«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Білімді жастар тегін дәріс оқиды

0 321

Жақында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Bilimmen bólis» жобасы басталды. Оның аясында шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарын бітіріп келген, айтары бар азаматтар қазақ тілінде тегін лекция оқиды. Аталмыш жобаның бұған дейін екі жиыны өткізіліп, онда «Болашақ» бағдарламасының түлектері Шыңғыс Мұқан мен Саясат Нұрбек өз білімдерімен бөліскен-ді.

– Бұл бастаманың авторы Нұрмұхамед Байғараев – былтыр Ұлыбританияның Ланкастер университетін жобаларды басқару мамандығы бойынша тәмамдаған «болашақтық». Жоба туралы идеясы оқып жүрген кезде пісіп жетіліпті.
Мен салық төлеуші­лердің ақшасына оқып келдім. Елге оралған соң сол білімімді неге салық төлеушілермен тегін бөліспеске деп ойладым. Бастапқыда Facebook-те «Share knowledge» («Біліммен бөліс») деген клуб құрсақ па дегенбіз. Бірақ, өкінішке қарай, әлеуметтік желідегі көп нәрсе тек «лайкпен» шектеліп, сөз күйінде ғана қалып кететіні рас. Сондықтан жастарды үлкен залдарға жинап, дәріс ретінде өткізуді шештік, – дейді ол.
Жаңа жобаның ұстан­ған мақсаты бірнешеу. Біріншіден, ұйымдастырушылар қазіргі қазақ жастарының білімге де­­ген көз­қарасын өзгер­тіп, құлшынысын арт­тыруды қалап отыр. Нұр­­мұхамед­тің айтуынша, соңғы буынның өкілде­­рінде клиптік сана қа­лып­­тас­қан. Яғни көп ұл-­қыздар ақпаратты тек үстірт қабылдайды. Олар үшін бүкіл мәліметтердің көзі – Instagram мен Вконтакте. Ал бұл әлеуметтік желілердің көздегені ­ойын-сауық бол­ғандықтан, жастардың шы­нымен маңызды тақырыптарға қатысты білімі ақырындап аза­йып бара жатыр. Жоба ар­қылы сол нәрсенің ор­нын толтырып, білімді құндылық түрінде тарату көзделген. Екінші мұрат – қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту. Бұл тұрғыда Нұрмұхамед мынадай деректерді мысалға келтірді:
– Қандай да бір тілде сөйлейтін адамдардың саны маңызды емес, ол тілдегі ақпарат сапалы болуы керек. Мәселен, Scopus атты әлемдік ғылыми еңбектер базасы бар. Соңғы уақытта ондағы қытай ғалымдары мақалаларының саны америкалықтардікінен асып кетті. Олар өз еңбектерін оқылымды болу үшін ағылшын тілінде жария­лауға мәжбүр. ­
Өйткені ағылшын тілінде сапалы контент көп. Сол сияқты, бізге де қазақша контенттің сапасына мән беру қажет. «Қазақ тілін көркейтейік» деп кеуде соға бергеннен еш пайда жоқ, оның орнына кішкентай бір дүние болса да, шынымен пайдалы нәрсені қазақша бөліскен абзалырақ.
Әңгіме барысында Батыстағы білімнің неліктен біздегіден сапалырақ бағаланатыны жөніндегі пікірін сұраған едік. Ол мұның себебін білім жүйелеріндегі айырма­шылықпен байланыс­тырды:
– Жақында бір кісіден естіп қалдым. Біздегі жоғары оқу орындарында «Рухани жаңғыру» деген пән оқу бағдарламасына енгізілген екен.
Оның қандай мамандық­қа нақты қатысы барын түсінбедім. Ал Еуропа уни­верситеттерінде идео­­логияға қатысты бірде-бір пән жоқ, студенттер тек қана өздерінің мамандығына тікелей қатысы бар мамандықтарды ғана оқиды.
Сөз соңында Н.Байға­раев «Bilimmen bólis» жобасының алдағы жиынында мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов дәріс оқуы мүмкін екенін айтты. Спикер нақтыланғанда, жарнамасы әлеу­меттік желіде жария­ланады. Қонақтарға есік ашық, кіру тегін. Барлық дәрістің бейненұсқалары Youtube желісінде сақталады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды