Бір адамға – 15 шаршы метр

0 142

Алдағы уақытта Астана қаласында тіркеуге тұру қиындауы мүмкін. Құқық қорғау органдары Астана пәтерлерінде 15 шаршы метрге 1 адамның ғана ресми тіркелуіне рұқсат беру мәселесін көтеріп жатыр. Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасы мұндай қадамға ішкі миграция мен қала қауіпсіздігі үшін барып отыр. 

«Тіркеуге тұру үшін әр адам басына 15 шаршы метр деген талап қойып отырмыз. Қазіргі таңда әкімдікке арнайы ұсыныс бердік. Қаралып жатыр. Жақын арада шешім шығуы тиіс» деп мәлім етті Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары Еркін Шомбинов.
Осы орайда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бас қаламызда тіркеуге тұру жүйесінің бетімен кеткенін, кейбір пысықайлардың оны бизнеске айналдырып жатқанын айтқан болатын. «Бүгінде Астанада «резеңке пәтерлер» қаптап кетті. Бір үйге жүздеген адамдар тіркелген деген дерек бар. Осының бәрін тексеріп, бір жүйеге келтіру керек» деді министр.
Астана қаласы елдің орталығы болған соң мұнда келушілер саны арта түсуде. Жұмыс іздеп, білім алуға келетіндердің бәрі бірдей баспанамен қамтылмайтыны анық. Ал тіркеусіз ешкім жұмысқа да, оқуға да қабылданбайды. Сон­дықтан да тіркеу ісі «көлеңкелі бизнеске» айналып кеткен.
Осы жағдайға байланысты көші-қон поли­циясының мамандары тексеру барысында Аста­надағы бір пәтерде 140 адам тіркелгенін анықтады. Жалпы, бүгінде Астанада ресми 857 480 адам тіркеуде тұр. Қазір 15 шаршы метрге 1 адамды тіркеу талабы Алматыда ғана бар. Енді, осындай ереже Астана қаласында да болуы мүмкін.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =