Бір айда екі ерлік жасаған

0 19

Ерлан Жанабаевтың адамдарды өрттен құтқарған ерлігі туралы әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Оқиғаны бейнежазбаға түсіріп алған тұрғындар инстаграмға салған. Тек ертеңгі күні әріптестері мен таныстары Ерланның ерлігінен әлеуметтік желі арқылы хабардар болған.Ерлан – елордадағы Сарыарқа аудандық №24 учаскелік полиция пунктінде учаскелік полиция инс­пекторы болып жұмыс істейді. Ақпанның 14-і күні сағат 13.30-да Технопарк аумағындағы Орлыкөл көшесінде орналасқан жатақхана жақтан түтін иісі сезіледі. Түтін иісінің күшейе бастағанынан секем алған Ерлан дереу жатақханаға кіріп, тұрғындарды шығару қамына кіріседі. Алдымен төменгі қабаттағы есіктерді қағып, одан жоғары қабатқа жүгіреді. Бұл кезде қою қара түтіннен ештеңе көру мүмкін болмай қалады. Қақалып, шашалып, жанталасып жүріп тұрғындарды сыртқа шығарады. Бір жақсысы, өрттен ешкім зардап шекпей, ішінде кәмелетке толмаған екі бала мен бір қарт адам барлығы жеті адам құтқарылады. Бұл оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алған тұрғындар әлеуметтік инстаграмға салған. Тек ертеңгі күні барып кешегі оқиға туралы белгілі болды. «Мен ол оқиғаны біреуге айтып жатуды артық санадым, себебі бұл менің міндетім деп есептеймін. Басқа біреу болса да сөйтер еді, өйткені ондай жағдайда уақытты текке жоғалтуға болмайды, сәл кешіксең адамдар ащы түтін иісінен есінен тануы мүмкін немесе одан да қайғылы жағдай орын алуы мүмкін» дейді Ерланның өзі.
Ал екінші оқиға 9 ақпанда болды. Бұл кезде учаскелік полиция жұмыс орнында болатын. Полиция пункті Дүкенұлы көшесіндегі 21/1 мекенжайындағы жатақхананың төменгі қабатында орналасқан. Полиция пунктіне жүгіре кірген келіншек жыламсырап көмек сұрайды. Жатақхананың үшінші қабатында тұратын келіншек бөлменің есігінен шыға бергенде есік тарс жабылып, кілттеніп қалған. Ар жағында бірі үштегі, бірі бір жасар екі бала қалып қойған. Бұл кезде бөлменің ауасын желдету үшін терезе ашық қалған болатын. Шошынып жылап, аналарын іздеген балалар терезеге ентелейді. Егер тезірек бір амал жасамаса есі кірмеген балалар ашық тұрған терезеден құлап кетуі мүмкін. Ерлан сол бойда қасындағы жігіттермен бірге былғары белбеу мен жамылғыны қосып байлап, төртінші қабаттан үшінші қабатқа түсіп, ашық тұрған терезеден кіріп, балаларды бір қауіптен құтқарады.
38 жастағы Ерлан Жанабаев Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Сарыағаш ауданы Мәдениет елді мекенінде дүниеге келген. Әскерден келіп, ішкі істер саласында қызмет етіп жүргеніне 17 жылдың жүзі болған. 13 жасар қызы Аружан әкесінің мамандығына қызығады екен, бүгінде кадеттік гимназияда оқитын қыз баланың арманы – әкесі сияқты ішкі істер саласына қызмет ету. «Маған тұрғындармен жұмыс істеген, қиналғандарға көмектескен ұнайды. Полиция болуды бала кезімнен армандадым, мектепте «кім болам»? деген тақырыпқа шығарма жазғанда да солай жазатынмын» дейді Ерлан. Осы арманның жетегінде Түркістандағы әкімшілік-әлеуметтік қатынастар академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Бес баланың әкесі балаларын халыққа жақын, адал азамат болып өссе деп армандайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + fourteen =