Бір өзі – бір мектеп

0 118

2015 жыл басталғанда «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Балдырған», «Ақ желкен» журналдарының басын біріктірген zhasorken.kz сайтының веб-редакторы едім. Әлеуметтік желіден «Айқын» газетінің сайтына журналист іздеп жатқаны жайлы хабарландыруды байқап қалдым. Сайт жұмысы таңсық емес, неде болса үлкен газеттің сайтында бақ сынап көргім келді. Сөйтіп «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің кабинетінің есігін жүрексіне қақтым. Аға жылы қабылдады, неше түрлі сұрақ қойды. Сөзін тәмамдай келе «Сені жұмысқа алмаймын» деді. Менде үн жоқ, бөлмені де үнсіздік басты. Біраздан кейін аға: «Сені сайтқа жұмысқа алмаймын. Газетке шолушы болып келсең қайтеді?» деді. Үзілген дем қайта жалғанды. Ұзамай сайтқа барам деген дәмем жайына қалып, газеттің қара жұмысына қайта қойып кеттім.Қызығы, Нұртөре аға мені экономика бөліміне бағыттап жіберді. Бұрын мәдениет, руханият, әлеумет тақырыптарын ғана төңіректеп келген мен қаржы мәселесін қозғауға келгенде қипақтадым да қалдым. Нұрағаның шешімі солай болса, қайдан қарсылық болсын?! Амалсыз экономика бөлімінің қозғайтын тақырыптарын тереңірек таразылау­ға, білмейтін дүниелерді меңгеруге тура келді. Нұртөре ағамның не үшін қаржының қазанына салып жібергенін кейін түсіндім. Сол кездегі тәжірибе, сол уақыттағы шеккен қиындықтың қазір пайдасын көріп келемін.
Нұраға редакцияда бәрімізді әбден пісірді. Әсіресе жазамын деген жастарға мол мүмкіндік берді. Нұртөре Жүсіптің талапшылдығы мені де тарихи, танымдық тың тақырыптарды қозғауға, көне көмбені ақтаруға, көміліп қалған талай қазынаны аршуға, былайғы жұрт біле бермейтін боздақтар мен тау тұлғаларды тірілтуге итермеледі. Соның арқасында «Айқында» екі кітапқа жүк болар зерттеу мақалалар жазыппын. Әр мақаланы жазарда «мұны бас редактор қалай қабылдар екен» деген жауапкершілік жүгі тұрды. Нұртөре ағамыз журналис­тердің ешбіріне мақаласы үшін мақтау айтқан емес. Жиындарда «дұрыс болыпты», «жөн екен» деп қана қысқа қайырды. Алайда мақалаңның ол кісіге ұнағанын білудің бір жолы бар: жазғаныңа риза болса, амандасқанда қолыңды сәл қысыңқырайды. Мақалам кәдеге жараған екен ғой деп марқайып қаласың.
Иә, маған да Нұрағаңның шарапаты молынан тиді. «Айқында» алдымен шолушы, кейін жауапты хатшы, одан әрі бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейін жоғарылатты. Шынымды айтайын, өзінің орынбасары етіп бекіткен кезде бұл қызметтің асқан жауапкершілігін сезінгенім сонша, алғашқы үш күнде ас батпай, үш түнім ұйқысыз өтті. Себебі белгілі, еліміздегі мықты медиаменеджер, тәуелсіз бас редактордың сенімін ақтай аламын ба деген қорқыныш сананы тұмшалап алды. Оның үстіне ол кезде «Айқында» мүйізі қарағайдай қазақ журналистикасының марғасқалары қызмет істейді, ал менің отызға аяғым енді ілінген кез. Алайда Нұрағаң босаңсуға мүмкіндік бермеді.
Редакция болғасын түрлі мәселелер туындайтыны белгілі, құрылтайшының түрлі талабы, ескертуі болады. Оның бәрі де газет жұмысын ауырлатып жібереді. Сондай сәттерде Нұртөре ағаның алдына барғанда «өзің қалай істер едің?» деп барып, барынша мәселені өзің шешуге баулитын. Уақытында соның бәрі салмақ салғанымен, қазір ағаның сол кездегі талапшылдығы бізді шыңдау, қайрау үшін істелгенін шын түсіндік.
