Білім мәселесі – басты тақырып      

0 29

Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен аудан аумағындағы білім беру ұйымдары басшыларымен кездесті. Қазір аталмыш ауданда 33 орта мектеп пен 31 балабақша жұмыс істейді.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – бала­лардың оқу орындарындағы қауіп­сіздігі. Кездесуде білім беру нысан­дарының қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

«Оқу орнының қауіпсіздік жүйесі бөтен адамдардың кіруінен қорғау, бейнекамералармен, турникеттермен, дабыл түймелерімен жабдықталуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, мектептердегі күзет қызметін вахтерлер атқарады. Олардың көбісі – зейнет жасындағы адамдар. Жалақының аздығын көріп, жас әрі қабілетті ер-азаматтар бұл лауазымға барудан бас тартады» деді Е.Байкен.

Жиында ауданның Полиция басқармасы мен қалалық Білім басқармасына мектептегі күзет жүйесін ретке келтіріп, тиімді ортақ шешімді шұғыл түрде қолға алу ұсынылды. Сондай-ақ мектептердің айналасында жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі, бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату, жарықтандыру сияқты мәселелер қатаң бақылауға алынатыны айтылды.

Жиналыс барысында көтерілген тағы бір мәселе – мектептердегі бала санының тығыздылығы.

«Елордада халықтың қарқынды өсуін ескере отырып, оқытудың үш ауысымдық режиміне жол бермеу мақсатында жаңа мектептер салу қажет. Алдағы 3 жылға арналған мектептердің құрылыс жоспарын қабылдадық. Жоспарда «BINOM SCHOOL» тәжірибесі бойынша қазіргі заман талаптарына сай мектептердің де құрылысы ескерілген» деді аудан әкімі.

Кездесуге қалалық басқармалар мен Статистика департаментінің өкілдері қатысты. Олармен бірқатар проблемалық мәселелерді шешу жолдары мен халық санағы барысы талқыланды. Бір айта кетерлігі, Сарыарқа ауданындағы мектептер мен балабақшалардың барлық қызметкері халық санағынан өтті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − four =