«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бір әулеттегі зобалаң

0 191

Кешегі кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңінде оның қоғамдық-саяси құрылымына келісе алмай, зорлығы мен зобалаңына ашық қарсы шыққан өзіндік ой-пікірі бар азаматтар әредік кездесіп тұрды. Бірақ қазақ жұрты арасында ондайлардың қатары өте-мөте аз еді. Сол азын-аулақ шоғырдың қатарында қызылордалық Киікбаевтар да болды.

Алдымен «диссидент» деген ұғымның мәнін ашып көрейік. Бұл үшін орыс лексикографы С.И.Ожеговтың түсіндірме сөздігіне жүгінейік. Онда мынадай анықтама берілген: «1. Лицо, отколовшееся от господствующего вероисповедения, вероотступник. 2. Человек, противопоставляющий себя, свои личные взгляды господствующей идеологии, идеологии большинства людей». Бізге бұлардың ішіндегі екінші бөлігі керек. Демек, диссидентіміз жалпы жұртқа қарағанда басқаша ойлайтын, кез келген нәрсеге өзінің жеке көзқарасы бар тұлғалы кісілер екен. Сондықтан олар партияның атынан бәрін алдын ала сызып берілетін «сара» жолға ділгер емес.
Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері болып отырған Киікбаевтар отбасы мүшелері осындай ой-пікірлері мен көзқарастары қалыптасқан азаматтар болыпты. Бұған басты себеп, кезінде өзі де өңірге әдебиетші, ғалым, ақын, жазушы һәм ұстаз ретінде танылған Меңдияр ақсақал балаларын оншалықты беттерінен қақпай, еркін өсірген екен. Оның құдай қосқан қосағы Ақзейнеп болса халқымыздың біртуар тұлғасы, ұлт мақтанышы Мұстафа Шоқайдың немере қарындасы еді.


1913 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген Меңдекең алғаш ауыл молдасынан сауаттанғаннан кейін осы заманғы оқу жүйесімен де білім алып шығады. Жастайынан қабілеттілігімен ерекшеленген ол халқымыздың Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров секілді мәшһүр ақын-жазушыларымен, бірқатар әдебиетші-ғалымдарымен тығыз араласып тұрыпты. Ал екінші жаһандық соғыс басталар қарсаңында Қызылорда қаласындағы педагогикалық институт студенттері мен 1 Мамыр атындағы мектеп оқушыларының бастарын қосқан әдебиет үйірмесіне жетекшілік етеді. Оның жұмысына Қызылорда педагогикалық институтының студенттері Асқар Нұртазин мен Сырбай Мәуленов сынды жас ақындар белсене қатысады. Бұл жайында бізге сол жылдары аталмыш қаламгерлермен қоян-қолтық араласқан соғыс және еңбек ардагерлері Еламан Жүнісбаев пен Теңел Жұмабаев әңгімелеп берген еді.
Бірден айтып қоятын жайт, саналы өмірінің бар бөлігін кеңестік білім беру жүйесінде жас ұрпақ тәрбиелеуге арнаған пайымды ұстаз, парасатты азамат өзі ешқандай диссиденттік пиғылда болған емес. Керісінше, билеуші қоғамның жақсы жақтарын әспеттеп көрсетуге тырысқан. Мұны ол оқытушылық қызмет атқарған педагогикалық институт пен училищедегі, сосын Ғ.Мұратбаев атындағы мектептегі шәкірттерінің барлығы мағлұм етеді. Туған-туыс­тарының айтуынша, қолынан келгенінше балаларын да әлгіндегідей рухта тәрбиелеуге күш салған. Олай болса, ұл-қыздары арасында кейінірек жүйенің үгіт мәшинесіне қарсы шығатын ниеттегілер қалай пайда болған? Біздіңше, мұның бәріне балалардың еркін білім алулары арқылы жан-жақты сауатты болып жетілулері айтарлықтай әсер еткен сияқты.
Бұл отбасында Нұрхан, Тас­қын, Болат, Баян, Розалия және Гүлнәр есімді 4 қыз, 2 ұл өседі. Бәрі жоғары оқу орындарын үздік бітіреді. Мәселен, Нұрхан, Болат, Баян, Гүлнәр Қызылорда педагогикалық институтының дипломдарына ие болса, Тасқын Алматыдағы ауыл шаруашылығы, Роза шет тілдері институттарын тәмамдайды. 70-ші жылдардың ортасында Нұрхан мен Баян тұрмыс құрып, күйеулерімен Алматыға қоныс аударады. Осы тұстары Меңдияр ақсақалдың ұзақ жылдар отасқан серігі Ақзейнеп апай қайтыс болып, ол төрт баласының ортасында қалады. Міне, сол шамада балалары арасында диссиденттік ой-пиғыл қылаң бере бастайды. Бұл біздің «кемелденген социализм» бесігінде тербеліп, «азат дүниенің сиқына» кеңкілдеп күліп жүрген кезіміз еді.


