Білімді бизнеске айналдырған

оқу орындары жабыла бастады. жалғасы бола ма?

0 171

Бұрын жекеменшік жоғары оқу орны десе ат-тонымызды ала қашушы едік. Ал бүгін ата-ананың арасында: «Өзгенің баласы оқығанда, менің баламның несі кем?» деген бақталастық пайда болған. Осылайша, «Соңында алатын дипломы бірдей ғой» деп сапасына да қарамастан, ең арзан оқу орнына балаларын түсіреді. Арзанның жілігі татымайтынын қайдан білсін? Түлектердің шектік балл жиғаны бар, жинамағаны бар ақшаның күшімен шешілетін заман туып, заңды белшесінен басып жүр. Жаһанды жалмаған пандемия­ның жалыны да әрбір елдің осал тұсын тайға таңба басқандай көрсетті. Соның ішінде, денсаулық сақтау саласына салғырт қараған елдер дәрменсіз қалды. Білікті дәрігер, қажетті дәрі-дәрмек, тіпті алақандай бетперденің өзіне зәру болдық. Президент осы мәселені халыққа Жолдауында басты назарға алып, Білім және ғылым министрлігіне үлкен жауапкершілік артты. «Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Өткен жылы дипломды басып шығарумен айналысатын оқу орындарын жабуды тапсырдым. Табысты білім беру бизнесіне жұмылдырған ықпалды адамдардың қарсылығының салдарынан жұмыс қиын жүріп жатыр. Бірақ, проблеманы шешу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Министр алған бетінен қайтпақ емес

Білім саласында күнде реформа. Бұған қарапайым халықтың еті үйреніп кеткелі қашан? «Жоғары оқу орындарын оңтайландырады, лицензияларынан айырады» деген сөздерді бұған дейін де бірнеше министрдің аузынан естігенбіз. Алайда білім саласының кем-кетігін үтір-нүктесіне дейін анықтаған Асхат Аймағамбетов білек сыбанып кірісіп кеткен. Өткен оқу жылы елімізде 125 жоғары оқу орны тіркелген. Олардың шамамен 60 пайызы – жеке меншік. Көбісінің білім беру сапасы бекітілген нормативтерге сай емес. Білім беру ісін бизнеске айналдырып, ақша тауып жүрген кейбір азаматтар үшін лицензия алу да, университет ашу да қиындық тудырмайды. Екі-үш қабатты бос ғимаратты жалға алып, жарнамасын қатырып жасаса болғаны. Аузы ашылып, қайда барарын білмей жүрген түлектерді уысына түсіреді. Былтыр министрлік жанынан Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті құрылған еді. Осы уақытқа дейін комитет 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша 60 мамандықтың лицензиясын қайтарып алды. 36 ЖОО-на мемлекеттік грант бөлінбеді. Тексеру нәтижелері бойынша оқу нысандарының құқықтық актілерді сақтамағаны анықталып, 5 ЖОО-ның жұмысын түбегейлі тоқтатқаны да көпшілікке мәлім.
Сапаны қамтамасыз ету комитетінің жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Жыл соңына дейін еліміздегі жоғары оқу орындарының 15 пайызы қысқартылмақ. Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша: «Жаңадан құрылған комитеттің негізгі мақсаты – білім беру жүйе­мізді әлемдік деңгейге көтеретін жоғары оқу орындарына еркіндік беру. Бұндай ЖОО-ды қайта-қайта тексермей-ақ, зерттеу институттарының дәрежесіне көтеруге не керек? Оларға қосымша қаржы беру, шетелдік студенттерді көбірек шақыру, байланысты нығайту, білім мен ғылым саласынан шыққан жетістіктерді өндіріске жеткізу керек. Елімізде артық лицензиялары бар университеттер жетерлік. Мысалы, кейбір жоғары оқу орындарында 45 лицензия бар. Ал солардың жарты мамандығында 2-3 студент оқиды. Соған байланысты кейбір мамандықтардың лицензиясы қайтарылды. Университет дәрежесі институт, академия болып төмендеді».

