Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Білім: жетістіктер мен кемшіліктер

0 311

Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясының қарсаңында депутаттар бірқатар білім беру нысандарын екі күн бойы аралады. Екінші күні халық қалаулылары мемлекеттік тапсырыс негізінде балдырғандарды қабылдайтын жекеменшік балабақшамен қатар денсаулығында әртүрлі ауытқушылықтар кездесетін балаларға арналған арнайы мектепалды мекеме жағдайымен танысты. Сондай-ақ, №87 «Қадыр» сәбилер балабақшасы мен №75 мектеп-лицейдегі түйткілдер жайын білді.

                                    

«АЙНАЛАЙЫНДАҒЫ» ЖАҚСЫ ТӘЖІРИБЕ

Қазақстанның мектепалды ұйымдары қауымдастығының төрайымы Ләйлә Күленованың айтуынша, «Айналайын» балабақшасы – тұрғын үйдің бірінші қабатында орын тепкен қаладағы алғашқы және балаларды тәрбиелеуге рұқсат құжатын алған тұңғыш жекеменшік балабақша. Аталмыш мекеме 125 балаға шақталған. Мұнда инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген. Ата-аналар 35 мың теңге төлейді.

«Біз Мәскеудегі балабақшамен әріптестік орнатып, инклюзивті білім беру жүйесіне арналған әдістеме жазып шығардық. Бұл іске Ресей астанасының сарапшылары тартылды. Осы балабақшаға қазір 8 мүмкіндігі шектеулі бала барады. Бізге осындай балалармен жұмыс істеу үшін қосымша қаражат керек.    Себебі мемлекет тарапынан демеуқаржы 3 мүгедек балаға ғана бөлінген. Бұл шамамен алғанда 60 мың теңге ғана. Ал мүгедек балаларды сауықтыру жағынан жақсы тәжірибеміз бар. Бізге әлсіз боп келген мұндай балдырғандар қазір қасықты ұстай біліп, дәретке өздері отыра алатын жағдайға жетті» деді Л.Күленова.

Өзін Айжан деп таныстырған ана мүмкіндігі шектеулі баласын апаратын орын іздеп, 10 жекеменшік балабақшаға барғанын айтты. Олардың бәрінде баланы қабылдамапты. Ал «Айналайын» қабылдап, қазір балдырғанның денсаулығы жақсарып келеді екен.

Осыған қалалық мәслихат депутаты Рамзия Умербаева қалада арнайы мемлекеттік балабақшалар бар екенін, бұған қоса әр мемлекеттік балабақшада инклюзивті топтар жұмыс істейтінін жеткізді.

МЕМЛЕКЕТ БІР БАЛАҒА 103 МЫҢ ТЕҢГЕ БӨЛЕДІ

Соның бірі – № 64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасы. Депутаттар оған да бас сұқты. Балабақша директоры Жанар Мұқашеваның сөзінше, мұнда 13 топ жұмыс істейді. Он топқа қозғалуы қиын балалар, екі топқа сөйлеуі бұзылған, бір топқа психикалық дамуы тежелген балдырғандар барады. 156 орынға арналған бұл балабақша 2012 жылы ашылған. Қазір нақты 153 бала тәрбиеленіп, сауықтырылып отыр.

Мектепалды мекеме тиісті мамандармен, құрал-жабдықтармен қамтылған. Бассейн, кинозал, тіпті, музейге дейін бар. Бір балаға мемлекет тарапынан 103 мың теңге бөлінеді. Ата-аналардан ақша алынбайды. Мұнда баланы орналастыру үшін психологиялық-медициналық комиссиядан өту керек.

Депутаттар бұл балабақшаны аралаған соң денсаулығында әртүрлі ауытқушылықтар кездесетін балаларға барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді. Тек қана ғимараттың шатырын жөндеу қажет екен.

