БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

0 83

kirov1472589967big-2-asli

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиев халық қалаулылары алдында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.

Обалы нешік, еліміздің бас ұстазы депутаттар алдында ақтарылып сөйлеп, ағынан жарылды. Білім саласындағы іске асырылған жұмыстарға тоқталып, жүзеге аспақ жаңа жобаларды таныстырды.
Шындығында, елімізде білім ең өзекті сала саналады. Жұртшы­лық тарапынан да осы салаға түрлі пікірлер айтылады. Оған біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен білім саласында алға қарай ілгерілеу бар екені анық.
Үкімет сағатында Ерлан Кен­жеғалиұлы көпшіліктің көңі­лінен шығатын бірталай жаңа­лықтарды жариялады. Мәсе­лен, мектеп оқушыларына демалыс күндерге берілетін үй тапсырмасы жайында сөз қозғады. «Біздің оқушылар үй жұ­мысын орындау уақыты бо­йынша 65 мемлекет ішінде төр­тінші орынды иеленген. Оқыту үдерісі қалыпты жолға түскен жағдайда үй жұмысын азайтуға болады. Мұнымен барлығы келісіп отыр» деді министр. Ол өз сөзінде аталған мәселемен ұстаздар мен жауапты мамандардан құралған екі топ айналысқанын айтты. «Онда екі нұсқа ұсынылады. Бұл ретте үй жұмысын барлық пәндер бойынша азайтып беру немесе тапсырмаларда тек кейбір пәндерді ғана қамту ескеріледі.
Екі жағдайда да үй жұмысын орындау уақыты күніне орта есеппен бір сағатқа азайып, дем­алыс күндері берілмейді. Бүгінде бұл мәселе педагогтар мен ата-аналардың талқылауына ұсы­нылды» деп сөзін қорытты ол.
Сондай-ақ, жиында көпшілік ортада көп сөз болатын мектептегі қағаз есептілік мәселесі де айтылды. «Біз ҰБДБ, Күнделік арасындағы қағаз есептілікті алып тастай аламыз. Бірақ ортаға салатын бірқатар маңызды мә­селелер бар. Ол – ұстаз­дар­дың барлық деңгейдегі тексе­рушілердің алдындағы қорқы­нышы. Соның салдарынан олар электронды да, қағаз журналдарын да қатар жүргізуге мәжбүр.
Алдымызда тұрған міндет – Қаржы, Білім және ғылым ми­нистрліктері мен прокура­тура­ның бірлескен нұсқаулығын шығару. Тек­се­рушілер үшін жур­налдың қағаз және электрон­ды нұсқаларын бірдей ету. Бүгінгі таңда құжат Қаржы министр­лігінде» деді Е.Сағадиев. Сонымен бірге, министр барлық мектептерді интернетпен толық­тай қамтуды баяндады.
Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, енді елімізде бала­бақшаларға арналған жаңа са­нитарлық нормалар мен ережелер енгізілмек. «Балабақшаларда кезектілікті тәртіпке келтіріп, сыбайлас жемқорлыққа итер­мелейтін жағдайларға тосқауыл қою қажет. Ол үшін барлық ке­зектерді республикалық бір тізбекке біріктіруді жоспарлап отырмыз және электронды үкімет деңгейінде балабақшаға жолдама беруді автоматтандыру ескеріліп отыр» деді министр.

Азамат  Есенжол

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =