БІЛІМ САПАСЫ­ БАҚЫЛАСА, ЖЕТІЛЕДІ

0 242

77

Астана қаласының Білім және ғылым саласындағы бақылау департаменті «Білім сапасын мемлекеттік бақылау: даму тенденциялары, басымдықтары, болашағы» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Шәкірттердің жетістіктерін бағалау, білім беру сапасына тәуелсіз талдау жүргізу Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған болатын. Астана қаласының Білім және ғылым саласындағы бақылау департаменті басшысы Айтбай Әбдібеков білім сапасын бағалаудың жаңа жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылап, дамыған елдердегі осы қызметтің оң тәжірибесіне тоқталып өтті.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басқарма басшысы Сәуле Қабимолдаева, өз сөзінде, әсіресе, жекеменшік білім беру орындарының материалдық базасының әлсіздігі әсер етпей қоймайтын жағдайда, тәуелсіз сараптаманың ата-аналар мен түлектерге дұрыс таңдау жасауына ықпалы мол екенін ескертті.

– Осыған дейін тәуелсіз, шынайы бағалау институттары болған жоқ. Оқу жетістігін қоғамдық бірлестіктерді қатыстыра отырып сырттай бақылау жүйесі енгізілгенде тағы бір тексеру органы пайда болды дегендей ойымыз болғаны рас. Алайда, уақыт өте келе, мұндай бақылаудың қажеттілігіне көзіміз жетті. Білім беру сапасы, дәрежесі бағаланып, кедергілерді жоюдың әдісін іздеп, оң нәтижеге жетудің жолын бірлесе қарастыру – оқушылардың білім деңгейінің артуына, ұстаздардың ізденуіне алып келеді. Сайып келгенде білім беру ісі жетіледі, – деді №48 орта мектептің директоры Зәуре Садықова.

Білім сапасын анықтаудың жаңа тәсілі – еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының беделін, жетістіктері мен кемшіліктерін жария түрде көрсетіп, қоғамда шынайы пікір қалыптастырады. Алқалы кеңеске жиналғандар жаңа жүйе осы жаңалығымен де тартымды деген ой түйіндеді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + two =