Білімді де қайратты жастар қаласы

0 30

Бүгінгі елордамыз жастардың талантын ашатын, білімін ұштайтын, еңбек ететін арман қалаға айналып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп бас қалада бақытын тауып жатқан жастар үшін барлық жағдайлар жасалуда. Көптеген жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алатын жастар мен жасөспірімдер бүгінгі таңда бас қаланың ең көп тұрғындары болып отыр.

Зяткерлік мектептері туралы әңгімелеуді жөн көрдік.
Биыл Халықаралық бакалав­риат (IB) Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аделина Елемесова плющ Лигасының Колумбия және Корнелл сияқты ең әйгілі екі бірдей университетіне оқуға түсті. Сонымен қатар АҚШ- тың қос университеті: Northwestern University, Amherst College және сингапурлық YaleNUS пен Қытайдың Duke Kunshan University оқу орындары да біздің елдің білімдісіне грант бөліп отыр. Қай университеттің студенті атану – қазақстандық түлектің өз еркінде.
Бүгінде Аделина болашағын ғылымға арнап, жасанды интеллекті тереңнен зерттеуді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Альнур Акчурин жеті бірдей жоғары оқу орнынан шақырту алып, өз таңдауы бойынша америкалық Northwestern University жоғары оқу орнына оқуға түсті. Альнурдың сыныптасы да Мөлдір Елеусизова бес елден шақырту алып, АҚШ-тың Брандейс университетінің толық грантына ие болды.


Айта кету керек, Зияткерлік мектеп түлектерінің әрбір бесіншісі ­Назарбаев Университетінің грантын иеленеді және Гарвард, Принс­тон, Стэнфорд, Пусан, Колумбия, Массачусетс технологиялық, Гонконг политехникалық және Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті сынды дүние жүзінің озық оқу орындарынан шақырту алады. Сондай-ақ еліміздегі 10 жоғары оқу орны аталмыш білім ордасының түлектерін бірден екінші курсқа қабылдайды.
Жалпы биыл елордалық Зияткерлік мектептің 49 түлегі шетелдік жоғары оқу орындарынан шақырту алған. Сондай-ақ 264 мектеп бітірушінің 50-і Назарбаев Университетіне SAT емтиханын тапсырып, іріктеу конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Олардың 28-і – университеттің бірінші курсына, 22-і Foundation бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды.
Айта кету керек, 2019-2020 оқу жылында еліміздің барлық ­Назарбаев Зияткерлік мектептерін 2170 түлек аяқтап, өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Елордада орналасқан физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 141 түлек бітірді, Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша оқитын Зияткерлік мектепті 123 жас аяқтады. Бүгінде елімізде жаратылыстану-математика бағытындағы 20 Зияткерлік мектеп ашылды. Аталған оқу орындарында он төрт мыңнан аса оқушы білім алып, екі мыңнан аса мұғалім қызмет етеді.

ЖАҢАЛЫҚТАРЫ ӨНДІРІСКЕ ЕНГЕН
Аталмыш білім шаңырағында оқып жүріп, еліміздің әлеуметтік- экономикалық жағынан дамуына үлесін қосып жатқан өрендер бар. Соның бірі, күні кеше Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары медициналық маска таққанда ыңғайлы болуы үшін арнайы құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы медициналық маска резеңкесінің құлаққа қысымын азайтуға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта мұндай құрылғыларға ең алдымен медицина қызметкерлері мұқтаж.
Аталған құрылғы барлық қысымды құлаққа емес, қарағұсқа түсіреді. Яғни, қарағұсқа толық жататын құрылғыға масканың құлаққа ілінетін резеңкесі жалғанады. Салмағы небәрі 3 грамдық құрылғыны 3D-принтер көмегімен кәдімгі пластиктен 15-20 минуттың ішінде басып шығаруға болады. Айта кетерлігі, мұндай құрылғының алғашқы топтамасы Алматы қаласындағы №7 аурухана дәрігерлеріне табысталды. Дәрігерлер мектеп оқушыларына үлкен ризашылықтарын білдіріп отыр.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – зияткерлік мектеп оқушылары ормандағы өртті хабарлайтын құрылғы жасап шығарды. Құрылғыны байланыс аясынан тыс жерде де қолдануға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалу функциясын қамтитын мобильді қосымша ойлап тапқан. Экранда қажетті қызметті таңдап, қоңыраудың себебін көрсету керек. Қоңырау түскен жердің мекенжайы автоматты түрде анықталады немесе енгізуге де болады. Нәтижесінде өтініш қабылданып, көп ұзамай арнайы қызметтер көмекке келеді. Бұл қосымша мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңызды.

МОЙЫНДАЛҒАН МЕКТЕП
Естеріңізге сала кетейік, ­Назарбаев Зияткерлік мектептері – 2008 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке бастамасымен құрылған посткеңестік кеңістіктегі теңдессіз білім беру жобасы. Зияткерлік мектептер өзіне үздік қазақстандық дәстүрлерді, халықаралық тәжірибе мен практиканы үйлестіретін инновациялық білім беру жүйесін әзірлеу және оны енгізу, сондай-ақ еліміздің орта білім беру жүйесіне таратуды мақсат етеді.
2018 жылдың наурыз айында UK NARIC Ұлыбританияның білім куәлігін тану жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламасын мойындап, NIS-Program-General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкес келетінін хабарлады.
Кембридж университеті өткен жылы бакалавриат бағдарламасына Зияткерлік мектептердің 12-ші сыныптарының сертификатын мойындайтынын ресми түрде хабарлады. Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін айтулы оқиға – әлемдегі ең танымал, білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған Халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) аккредитациядан өтті. Қазіргі таңда барлық Зияткерлік мектеп халықаралық аккредитациядан өткен.

БАРШАҒА ҮЛГІ
Аталмыш білім ордасына оқуға түсу байқау негізінде Cito (Нидерланды) педагогикалық өлшемдер институтымен бірлесіп жүзеге асырылады. Негізгі және жоғары мектепте оқушыларды 35 жылдан аса тарихы бар, жоғары сапалы білім беретін бағдарлама ретінде әлемге танылған Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытады.
Сондай-ақ аталмыш оқу орнында үздік қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық білім беру жүйесін біріктіретін екі оқыту моделі жүзеге асырылады: NIS-program және Халықаралық бакалавриат бағдарламасы. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-program бағдарламасы Кембридж Университетінің Халықаралық бақылау кеңесі, яғни стратегиялық әріптестерімен бірлесіп әзірленді.
Білім беру қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізіледі. Зияткерлік мектептерде оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін қалыптастыруы – басты назарда. Сондай-ақ ұлт тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін тереңнен түсінуге бағытталған тәрбие жұмыстары мен сабақтан тыс іс-шараларға да көңіл бөлінген. Жыл сайын «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» және өзге де жобалар жиі ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдан бері Зияткерлік мектептердің тәжірибесін еліміздің жалпы білім беретін мектептерде пайдалану жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдар аралығында ­«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ түрлі курстарынан 400 мың мұғалім өтті. Білім мазмұны мен бағалау, оқу бағдарламалары мен басқа да материалдар қамтылған жүйелі 350 мыңға жуық пайдаланушы тіркеліп үлгерген әдістемелік кешен құрылды. Елімізді өркениетке жетелейтін білімді ұрпақ десек, оның бойына білім негізінің мәңгілік іргетасын қалаушы мектеп. Ендеше еліміздегі барлық білім ордасы Назарбаев Зияткерлік мектебіндей болса, әлемдегі өркениетті елдермен иық түйістіретін күннің ауылы алыс емес.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 4 =