Осы жылдар Қызылордадағы «Союзгипрорис» жобалау-іздес­тіру институтында қызмет істеген Тасқынның санасында өзгелерден елеулі өзгешіліктердің бар екендігі байқалады. Соған қарамастан, сол тұста бірге жұмыс жасасқан әріптестерінің бәрі ол туралы тек жақсы пікірлер білдіреді. Білетіндердің айтуларынша, Тасқын өте білімді, мәдениетті, адал жігіт болған. Өзіне тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындап тұрған. Бірақ көпшілікке қосылмай, саяқ жүреді екен. Ішкі ойын сыртқа білдіре бермеген. Осы тұ­йықтығына сай жақын достары да болмаған. Қызметтестері оның коммунистік қоғамға қарсы жұмыс жүргізетін «Азаттық» радиостансасын үзбей тыңдап тұратынын да біледі. Сол Тасқын 1976 жылы Мәскеуде өткен топырақ зерттеушілердің әлемдік конгресіне облыс атынан қатысып қайтқан. Шамасы, ол осы сапардан диссиденттік жолға түсуге біржола бекініп келген сияқты.
Осындай шешімге қазық байлаған Тасқын 70-ші жылдардың аяғында институттан өз еркімен шығып кетеді. Оның бұл қадамына қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің әсері болған. Бұдан кейін көп ұзамай «Сельхозхимия» бірлестігіне қызметке орналасады. Алайда мұнда да байыз тауып жұмыс істей алмайды. Өйткені әр қадамының сырттан көз жазбай аңдылып, кез келген сөзінің ұдайы бағылуы оның жүйкесін жұқартқан сыңайлы.
Тасқынның қарындасы Розалияның «қырағылар» қарауылына шалынар шағы да осы тұспен дөп келеді. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыдағы оқуын бітіріп келген ол Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына қызметке тұрыпты. Оқып жүргенінде АҚШ-тан гастрольге келген түрік азаматымен жақын танысып, тағдырларын қосуға сөз байласқан көрінеді. Жігіт мұхиттың арғы бетіне оралған соң қыз­ды еліне шақыртқан қағаз жібереді. Алайда онсыз да аңдуға түсіп қалған бойжеткенге рұқсат берудің елдің саяси кескініне сұрапыл «нұқсан» келтіретінін жобалаған мұндағы орган қыз­меткерлері оның жолын кесудің бар амалын жасап бағады. Сосын төзімі таусылған Розалия­ның 1980 жылғы жазда Мәскеуге барып, Америка елшілігіне шағымдануына тура келеді. Бұл АҚШ пен КСРО арасынан кезекті мәрте қара мысық өтіп кетіп, екі жақтың дүрдараз болып тұрған сәті еді. Янкилер сол жаздағы Мәскеу Олимпиадасына байкот жариялап та қойған. Соған байланысты келесі жарты шарға бару мәселесінің оңды шешілуі қиын болатын.
Содан Розалия Сырдың бойына оралғаннан Киікбаевтардың отбасы үшін нағыз тозақ өмір басталады. Алдымен шаңырақтың егесі Меңдияр ақсақалдың өзі жазалау мәшинесінің тезіне түсті. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кеңсесі енді оның күнде барып тұратын орнына айналды. Мұндағылар кейде оны азанда ерте шақырып, түннің бір уағында босататын. Бір қызығы, балаларының бұған дейін қандай көзқараста болып келгенінен оның хабары жоқ-тын. Сондықтан өзін ертелі-кеш сұрақтың астына алатын тергеу­шілерге не деп жауап берерін де, бұлардың өзінен нені талап етіп отырғанын да біле алмай қан-сорпасы шығатын. Тағы бір қызығы, кейін бір әйелмен бас біріктіріп, басқа босағада тұруға кіріскен әкелерінен ұл-қыздары «МҚК-нің тыңшысы» деп күдік алып, оған ішкі ойларын байқата бермейтін. Қария үйлеріне келгенде сыпайы ғана қарсы алып, құрметтеп шығарып салып тұратын. Ашық күнгі найзағайдай әсер еткен бұл жағдайлардың бәрі жетпіске келген қария үшін із-түзсіз кеткен жоқ. Өзін допша тепкілеген көр қоғамның қылышы жалаңдаған жендеттерінің адам баласына жаны ашымайтын безбүйректігі мен қабағына қар жауған қаныпезерлігінен миына қан құйылған ол 1983 жылдың 9 ақпанында бақилыққа біржола аттанып кетті.
Бұл тұстары балалардың да бастары біраз шырғалаңға түсіп үлгерген еді. Бірақ бұдан олардың еңселері езіле қоймағандай. Қайта қоғамға қарсылықтарын өршелене білдіре бастаған сияқты. Шетелге шыға алмағанына күйзелген Розалия жоғары жақтарға қайта-қайта шағымданады. Одан ештеңе өнбегесін Одақ көлеміне келген шетелдіктермен Мәскеу мен басқа қалаларда арнайы жолығып, мұңын шағып жүреді.
– Сексенінші жылдардың бас жағында біз Розалиямен бірге осы кітапханада қызмет істегенбіз, – деген еді бізге бұдан бірқатар жылдар бұрын облыс­тық кітапхананың қызметкері Балжан Тәжманова. – Бізге ол пединституттан келді. Ол жақтан неге шығып қалғанын сезсек те, бәрі ішімізде болды. Өте бір сауатты қыз-тын. Қазақ, орыс, француз және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін. Барынша ашық, көпшіл ол ортаны тез үйіріп әкетті. Біздің жасқаншақтығымызға налып отыратын. Адамның еркін тежейтін мұндай қоғамның ғұмыры қысқа болатынын тайсалмай айтатын. Кезінде ойлаудың өзіне қорқушы едік, сөйтсек, оның айтқандарының бәрі дұрыс екен.
Үкіметтің тәртібімен енді шетелге өте алмайтынына көзі жеткесін Розалия бауырларымен бірге жасырын жолмен кетудің жоспарын құрысады. Сол мақсатта Тасқын Арменияға аттанып, әрі қарай Түркияға асудың мүмкіндігін іздестірмек болады. Бүкіл жолын аңдып келген комитетшілер оны шекара белдеуіне жеткен жерінен ұстап, кері қайтарады. Бұл жолы оған ескерту берілумен шектеледі. Ал 1982 жылы Тасқын Алматыда қамауға алынып, Қызылорданың жүйке аурулары ауруханасына жатқызылады. Бұдан 1984 жылы ғана босанып шығады. Сол 1982 жылы Роза да Қызылордадағы осы аурухананың дәмін аз уақытқа татып үлгереді. Бірер ай өткен соң қапастан шыққан ол 1983 жылғы мамырда қайта қораға қамалады. Мұнда түрліше дәрі-дәрмекпен «өңделген» қыз түрмеге жабылып, артынан Ташкенттегі арнаулы мекемеге жөнелтіледі. 1982 жылы Мәскеуде жүргенінде Гүлнәр Бутырка түрмесіне салынып, соңынан конвоймен Қызылордаға жеткізіледі. Зобалаңнан Болат та сырт қалмаған. 1983 жылы бір түнде үйінен әкетілген ол Шымкенттің түрмесінен бір-ақ шығады. Бұдан 1985 жылдың тамызында ғана құтылады.
– 1983 жылдың қазанында мені Ташкентке жеделхатпен шақыртып алды, – дейді Киікбаев балаларының үлкені Нұрхан. – Жүрегімді қолыма алып барсам, Розалиямның беті бері қарамасқа кеткен екен. Маған бас дәрігері сіңлімнің обыр ауруына ұшырағанын, енді оған ешкімнің де көмектесе алмайтынын мәлімдеді.