Әділ істің ақыры игі

Білім саласын оңтайландыру ел ойлағандай оңайға соғып жатқан жоқ. Жақында ғана лицензиясынан айырылған жоғары оқу орындарының қатарына 90 жылдық тарихы бар М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы қосылды. «Қазақстан темір жолы академияны басқа кәсіпкерге сатып жіберген. Білім орны басқару алаңына айналып кеткен. Талаптарға сәйкес емес. Қазіргі таңдағы оқу көрсеткіштері де мүлдем төмен. Оқытушыларының саны аз, жартысы бар жартысы жоқ. Бізге мұғалімдері «білікті мамандар кетіп жатыр, қысқартып жатыр» деп хабарласқан. Бұған дейін де 35 мың білім алушысы бар оқу орнын тарату тәжірибемізде болған. Сондықтан оқытушылар мен студенттерді далада қалдырмаймыз. Академия шешімімізбен келіспесе, уақыт беріп отырмыз, сотқа барып бәрін дәлелдесін. Министрлік тарапынан 3 рет ескерту жасадық. Ешбірінен нәтиже шығармады. Теміржолға инженерлерді дайындау жауапкершілігі мол іс. Сондықтан, мұндай ісі шала оқу орнына бейжай қарай алмаймыз» деді Рахман Алшанов. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша академия сапалы профессор-оқытушылар құрамымен, өндірістік практика базаларымен, оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген.
Министрліктің ресми ақпаратынан кейін, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы да үнсіз қалмады. Академия тағылған айыпты жоққа шығарып отыр: «Былтыр бітірген 1189 түлектің 71 пайызы жұмысқа орналасты. Кітапхана қоры оқу-әдіс­темелік әдебиеттермен 100% қамтамасыз етілген. Қорда миллионға жуық кітап бар, электронды қор 5000-нан астам. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өткізген бакалавриаттың 14 білім беру бағдарламасы рейтинг бойынша жетекші орында. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер барысында біздің жұмысымызда анықталған кемшіліктер орын алды. Алайда академия аталған кемшіліктерді ағымдағы жылдың ақпан айында жойды» дейді.
Бізді алаңдататыны – студенттер мен оқытушылардың жағдайы. Бүгінде аталмыш оқу орнында 5000-нан астам студент карантинге байланысты онлайн білім алып жатыр. Енді, үйде жатқан ауыл-аймақтағы студент өзі оқитын оқу орнының жабылатынын естігенде қандай күйде болды деп ойлайсыз. Студенттер өз қалауы бойынша қаладағы өзге оқу орындарына ауысса да, жүріп жатқан оқу процесі аяқсыз қала ма?

Рейтинг қуған ректорлар

Рейтинг демекші, еліміздегі жоғары оқу орындарының жыл сайынғы шама-шарқын Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы анықтап келеді. Үйде отырып-ақ палата сайтына кіріп, қай университет қандай мамандықты қандай деңгейде оқытатынын, тіпті бітіргеннен кейін қайда, қанша жалақыға жұмысқа тұруға болатынын біле аласыз. Бұл – болашақ студенттер мен ата-аналар үшін бағыт-бағдар болса, бір жағынан жұмыс берушілерге де үлкен нұсқау­лық. «Атамекен ҰК палатасы 2018 жылдан бастап, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасының бағалау рейтингін жүргізіп келе жатыр. Яғни, рейтинг ЖОО бойынша емес, ондағы білім беру бағдарламалары бойынша жасалады. Мысалы, аграномия мамандығы бойынша рейтингке тек осы мамандықты оқытатын ЖОО қатысады. 2019 жылы жүргізілген рейтинг қорытындысы бойынша 109 ЖОО қатысып, соның ішінде 2000 білім беру бағдарламасына сараптама жүргізілді. Рейтингтің нәтижесінде 6000-ға жуық эксперттік ұсынымдар алынып, ЖОО-ға жолданды. Былтырғы рейтинг он жеті критерий бойынша жүргізілді. Биыл пандемияға байланысты оқу жүйесі өзгергендіктен «қашықтан білім алу» критериін қосып отырмыз. Ал жаңа рейтинг нәтижесі желтоқсан айының екінші жартысында жарияланады» деді Атамекен ҰК палатасы ЖОО білім беру рейтингі жоба менеджері Гүлдер Альпатина.
Оқу орнын жаңа ғана бітірген жас маманның жұмыс тапқан-таппағанына қарамай жұмысқа орналасты деген анықтама сұрап, бопсалайтын кафедра меңгерушілері де жоқ емес. Сөйтсек, бұның барлығы рейтинг қуған ректорлардың астарлы сая­сатының бір көрінісі ғана екен. Гүлдер ханымның айтуынша, сараптама жүргізу барысында түлектердің жұмысқа орналасуы туралы ақпаратты зейнетақы және жәрдемақы төлеу жөніндегі орталыққа арнайы сұрау жолдап алатын көрінеді.

Ақша алуды біледі, оқытуы неге олқы?

Оқу орындары жіберген қателіктің соңында опық жейтін мыңдаған студент. Тәуелсіздік алғаннан кейін де білім беру саласына жүздеген жаңа оқу нысандары қосылды. Бәрінің атауы дүркіреп тұр. «Еуразиялық, астана, халықаралық, қазақ» дейсіз бе атынан ат үркетіндей сөздерді қосып алған. Бұл да – маркетинг.
Елордамыздағы Астана университетінің студенті Ақбал ­Аруанбекова оқу ақысын төлеп қойса да, дипломын қолына ала алмай отыр. «2018 жылы Тараз қаласынан 3-курсты аяқтап, Астана университетіне ауысып келдім. Мұнда келгенде 4-курсқа ала алмаймыз, қайтадан 3-курстан бастап оқисыз деді. Келісіп, бір жылғы оқу ақысын төлеп қойдым. 2018-2019 оқу жылы мен үшінші курсты бітіруім керек еді. Ақша төлегеннен кейін оқу орнының қызметкерлерінің бірі де мені керек қылмады. Не куратор жауап бермейді, не оқу бөлімі керек қылмайды. Өзім Астанада тұрмаймын. Кішкентай баламмен қайта-қайта университетке барып жүруге жағдайым да келмеді. Мүмкін өздері іздеп қалар деп күтіп жүрдім. Бірақ ешкім хабарласпады. Ал мен хабарлассам бір-біріне сілтеп, дұрыс жауап бермеді. Осылайша, уақыт өтіп келесі оқу жылы университетке барып, жағдайымды түсіндірсем: «Еш алаңдамай, келесі оқу жылының ақшасын төлей беріңіз» деді. Менде қолымдағы бар ақшамды төлеп қойдым. Ал диплом алатын уақыт жақындағанда, не істеймін деген ой мазалап университетке тағы да бардым. Олар 3-курстың кредитін қайта төлеп, 4-курстан жалғастыра беруге болатынын айтты. Бірақ кредит ақысы 500 мыңдай шықты» дейді Ақбал Аруанбекова.
Елімізде 600 мыңнан астам студент бар. Олардың 70 пайызы жоғарыдағы кейіпкеріміз сияқты ақылы бөлімде оқиды. Ендеше құлқынның қамын ойлағандар талай жастың обалына қалып жүрген жоқ па?

Саннан сапаға көшетін сәт келді…

Білім және ғылым минис­трлігінің хабарлауынша, қазір ­М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясымен қоса Астана университетінің, Орталық Азия университетінің және Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің ісі сотта қаралып жатыр. Тағы 12 жоғары оқу орнында тексеру жұмыстары жүргізілуде.
2018 жылы Елбасының арнайы қаулысымен жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестіктерін кеңейту туралы арнайы заң қабылданған еді. Содан бастап Білім және ғылым министрлігінің мойнындағы кейбір құзыреттер жоғары оқу орындарының еркіне берілді. Үкіметтің бұл шешімінің төркінін филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мырзантай Жақып: «Мұндағы түпкі мақсат мынада. Бұдан былай бұған дейін мемлекеттік университеттер деп аталып келген жоғары оқу орындарын бюджет есебінен оңды-солды қаржыландыра беру қысқартылады. Енді академиялық және басқару жағынан еркіндік алған жоғары оқу орындары өздерін-өздері қамтамасыз етуге, қосымша қаржы көздерін табуға тиіс. Мемлекет тек қана үздік мектеп түлектеріне білім гранттарын беру арқылы білім саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз етеді» деп түсіндірді.
Дегенмен, жоғары оқу орны білікті маман дайындап шыққаннан кейін, түлектердің жұмысқа орналасуын тікелей мемлекет бақылауы керек. Еркіндікті әр оқу орны өз қолына алғаннан бастап, білім нарығында бәсекелестік арта түседі. Сәйкесінше, жастар тек тео­рия жүзінде білім алып қоймай, жұмыс беруші тараптың сұранысын қанағаттандыратын, практикалық тұрғыда қалыптасқан маман болып шығады.
«Баламды медресеге біл деп бердім…» дейтін ата-ана ұрпақ болашағын мектеп пен университеттің, мұғалім мен профессорлардың одан қалды үкіметтің мойнына артып қоймай, бүкіл процеске бір кісідей атсалысуы тиіс. «Еңбек нарығындағы қатаң бәсекеге төтеп бере алатындай үздік мамандар даярлау отбасындағы бала – ата-­ана – мектеп – университет – жеке инвестор – мемлекет тізбегіндегі өзара тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізе алсақ, өзінің жемісін беретіні сөзсіз. Сол айтқандай, қанша жерден әлемнің үздік тәжірибелерін іздесек те, отандық университеттеріміздің өзіндік дәстүрі болғаны дұрыс» дейді Мырзантай Қожабайұлы.
Қойшы көп болса, қой арам өледі деген сөз де бекер айтылмаса керек. Білім саласында санның көп болғанынан сапаның жақсы болғаны артық. Жаңа реформаның нәтижесі қалай болады, оны уақыттың еншісіне қалдырдық.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 9 =