Бір дыбыстың рөлі ерекше

0 30

Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді.

Көптеген грамматикалық категория формасы тұлғаларында бар. Мысалы, екінші жақтың жіктік, тәуелдік жалғауларында кездеседі. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты сөз формалары жиілік сөздігін жасағанда, осы екінші жақтың жіктік тәуелдік формасы мен ілік септігінің формасы барлық грамматикалық категориялардың ішінде жиі қолданылатынын анықтаған. Бұл – бір.Екіншіден, қазіргі кезде қазақтілділер арасында, тіпті қазақы ортадан шыққан қазақтілділер арасында «ң» әрпін анық айтпайтындар баршылық. Бұл тенденция қазақ тілі үшін жақсы емес, себебі «ң» дыбысы қазақ тілінде сөздің мағынасын да ажыратады. Мәселен тан – таң, жана – жаңа және сөзді мағынасымен бірге сөздің формасын да ажыратады. Мысалы, барсын – барсың. Міне, Ŋ әрпінің осындай функциясы бар. Міне, осындай сөз мағынасын да, сөз формасы мағынасын да ажырататын дыбысты дұрыс айтпайтын болсақ, қазақ тілінде жазбаша да, ауызша да коммуникация кедергілерге ұшырайды. Сондықтан жаңа әліпбиде Ŋ дыбысына бедерлі, өте айшықты, ерекше таңба алғанды ғалымдар дұрыс деп отыр. Егер Ŋ дыбысына базалық N әрпінің таңбасын алып, оның үстінен қосалқы диакритикалық белгі қоятын болсақ, ертең ауызша сөзде Ŋ дыбысын ажырата алмайтын жұртшылық N әрпінің үстіне қойылатын диакритиканы жазбай кетуі әбден мүмкін. Бұл коммуникацияны қиындатады. Сол себепті ғалымдар Ң дыбысының таңбасына диакритикасы базалық әрпінен бөлек жазылатын таңбаны алмады, керісінше, жазу барысында қол үзбей жазылатын соңғы жағы қайырылып кететін Ŋ таңбасын таңдап алды.
Осы айтылғандарға тағы да қоса кетерлігі, Ŋ таңбасының тағы бір үлкен артықшылығы бар. Ол тарихи себеппен тығыз байланысты. 1929-30 жылдар аралығындағы қазақ-латын әліпбиінде аталған таңба Ң дыбысы үшін қолданылған. Сол кездегі жазу тәжірибесінде бұл таңбада ешқандай қиындық болмағанын тарихтан жақсы білеміз.
Жиілігі жоғары Ң дыбысына диакритикалық Ń таңбасының алынуы әріпүсті қосалқы таңбалардың көбеюіне, соның салдарынан мәтіннің көзшалымға ыңғайсыз­дығына әкеп соғады; Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді, Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң әрпінің кескініне ұқсастығы тез дағдыландырады. Мәселен: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke.

Мадияр ҚАЗЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі
институтының қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =