Білімімен де бой түзейтін қала бұл

0 108

Жарытып істелген жұмыстан жарты жылдық есеп шығады. Сыйымдылығы санада сақталмайтын сандарды сөйлету де оңай емес. Бірақ, біз елордалық біраз мекеменің еселей еңсерген шаруаларын шамамыз шапқан жерге дейін түрлендіре жариялаудамыз. Бүгінгі кезекте – Астана қаласының Білім басқармасы.

Бұл мекеме де соңғы алты айда әжептәуір көрсеткіш­тер түзіп үл­гер­ген. Ілкі іс­те іл­герілеушілік бар. Қо­­рытынды кес­те­сінде бала­бақ­­ша­дан универси­тет­ке дейін­гі ара­лық сала-сала бойын­ша сықиып тұр. Ал, біз газет беті­нің мүм­­кін­ші­лігін ескеріп, оның іші­нен нақты керек деректі «кертіп алып» отырмыз.

Кадрдың қадыры қашпайды

Мысалы, қазір Астана қаласының білім жүйесінде 278 мекеме жұмыс атқарады. Олардағы педагогикалық ұжымның жалпы құрамы 11 мың 142 қызметкерден тұрса, арасында 5 мың 609 жалпы орта білім мектебінің мұғалімдері бар. Оның ішінде 1 мың 612 ұстаздың категориясы жоғары.

Қазір жас мамандардың саны Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетімен және Гума­нитарлық колледжбен тығыз қарым-қатынастың арқасында да ар­туда. Мұғалімнің көптігі жақсы. Бәрі бірдей өрені өсіріп, өрісті кеңей­туге тырысса, көсегеміз де көге­реді, көжиегіміз де нұрланады емес пе?!.

Осынша кадрдың ішінде 1 мың 121 адам түрлі мемлекеттік мара­пат­тарға, жоғары лауазымға, лайық­ты төсбелгіге, құрмет грамотасына ие болған. Еңбегі ересен педагогтар­дың есімдері жыл сайын қалалық Білім басқармасының «Білім беру­дің алтын қоры» Құрмет кіта­бына да енгізіліп тұрады.

Әзірге елордалық бастауыш сы­нып­тарға 49 мұғалім жетіспей жатыр демесең, бұл жақта кадрдың қа­дірі қаша қоймайды.

Баланың бағы – балабақша бабы

Астанада 138 балабақша бар. Мем­лекет иелігіндегілері – 77 де, жеке меншіктегілері – 60. Қалған біреуі ведомстволық екен. Әлі де құрылысы аяқталуға тақауларын қоспағанда, әрине.

Негізінде, қазір мектепке дейін­гі білім беру мекемесіне 33 мың 575 бала барып жүр. «Балапан» бағ­дар­ламасымен 3-6 жас аралығындағы 61,9 пайыз бөбектер қам­тыл­ған. Ал, мектепке дейінгі даяр­лық жасын­дағы 88,6 пайыз балаға 22 шағын орталықтың ашылуы сеп болды.

Ендігі есеп: 2013 жылдың басында 800 орынды үш балабақша, ал ақпан айында 720 орынды үш балабақша пайдаланылуға бе­ріл­ді; шілдеде 520 орынды екі бала­бақша ашылды; қазір 480 орынды 2 балабақшаның құрылысы аяқ­талып қалды; 920 орынды төрт бала­бақша құрылысы әлі жалғасуда; 1680 орынды жеті балабақшаның құры­лысы басталды. Бұлар бірінен бірі өтіп жатқанмен, қазіргі кезде орын жетіс­пеушілігі 34 мың 200 деген сан­ды көрсетсе, одан кейінгі кезегі екін­ші жарты жылдықта келетін 71 мың 655 бала да әзірге үйінде ойнауда…

Осы жылдың ақпанында бала­бақша қызметкерлеріне мемле­кет­тік құрылыс қорынан мансард түріндегі 63 пәтер берілгенін айтып, қарапайым нүкте қояйық!..

Мектеп мерейі

Қазір қаламызда мектептің жалпы саны 86 мың 663 оқушыдан тұратын 82 нысанды құрайды. Оның жетпісі – мемлекеттік, он екісі – жеке меншік иелігінде. Сонда да 15 мың 728 оқушыға орын жетпей тұр­ған жайы бар. Осы жағын елеп-ескер­гендік пе, әйтеуір, №8, 13, 28, 31, 37, 57 мектептерде үш ауысымды білім беру жүйесі сақталған. Шыдай тұру керек. Өйткені, биыл бітуі жоспарланып отырған 3500 орынды үш мектептің құрылысы жалғасуда. Одан бөлек, тағы 6 мың орынға шақталған бес мектептің құрылысы басталды. Жалпы, оқу­шыларға орын жетіспеушіліктің себептері бастауыш сыныптағы ба­ла­лардың жыл сайын көбейіп, елор­даға жан-жақтан көшіп келіп жатқан оқушылардың көптігімен түсіндіріледі.

Биыл қаланың 20 жалпы білім беру мектептеріне бейнебақылау камераларын орнатып тастады. Сондай-ақ, бұндағы барлық мек­тептер жан-жақты мамандан­ды­рылып, заманауи техноло­гия­­лар­мен жабдықталған ме­ди­ци­на­лық кабинеттермен қам­тылды. Ыстық тамақ жағы 70 жалпы білім беру мектептерінде жақсы жолға қойыл­­ған. Онымен 60 359 оқушы қамта­­масыз етілсе, буфеттік жеңіл-желпі та­мақ­­тан­дырумен 23 071-і қам­тылған. Ал, 41 мың 151 бала 1 мил­­лиард 441 миллион 271 мың тең­­ге­­­нің ыстық тамағын тегін іше­­ді! Оның ішін­де әлеуметтік жағ­­­дайы на­шар, тұрмысы төмен отба­­сы­­лардан шыққан 2789 балаға 155 миллион 271 мың теңгенің тама­­ғы пісіріл­ді. Бас­тауыш сыныпта оқитын 38 362 оқу­шының өзі 1 мил­лиард 286 миллион теңгенің тама­ғын жейді екен.

Балаларды жақын жердегі мек­­теп­ке апару мәселесі толық ше­­ші­мін тапқан. Мектептердің мате­­риалдық және техникалық жағ­­дай­лары шешілген. Барлығы зама­­науи үл­гідегі кабинеттермен қам­­тыл­ған. Муль­тиме­диялық және лин­го­фон­дық кабинет­терде қазақ, орыс, ағыл­шын тіл­дерін оқы­ту бағ­дар­­ла­ма­лары орнатылған. Ғалам­тор пай­даланудың толық мүмкін­дігі бар. Биылғы жарты жылдық жұ­мыс қорытындысында Астана қала­сының Білім басқарма­сы бізді осындай сөз-лепеспен қуантып қойды.

Сыныптан тыс сабақ

Астанада он үш қосымша білім беру ұйымы бар. Ол дегенің жалпы білім берудің 29 пайызын қамтып, қазір 23 948 оқушының игілігіне жарап тұр. Сабақтан тыс білім беретін 27 аула клубтарына төрт мың бала барып тұрады. Әртүрлі үйір­ме­лерге қатысатын оқушы­лардың да саны биыл 29 618-ге жетіпті. Оның ішінде екі оқу­шылар сарайы, үш музыкалық мек­­теп, екі өнер мектебі, бір тех­ника­лық шы­ғар­машылық орта­лығы, бір көр­кемсурет мектебі және «Шығыс» жас­өспі­рімдер орта­лығы, бір жас турис­тер стансасы мен «Арман» спорттық-сауық­тыру лагері бар. Қала оқушыларына қосымша білім беруді одан әрі жетілдіру мақ­са­тында өнер мекте­бінің он филиалы, музыкалық мектеп­тің отыз төрт филиалы, тех­ни­­калық шығармашылық орта­лықтың сегіз филиалы, көркем­сурет мек­тебінің екі филиалы, жас туристер стансасының екі филиалы жұ­мыс жасауда.

Сонымен қатар, барлық тәжіри­бе­лік сынып оқушыларының оқу­лық­пен толықтай қамтылғанды­ғын айт­пас­қа болмас. Себебі, тәжі­ри­­белік мектеп­тердің жүргіз­ген сы­нағы оныншы сыныпқа арнал­ған оқу құралдарының заманауи бағ­дар­лама­ларға сәйкес келетін­дігін дәлелдеді. Биыл осы тәжіри­бені жа­сауға 147 мұғалім қатысқан. «Тә­жіри­белік сынып деген не?» десеңіз, онда мұғалімдер әр оқушы­ның белгілі бір мамандыққа деген қызығу­шылығын анықтау мақса­тында әртүрлі тақырыптағы тәрбие сағат­тарын өткізіп тұрады. Осы мақ­сат­та қазір Астанада сексен үш тәжі­­рибелік алаң жұмыс істейді. Бұн­­дағы жалпы тәжірибе мектеп­тегі бі­лімді дамытуға, оқу-тәрбиелік үде­рісті жетілдіріп, инновациялық игілікті игеруге бағытталған. Сол үшін сегіз алаң – 12 жылдық білім беру жүйесіне, жиырма жеті алаң – ағылшын тілін, төрт алаң – неміс ті­лін, екеуі француз тілін ерте үй­ретуге негізделген. Қосымша білім берудің бар түйіні – осы! Пайызбен пайымдап, ауызбен айтуға ыңғайлы.

Түйін

Білім олимпиадалары, спорттық-сауықтыру, дөңгелек үстел сынды жиі ұйымдастырылатын маусым­дық шараларды әдейі жазбай отыр­мыз. Олардың тырнақшаға алын­ған, алынбаған атауларының өзі көп. Бас қаланың білім саласынан бір­деңе білгісі келген адамға бұдан ар­тық не керек?!. Астананы «ақыл­ды қа­лаға» теңеп жүрген алтын бас­­тар­­ға енді «бі­лім­ді шаһар – бұл қа­ла» деп сөй­леу де жа­расады, осы­дан кейін!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 13 =