«Балабақша салынғанда кепілдік берілді. Алайда оны салған құрылыс компаниясы банкротқа ұшырады. Қазір шатырды жөндеу жөнінде әкімдіктен бастап жан-жаққа хаттарды жібердік» деді Ж.Мұқашева. Мәслихат депутаттары бұл жағынан көмектесуге уәде берді.

БАЛАБАҚШАҒА АПАРАТЫН ЖОЛДЫ НЕГЕ ОЙЛАМАҒАН?

Мәңгілік ел даңғылындағы №87 «Қадыр» сәбилер балабақшасына автокөлікпен жақындау қиын. Оған тиісті жағдай жасалмаған. Балабақшаның дәл алдына тұрғын үй салынды. Бұған қоса, бұл жерде «Қазтрансгаз» компаниясына тиісілі аумақ та бар екен. Жан-жаққа шлагбаумдар орнатылған. Оның үстіне балабақшаның жанында көлік қоятын орын тым тар.

«Балабақша 240 балаға арналған. Таңертең балаларды әкелетін ата-аналар тоқтайтын жер таба алмай қиналады. Жолдың бойына қойса, жол полициясы қызметкерлері қуады да жатады. Бұл түйткілден арылмай келе жатқанымызға 2,5 жыл болды. Қаншама рет шағым жаздым» деді балабақша директоры Зәуреш Шәймерденова.

Бұл түйткілді шешудің жолын мәслихат депутаты Мирас Шекенов ұсынды. «Балабақшаға апаратын жолды кеңейту үшін мемлекет қажеттілігі үшін жердің бір бөлігін алып қою керек» деді ол. Оның әріптесі Ирина Манжанова бұл мәселені Сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірге шешу керектігін айтты. «Бұл маңайда құрылыс жүргізуге рұқсатты кім берген? Балабақшаға апаратын жолды неге ойламаған?» деді Ирина Рихардовна.

МЕКТЕП-ЛИЦЕЙГЕ ҚОСЫМША ҒИМАРАТ ҚАЖЕТ

Сол Мәңгілік ел даңғылындағы №75 мектеп-лицейде де осындай проблема болды. Қала әкімі Әсет Исекешев былтыр күзде жағдайды өз көзімен көріп, тиісті пәрмен берген соң мәселе шешілді. Депутаттар осы оқу орны ауласына барған соң жолды кеңейте түсу артық болмайтыны туралы пікірлерін айтты. Бірақ бір бұл ғана емес, мектепте тағы бірнеше түйткіл бар.

«Бұл оқу орнында ағындық желдету жүйесінде ақаулар орын алды. Жөндеу жұмыстары жүргізілді, алайда оның тағы істен шықпайтынына кепілдік жоқ.    Әкімнің пәрменінен кейін мектепке апаратын жол екі апта ішінде кеңейтілді. Ең бастысы, білім беру мекемесіне қосымша ғимарат қажет» деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Мектеп-лицей директоры Салтанат Тоғатаеваның айтуынша, оқу орны 1200 оқушыға шақталған. Алайда мұнда қазір 3100 бала оқып жатыр. «Бүгіндері күніне 10 баладан қабылдаймыз. Сыныптарда 40 оқушыдан отыр. Екі сынып үш ауысымда білім алып жатыр. Маңайда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халық оларға кіріп жатыр. Енді «Қамқор» және «Времена года» тұрғын үй кешендері пайдалануға берілмек. Сол үйлерде тұратын оқушылардың бәрі біздің мектепке келуде. Тельман, Заречный тұрғын алаптарындағы, «Саранда» тұрғын үй кешеніндегі балалар да бізде оқып жатыр. Мектепте 4 сыныптардың санының өзі – 15» деді ол.

Қалалық мәслихат депутаттары қосымша ғимарат салу мәселесі Қоғамдық кеңес отырысында көтерілгенін айтып, осы айдың аяғында өтетін мәслихаттың кезекті сессиясында тиісті мәселелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ     

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды