БІР БӘЙТЕРЕК БҰТАҒЫМЫЗ

0 184

33

Ә дегеннен-ақ өзіңді баурап әкететін жылы шырайлы адамдар болады. Қазақтың келіні, неміс қызы Анна Жанахметова – сондай жандардың бірі. Көзінен мейірім шуағы төгіліп, аузынан «айналайын» деген әдемі сөзін тастамайтын ол – шынымен де астаналық Жанахметовтер отбасының ұйытқысы, бес бала өсіріп, он екі немере сүйіп отырған ардақты ана, еліміздің оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, «Білім беру ісінің үздігі» атанған Болат Жанахметовтің асыл жары.

Болат Ашубасар­ұлы мен Анна Христианқызының шаңырақ көтеріп, өмір айдынында қол ұстасып жүргеніне отыз сегіз жыл болыпты. Бір-бірінің сырын қабағынан түсінетін жұбайлар бес баласына да адамгершілік пен инабаттылық қасиеттерін сіңіріп өсірді.

Болат Жанахметовтің өзі қырық жеті жыл бойы мұғалім болып жұмыс істесе, соның қырық екі жылы Астана қаласы Гуманитарлық колледжі қабырғасында өтіпті. Ұзақ жылдар бойы талай кәсіби маман тәрбиелеп шығарған отағасының тәлімгерлік тәжірбиесі өте мол. Өзі білім беру ісінің үздігі әрі құрметті қызметкері. Мемлекет тарапынан алған алғыс хат, дипломдарының өзі – бір төбе.

Ал, жастайынан қазақы тәрбиенің қайнарынан нәр алып өскен Анна Христианқызын туған-туыстары, әріптестері «Айнаш, Айнеке» деп еркелетеді. «Қыз қылығымен» дегендей, ол кішкентайынан өзі туып-өскен Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Сарыөзен ауылына қадірлі болатын. Биязы мінезді, үй шаруасына пысық, өзі қазақшаға судай шынашақтай неміс қызын сол кезде келін қыламын деушілер көп болды. Қазақы ортада өскендіктен бе, Анна тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығуды өзіне мақсат етіп қойды. Сөйтіп, қазақтың Болаттай атпал азаматының етегінен ұстады. Келін болып түскен босағасына тас­тай батып, судай сіңді. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін кішіпейіл әрі шаруақор келініне енесі де риза болып, «Айнашым» деп ерекелетті. Кейін ата-енесі қайтыс болғанда Болат өзінің үш қарындасына әке орнына әке болса, Анна шеше орнына шеше бола білді.

Анна Христианқызы өзінің бойындағы шаруақорлықты, іскерлікті, адамгершілікті қыздарына да үйретті. Бүгінде үлкен қызы Айгүл – Астанадағы №3 музыка мектебінің оқытушысы. Өзі кәсіби домбырашы, төрт баланың анасы. Бір жылдың ішінде елу грамота мен алғыс хатқа ие болған мықты қыз – осы.
Екіншісі Бибігүл – «Қаржы орталығы» АҚ-ның менеджері. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.

Ал, ортаншысы Алмагүл – «Құлагер–ДАМХИС» ЖШС директоры болса, кенже қызы Әсемгүл – «Темир Монтаж LTD» ЖШС-ның бухгалтері. Қыздардың бәрі де бір-бір үйдің ұйытқысы.

Жанахметовтер жан­ұясыныңшаңырақ иесі Нұрсұлтан –Политехникалық колледждің студенті. Осы баласын қыздарынан соң он екі жылдан кейін туған Анна Христианқызы: «Біздің отағасы әкесінен төрт ұл еді. Бірақ үшеуі қайтыс болды. Қайын інім дүниеден озып, Болат әкеден жалғыз тұяқ болып қалғаннан кейін бір ұл беруді Алладан күндіз-түні тіледім. Құдайға мың да бір шүкір, дүниеге осы атұстарымыз келді», – дейді.

Анна Христианқызы Алланы аузынан тастаған емес. Он алты жылдан бері ораза ұстап келеді екен. Балалары да әр жұма сайын жеті шелпек пісіріп, мешітке баруды дәстүрге айналдырған. Елордадағы №18 «Аяжан» балабақшасында жиырма жыл тәрбиеші, соңғы он бес жыл бойы меңгеруші болып келе жатқан Анна Жанахметова зейнеткерлікке шыққаннан кейін намазға жығыламын деп отыр. Айтпақшы, кезінде орыс балабақшасы болған мекемені таза мемлекеттік тілдегі мекеме еткен осы Анна Христианқызы екенін де айтпай кетуге болмас.

Ешкімнің ала жібін аттамауды адамгершіліктің басты қағидасы еткен Жанахметовтер отбасы – нағыз береке мен бірлік ұялаған мерейлі шаңырақ. Адам қандай да бір жетістікке жеткісі келсе, оның түп-тамырында адами тәрбие мен қажырлы еңбек жататынына осы отбасы айқын мысал бола алады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =