарафадин ойланбастан колхозға мүше болып кіреді. Атам колхоздың жұмысымен айналысса, інісі Шарафадин «Комсомол», «Қызыл отау» жұмыстарымен айналысады.
1937-1938 жылдардағы Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан інісі Шарафадинге жала жабылып, қуғын-сүргін құрбаны болады.
Мәншәріп атам көрген қиындығы мен қайғысын ұмыту мақсатында колхоздың жұмысына ерте кетіп, кеш келуді әдетке айналдырады. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. 1942 жылы жұрт қатарлы майданға аттанады.
Мәншәріп Найзабайұлы Курск қаласы №78 атқыштар полкінде майданға араласып, 1943 жылы ауыр жараланып, бір қолын майданда қалдырып, елге оралады. «Германияны жеңгені үшін» медалімен, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Атам 1951 жылы Сталин атындағы колхозда ферма меңгерушісі қызметін атқарған. Осы жылдардан бастап колхозда егін мен мал шаруашылығы қарқынды дами бастаған. Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі Мәншәріп Найзабайұлы мал шаруашылығына өзіндік үлесін қосып, алғаш рет жылқы сауып, сүтін елге таратуға өзі мұрындық болған. Колхоз орталығынан қымыз сататын дүңгіршек ашуды ұйымдастырған. Бұл бастама аудан басшылығы мен халқынан үлкен қолдау тап­қан. Атамыз 24 жыл жалғыз қолымен жылқы бақты.
Атамыз жай шаруа болса да, әділдігі мен турашыл мінезімен, үлкенге құрмет жасап, кішіге қамқор бола білген қабілетімен ел ақсақалы атанып, абырой биігінен көрінді. Елін сыйлай білді, елі де оған лайықты құрмет, қамқорлық көрсетті.
Соғыс ардагері, еңбек ардагері атанып, бүкіл ғұмырын туған ауылының өркендеуіне арнаған атамыздың ұлдары Жақсыбек пен Батырбек әкелерім аудан басшылығында болды. Оларға еңбексүйгіштік, еңбекқорлық атамыздың қанымен сіңді.
Әлі есімде, бала кезімізде демалыс күндері барлығымыз атамыз тұратын үлкен қара шаңыраққа жиналатынбыз. Үйдің алдында «Бұл үйде соғыс ардагері тұрады» деген жазу ілініп тұрды. Мен соны көрген сайын «Менің атам жауынгер!» деген ерекше мақтаныш сезімде болатынмын.
Үйге кіріп, немерелері кезек-кезек амандасамыз. Сонда маңдайымыздан иіскеп, сүйіп, «айналайын» деп әрқайсымыз­дың атымызды атап, балаша қуа­натын. Ал келіндері болса бар тәтті-жұмсақты атамыздың алдына тосып жататын. Немерелері таласып, атамыздың қолына су құятынбыз. Сосын бәріміз мәре-сәре боп дастарқанға отыратынбыз. Біз ол кезде 7-8 жасар бала болсақ та, майдан даласында соғысқан атамыздың жанарына мақтанышпен қарайтынбыз. Бір қолын сұрапыл соғыста қалдыр­ған атамыз жалғыз қолымен жылқыны бас білдіретін қара күштің иесі еді. Түздің, үйдің бар шаруасын өзі жасай беретін. Ауылшаруашылық саласына бар ғұмырын арнаған адам. Өмірінің соңғы күніне дейін балаларына «ауызбіршілікте болыңдар» деп айтып кетті.
Дәмеш әжеміз ажарлы келген, аққұба жан болатын. Жас кезінде науқастанған әкемізді «Екі рет туған Батырбегім» деп атайтын көрінеді.
Аллаға шүкір, кешегі жауынгердің ұрпағы – бүгінгі таңда әр саладағы білікті мамандар. Олардың бәрі атамыз үйреткен бір ғана қағиданы ұстанады. Бұл – адал еңбектің жемісін жеу, ерінбей еңбек ету.
Бес жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында атамыз туған Ақсу ауылындағы бір көшеге Мәншәріп Найзабаев аты беріліп, әкеміз Батырбек атамыз­дың ғибратты ғұмыры туралы «Сайын даланың сарбазы» атты кітабы жарық көрді.

Гүлмира БАТЫРБЕКҚЫЗЫ,
майдангердің немересі,
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 4 =