Нұртөре аға қай кезде де кеңесін айтып отырады. Бұрыннан айтып келе жатқан мынадай тәмсілі бар. Үш нәрсеге тереңдемеу керек дейді: суға, тарихқа, дінге. Оның себебін былай түсіндіреді: Дін мен тарих мәселесіне неғұрлым тереңдеген сайын түйткілді тұстар көбейеді. Соңы дау-дамайға әкеп соқтырады. Бұлардың түбіне жету қиын. Сондықтан өнбейтін даулы тақырыптарға басты қатырғанша өнетін іспен айналысу керек. Ал суға тереңдеген адам суға кетіп қалуы мүмкін. Осыны жиі қаперге салады.
Өз басым қазақ журналистикасының қара нарлары қатарында Нұртөре Жүсіптің есімі ерекше деп білемін. Қазақ баспасөзіндегі қаламы жүйрік журналист, мықты медиаменеджер де – осы Нұрағаң. Еңбек жолын бастаған Павлодар облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы»), республикалық «Егемен Қазақстан» басылымдары арқылы журналистикадағы кірпішін қалап, оқырмандарға Нұртөре Жүсіп деген есімді таныстырды. «Егемен Қазақстанда» қызмет еткен жылдары көптеген күрмеулі мәселелерді көтеріп, шешімін табуына әсер етті. Оны айтамыз, қазіргі таңда бүкіл халықтың қолданысында жүрген көптеген термин сөздерді айналымға енгізді. Атап айтқанда, бүгінде баршамыз қолданып келе жатқан «нарық» терминін «Егемен Қазақстанның» экономика бөлімінде қызмет етіп жүрген кезінде Нұрағаң енгізгенін біреу білсе, біреу білмейді. Осылайша бұған дейін қолданылып келген «рынок» терминін тысқа ысырып, қазақ тілінің қолданыс аясын арттырған болатын. «Тазалық – тілден! Тілді журналистер таза қолданбаса, былайғы жалпақ жұрттан не сұрайсыз? Қазір қазақ тілін таза сақтап тұрған – тасқа басылатын газет-журналдар мен кітаптар ғана» деп пікірі оның қазақ тілінің шын жанашыры екенін айғақтай түседі.
Ұлттық журналистиканың туын жықпау – Нұртөре ағаның ұлы мұраты. «Қазақтілді журналистика – жауыққан, өшіккен, қатыгез журналис­тика емес, ол сұрқия сөз айтпайды. Ұлттық журналистика – ұстамды журналистика» деп, қазақтілді журналистика қазақ тілін қолданатындар қатарын ұлғайтып келе жатқанын, сондықтан қазақ басылымдарының қалғып-мүлгуге қақысы жоқ екенін, ұлттық басылымдар ұлт дәрумені, ұлттың иммунитеті екенін үнемі еске салып отырады.
Нұрағаңның жүйрік журналистігі бір төбе болса, редакторлығы, бүгінгінің тілімен айтқанда, медиаменеджерлігі – бір төбе. Себебі қай газеттің тізгінін ұстаса да сол басылымның бағын жандырды. Ол басқарған «Жас Алаш», «Ақ жол Қазақстан», «Астана ақшамы», «Айқын» газеттері ақпарат айдынында еркін жүзген, қоғамға ықпал еткен, ұлттың ұстаханасына айналған қарымды басылымдарға айналды. «Жас Алаш» газетін басқарған жылдары күн са­йын таңда Ақордадан бастап, бүкіл ауылға дейін «Бүгін «Жас Алаш» не жазды екен?» деп елеңдеп отыратын жағдайға жеткізді. Нұртөре аға қазақ журналистикасына осындай сілкініс әкеліп, сөз бостандығының тынысын кеңітті. Соның арқасында қоғамда сілкініс болып, түрлі түйткілдердің шешілуіне түрткі болды. Билікті қазақ журналистикасымен санасатын, газет мақалаларын басшылыққа алатын дәрежеге жеткізді. Содан болар, заманның заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин «Қазақ журналистері қазақ жазушыларының алдын орап кетті» деген пікір айтты. Мағауиннің бұл сөзі Нұртөре Жүсіп секілді қазақ журналистикасының туын биік көтерген жігерді де жүректі тілшілерге берілген оң баға болатын.
