Білім технологиясын бірге жетілдіреміз

0 83

Елордадағы «Көрме» кешенінде тұңғыш халықаралық білім форумы мен «WORLDDIDAC Astana 2013» білім және кәсіптік даярлыққа арналған технологиялар көрмесі жұмысын бастады.  

Халықаралық форум «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Форумда білім-ғылым, инновациялар мен технологияларды дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шараға бағдарламалық қамтамасыз етуді, ақпараттық технологиялар саласындағы шешімдерді әзірлеуде мамандандырылған әлемнің 24 елінен ірі компаниялардың, сауда-өнеркәсіптік палаталардың, елшіліктердің, отандық оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілердің, барлық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері қатысты. Ал өзара тәжірибе алмасу мақсатында жетекші сарапшылардың қатысуымен сан алуан семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, үш күндік мәжіліс кезінде халықаралық және отандық компаниялардың білім беру жобалары, қашықтан оқыту және электронды оқыту жүйесі, интерактивті құрал-жабдықтар мен мультимедиялық технологиялар таныстырылады. Сондай-ақ форум аясында білім беру саласындағы инновацияларға арналған көрме ашылды. Көрмеде «Википедия» бүкіләлемдік энциклопедиясының қазақ бөлімін, сондай-ақ Қазақстанның ашық кітапханасын дамыту жөніндегі материалдар қойылған. Сондай-ақ, 140-тан астам компаниялардың оқыту жабдықтары қойылды. Келушілердің назарына интерактивтік құралдар мен заманауи мультимедиялық оқыту түрлері ұсынылып отыр. Тіпті, тілі мүкіс бүлдіршіндердің сөйлеу қабілетін жетілдіруге арналған арнайы робот техникалары да көрмеде орын тапқан.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 17 =