Бір айдан-сын Розалия Қызылорда ауруханасына қайта ауыстырылады. Бұл жерде тағы екі айдай жатқаннан кейін, 1985 жылғы 8 қаңтарда фәни жалғаннан баз кешіп кете барады. Ағасы Тасқын да есі кемістер баспанасынан босанғанда денсаулығын әбден тындырып шыққан екен. Денесі ине-сәулемен шұрық-тесік болған өлімші халдегі оны Алматыдағы әпкесі Нұрхан қолына алады. Мұнда бар-жоғы 13 айдай тіршіліктің нышанын білдірген зіңгіттей жігіт 1985 жылдың 4 қыркүйегінде жұмбақ өліммен жарық дүниеден өтеді. Бұлардың екеуінің де өте қысқа мерзімде айықпас ауруларға шалдығуларына дәрігерлердің көмегі арқылы арнайы органдардың қатыстары болғаны қазір еш күмән туғызбаса керек.
Сонау 80-жылдардың басында-ақ Розалия Киікбаева Кеңес Одағының күні құлауға қарағанын дәл болжай білген екен. Сол жылдары Мемлекеттік қа­уіп­сіздік комитетінде қызмет істеген «Тасжүрек тағдыр» мақаласының авторы Әмірхан Бәкірұлы:
– Прокурордың келісімімен басқармаға шақыртылып, бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан Роза алған беттен қайтпай, қайта кеңес қоғамына деген өшпенділігін ашық айта бастады, – дейді. – Сондай кездесу кезінде ол: «Сендердің коммунистерің коммунизм тұрмақ, социализм де құра алмайды. Сондықтан елді шатастыру үшін социализмді ойдан құралған бірнеше кезеңге бөліп жанталасып жатыр. Ерте ме, кеш пе, халық мұны түсінеді. Түсінген бойда кеңес империясы құлайды. Бұл Одақ көзге ғана мықты, іс жүзінде әлсіз, іргесі шіріп тұр. Тарихта ешқандай империя мәңгілік болмаған. Енді Кремль де бір-ақ күнде қирайды. Бірақ мен оны күтіп отыра алмаймын, тезірек шетелге өтіп, оның күні тезірек батуы үшін күресуім керек» дегенді комитет жігіттеріне қаймықпай айтып еді.
– Бұл жұрт өзі өте қорқақ келеді екен ғой, – дейді бұл отбасының туысы Серік Байсеңгіров. – Шежіреге сай Киікбайдан – Байсеңгір, Байсеңгірден Құлсеңгір, Меңдияр туады. Құлсеңгірден мен туамын. Біз халқымыздың Қажымұқан, Амангелді Иманов, Қалмақан Әбдіқадыров сынды белгілі тұлғаларымен туыс болып келеміз. Меңдияр көкем қайтыс болғанда, онымен көзі тірісінде араласқан ағайынның көбі теріс айналып кетті. Өзім сол жылдары комсомол, партия органдарында қызмет істегеніммен, бауырларыммен араласып тұрдым. Розалия қайтыс болғанда да туыстардың біразы оның мәйітін алып қайтудан бас тартқан. Жас болсам да, ауруханаға мен бардым. Сонда таңғалғаным, дәрігерлердің өзі Розалияның жансыз денесіне жақындауға қорқып тұрды. Олардың бәрі де өте үрейлі еді. Кім білсін, жазықсыз жанды қолдан өлтіргесін, арларының алдында бір сәт ыңғайсызданды ма, әлде ішкі сезімдерін білдіруге МҚК тыңшыларынан қорықты ма, біз үшін бұл жұмбақ күйінде қалды.
Қайтыс болған соң да саяси оппоненттерінің зәресін алған сол Розалия бір сөзінде: «Қазақстанның өз алдына отауы тігілген дербес мемлекет болары анық, ол – уақыттың еншісіндегі нәрсе, бірақ сол тәуелсіздікті мен көре аламын ба, жоқ па, белгісіз» деп айтқан екен. Осы сөз айтылғаннан кейін он шақты жыл өткенде, қазақ жерінің көгінде көгілдір туымыздың желбірегені рас. Өкінішке қарай, Киікбаевтардың үшеуі мұны көре алмай кетті. Есесіне қалған төртеуі осы қуаныштың куәсі болды.
Қазақ жерінің тәуелсіз болуын аңсағаны үшін топалаңның тоз­ғынын көп көрген Киікбаевтар отбасы жайлы біздің білетініміз – осы.

 

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды