©2020 Астана Ақшамы
БІЛІМДІ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ НҰРЛЫ
Астанадағы Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің қызметкерлері Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын қызу қолдады.
Шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Надежда Петухова биылғы Жолдаудың басты назары білім беру, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту және жұмыспен қамту сияқты халықтың әл-ауқатын арттырып, денсаулығын қорғауға, жастарымыз бен балаларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, сала- уатты өмір салтын өрістетуге арналғанын, қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып жатқанын баса айтты. Президент, әсіресе, жастарға, жаңа буын қазақстандықтарға сенім артты. Олардың оқулары мен өсіп-өнулері үшін біздің елімізде барлық жағдай жасалған. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашумен бірге «Болашақ» бағдарламасы құрылды. «Бүгіні ұрпақ – қазіргі жастар шынында да бақытты. Олар осындай қолдауларды сезіне отырып, Елбасы артқан сенімнің үдесінен шығу үшін бар күш-қайраттарын салуы қажет деп білемін. Бұл үшін барлық ыңғайлы мүмкіншіліктер жеткілікті» деді Н.Петухова.
Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын қарапайым халықтың жүрегіне жеткізетін, оны іске асыратын, болашақ азаматтардың тұлғасын қалыптастырып отырған мұғалімдер қауымына да жүктелер жауапкершілік аз емес. Болашағымыз баянды, келешегіміздің кемелді болуы бүгін қаланып отырған іргетасымызға байланысты болса, оның негізін қалаушы – жас ұрпаққа білім нәрін құйып отырған ұстаздар қауымы екенін ескере келе, мекеме басшысы Елбасы бұл жолғы Жолдауы арқылы алдымызға таяу арада, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену керектігін міндеттегеніне тоқталды. «Оған барлық мүмкіндік бар, Президенттің бастамасымен елімізде жаңа, тәуелсіз экономикалық жүйе қалыптасты, Қазақстан – Орта Азиядағы жетекші, әрі шешуші рөл атқаратын қуатты мемлекетке айналып, 2010 жылы құрамына 56 мемлекет кіретін Еуропадағы қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. Бұл дегеніңіз – бүкіл әлемнің Қазақстанды мойындағаны, бұл дегеніңіз – бүкіл әлемнің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевты мойындағаны, сондай-ақ, дүниежүзінің ЕХРО-2017 көрмесінің Астанада өту мәртебесі де бізге бұйырып тұр» деді С.Бөпежанов.
Білімді елдің болашағы зор. Елбасы Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салған Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиешілері Бақытгүл Оспанова, Жанна Жаманбаева, Айнұр Майханова, Марлен Қалдыбаев, Айжамал Міжікенова, Майра Құрманбаева, Марина Сикорская, Айман Өтееваның пікірлері осыған саяды. Бұл ретте олар Жолдауда көрсетілген бастамалар мен жоспарларды, қойылған талаптар мен жолдаудан туындайтын міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға идеологиялық қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Мәжіліс депутаты болса, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