Нұрағаң өзі басшылық еткен басылымдардың бәрінде шығармашылық жұмысты үйлестірумен қатар, менеджмент пен маркетингті арттыруға күш салды. Редакцияда алдымен журналистердің шығармашылық жағдайын жасау маңызды. Содан кейін тілшіге керегі – материалдық жағдайының дұрыстығы. Нұрағаң екеуінің де ебін тапты, тілшілердің жан сарайына үңіліп, оларға шығармашылық еркіндік беріп, бойында жасырынған бұла күшін байқатуына түрткі болды. Шынында, ол басшылық еткен басылымдардың тілшілері бүгінде қазақ журналистикасының нағыз нар тұлғаларына айналды.
Сенат депутаты болғанға дейін «Айқын» газетін он жылдан астам уақыт басқарып, газетті белді басылымға айналдырды. Бізге, әріптестеріне қай кезде де бірінші болуды үлгі етті. Мәселені бірінші болып жазу маңызды екенін, межеге бірінші болып жету қажеттігін үнемі еске салып келеді. Бірінші дегеннен шығады, «Айқын» газеті жыл сайын беріліп келе жатқан «Үркер» ұлттық сыйлығын «Жылдың үздік басылымы» аталымы бойынша бірінші болып алды. Бұл да болса Нұртөре Жүсіптің қажырлы еңбегінің қарымтасы деп білеміз.
Нұрағаның былайғы жұрт біле бермейтін бір қасиеті бар. Ол – қағазға деген құнттылығы. Ағаның сонау 90-жылдары «Егемен Қазақстанда» қатардағы тілші болып жүрген кездегі «летучкаларда» түртіп отырған қойын дәптерлерін әлі күнге сақтап, сол жиындарда айтылған Әбіш, Шерхан ағалардың ескертпе, тапсырмаларын қажетіне жаратып келе жатқанын көргенде тамсанбасқа амалың қалмайды. Ескі күндердің естелігіне айналған сарғайған парақтарға дейін сақтап жүргенін көргенде құнттылық деген кез келген адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиет екен ғой деп бағамдайсың.
Нұрағаңның біз қызығатын тағы бір қасиеті – тақырыпты ойнатып жіберетін қабілеті. Басуға кеткелі тұрған газет беттерін түгел қарап, мақалалардың солғын тартып тұрған тақырыбын күшейтіп жібереді. Сондай бір тақырыпты «Дүние дидарындағы Димаш» деп дамытты, бұл осы тақырыпты кейін көптеген басылымдар мен сайттар қолданды.
Нұрағаң мақаланы тез жазады. Компьютердің клавиатурасына саусағы тисе болғаны, ойға алған тақырыбын дереу жазып тастайды. Таңдаған тақырыбын миында қорытып жүреді де бір отырғанда сартылдатып жаза қояды. Сосын мақаласын нөмірге бірінші болып ұсынатыны тағы бар. Осы қасиеттерімен редакциядағы журналис­тердің бәріне үлгі болды. «Ұлттық мәселелердің ұсақ-түйегі жоқ» деген ұстанымға нық бекіп, қай мақаласын жазса да елдің, мемлекеттің мәселесін алдыңғы орынға қойды.
«Айқында» жүргенде күн сайын әр нөмірге бас редактор бағанын дайындады. Күн сайын бағанға арнап мақала жазу оңай дүние емес. Оған тақырып табу керек, табылған тақырыпты талдап-таразылап, тиісті ұсыныс-пікір айту қажет. Нұрағаң мұның ешбірін қиындық көрмеді. Күнделікті көз көріп жүрген, қоғамда болып жатқан түрлі толғаныстар мен құбылыстарды қаламына арқау етті. Не жазса да көзқарасын ашық білдірді. Азаматтық көзқарасын ашық айтып, оқырмандарға ой салды, осылайша ұлт ұпайын түгендеді.
Бас редактор бағанында көтерген күрделі мәселелердің тиісті шешімін тауып, ел игілігіне жұмсалуы жолында да қайрат-жігерін аямайды. Мәселен, бүгінгі таңда қаншама отбасының үйлі болуына, басқа да мұқтаждықтарынан құтылуына сеп болған зейнетақы қорындағы жинақ ақшасының белгілі бір бөлігін тұрмыс-тіршілігінде қолдану туралы ұсынысты Нұрағаң осы бас редактор бағанында көтерген еді. Тағы бір бағанында Нұрағаң «Бас қаланың коды басқаша болады» деген тақырыпты қаузады. Бас қаланың коды баяғы Целиноград қаласының қысқартылған атауы TSE болып белгіленіп келе жатқанын, елордамыздың бой көтергеніне қалшама жыл өтсе де, халықаралық код еш өзгеріссіз қалғанын көтерді. Бертінде бұл мәселе де шешімін тауып, елорданың қолданыстағы үш әріптік коды NQZ болып өзгерді.
Латын қарпіне көшу жайлы әңгіме әлі қозғала қоймаған уақытта Нұртөре аға әлеуметтік желілердегі жазбаларын латын қарпімен жазды. Мұның себебін сұрағанымызда «болашақта бәріміз осы жазуға көшеміз» деп түсіндірді. Шынында, қазіргі уақытта латын қарпіне көшу мәселесі күн тәртібінде тұр. Міне, ағамыздың алысты болжайтын осындай қасиеті де қайран қалдыр­май қоймайды.
Нұртөре ағаның мақаланы оқылымды етіп ұсынатыны, ондыққа дәл тигізіп жазатыны, қарапайым деректердің өзін шебер ширататыны сондай, көптеген мақалалары бүкiл жұртқа қоғамдық пiкiр қалыптастырып, биліктің құлағына жетіп, ол кісінің көтерген мәселе қадағалауға алынып, көпшілігі оң шешімін тапты. Ағаның осы қасиеті әлі де қалмай келеді. Сенат қабырғасында көтерген депутаттық сауалдары қоғамда жылы қабылданып, биліктің назарына ілігіп жатқаны – соның айғағы.
Журналистика – алдыңғы буын ағалар айтқандай, мылтықсыз майдан. Мұндай майдандағы тілшінің сенімді қаруы – қуатты қаламы. Нұрағаңның қаламға серт бергені, мәртебелі мамандыққа деген құштарлығы сонша, қазір де қаламын құрғатқан емес. Арагідік басылымдарға ойлы мақалалар жазып, оқырманға қозғау салып, ұлтына қалтқысыз қызмет етіп келеді. «Ұлтқа қызмет етудің екінші қыры – ұлтты сүю. Осы күні ұлтын сүйген адамға ұлтшыл деп айып таға салады. Ұлтшыл деген сөзден қашып, ұлтжанды деген ұғым енгіздік. Адам итжанды болуы да мүмкін ғой. Ұлтжанды мен итжанды деген сөзді қатар қойсаң, ұлтжанды деген сөздің қадірі кетіп қалады. Кез келген ұлтқа тиесілі азамат ұлтын сүймей тұра алмайды деп ойлаймын. Оған қызмет ету деген не? Ең бірінші – ұлт алдындағы адалдық. Елге адал болу, жерге адал болу, тілге адал болу, мемлекетке адал болу, ісіңе адал болу – сенің ұлтқа қызметің» деп өзі айтқандай, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Баспасөзде бұрыннан қалыптасқан мектеп деген жақсы үрдіс бар. Жас журналистердің кейбірін тұтас редакция тәрбиеледі, жетілдірді, сөйтіп оның мектебіне айналды. Ал енді бір журналистер үшін бір редактордың өзі бір мектеп болды. Ел білетін Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Жарылқап Бейсенбай. Осы қатарға Нұртөре Жүсіпті де қосар едім. Себебі Нұрағаңның бір өзі – бір мектеп. Нұртөре Жүсіптің мектебінен өту бақытын бұйыртқан тағдырыма ризамын. Бүгін мерейлі алпыс жасқа келген Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор Нұртөре Жүсіпке Алла Тағала екі дүниенің бақ-дәулетін нәсіп еткей!

Серікбол ХАСАН,
«Мұнара» газетінің
бас редакторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − eleven =