БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ АСТАНАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ САЙ

0 110

Қайрат ӘБДІБЕКОВ, Астана қаласы білім саласындағы бақылау департаментінің директоры: 

– Сәлеметсіз бе, Қайрат Айтбекұлы?! Астанада білім саласын бақылау департаментінің құрылғаны бізді, әрине, қуантады. Қадағалаудың нәтижелері қандай?
– Бақылау жүйесінің құрылуы жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды жою жолдарын іздестіру, барлық деңгейдегі білім мекемелерінде білім беру қызметтерінің сапасына тұрақты қадағалау орнату, оқушылармен және ата-аналармен байланысты жетілдіру, орталықты жүйелі түрде нақты әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру сияқты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жерде осыған дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан білім сапасын бақылау жұмысы жүргізілмеген деген ой тумауы керек. Олар өз деңгейлері мен құзыреті шегінде бұл жұмысты атқарып келді, алайда 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында білім басқармалары тара­пынан жүргізілген тексеру шаралары мен осы жылдың екінші жарты жылдығында аймақтық бақылау депар­таменттері тарапынан жүргізілген тексеру шараларының қорытындысы бойынша бірден көрсеткіштер алшақ­тығы орын алды. Бұл түсінікті де, кейбір объективті себептерге байланысты жергілікті атқарушы органдардың өз­дері ұйымдастырып отырған іске өз­дерінің баға беруі жүз пайыздық нә­тижемен аяқталуы заңды құбылыс еді. Ендігі жерде бізге маңыздысы – осы алшақтықты көзге шұқу емес, жергілікті органдармен бірлесе отырып білім сапасын арттыруға ықпалды шараларды қолға алу. Бұл тұрғыда жақсы нәтижелер де жоқ емес, Астана қалалық білім басқармасы басшылығы біздің тарапымыздан атқарылған бақылау шараларының қорытындыларын тү­сіністікпен қабылдап, кемшіліктерді жоюға арналған жүйелі істерге көшті, арамызда ортақ мәселе тығыз байланыс орнады.

Жалпы, Астана қаласындағы білім сапасының деңгейі өзінің астаналық дәрежесіне сай екенін айта кетуіміз керек, бұл қала басшылығының білім саласына ерекше қамқорлық танытуының, сондай-ақ жекелеген білім ордалары басшылары мен ұстаздарының жүйелі, заман талабына сай, қажырлы ең­бек­терінің нәтижесі екені даусыз.

– Астаналық ата-аналар мен ұстаздардың атынан хабарласып тұрмыз. Аттестаттаудан өтпей қалған мектептер мен колледждердің алдағы тағдыры қандай болмақ?
– Мұндай сұрақтың туындауы, біздер атқарған шаралар төңірегінде қоғамдық пікір қалыптасқаны – заңды құбылыс, бізге тіпті кейбір қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар қауымдастықтары тара­пынан білім сапасын қадағалау бойынша орталықтанған жүйенің орнатылуын жақтаған пікірлер де келіп түсті. Олардың айтуынша, мектептер мен колледждерде білім сапасын арттыру жөнінде жүйелі шаралар қолға алына бастаған, жаңа тұрпаттағы бақылау шараларына дайындық және бақылаудан кейінгі қолға алынған істер мекеме басшыларының басқару менеджменті тәсілдерін тереңірек меңгеруіне, ал ұстаздардың ізденіске ұмтылуына әсер ете бастаған көрінеді. Жекелеген білім мекемелері басшыларымен пікірлескенімде, олардың да көзқарастары осыған ұқсас екенін байқадым. Өкінішке қарай, Астана қаласының кейбір мемлекеттік және жеке меншік білім беру мекемелерінде аттестаттаудан өте алмай қалғандары бар, заң талабы бойынша оларға беріл­ген лицензияның күші уақытша тоқ­татылып, алты айға дейінгі мер­зім ішінде аттестациялық комиссия анықтаған кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі, ал мекеме аталған уақыт аралығында қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыра береді. Егер қайта тексерудің нәтижесінде жағдай қайталанатын болса, біздің тарапымыздан мекеменің қызметін тоқтату туралы сотқа өтініш түсірілетін болады. Мемлекеттік мекемелердің, әсіресе, мектептердің бұлайша өз жұмысын тоқтатуы еліміз тарихында болмаған құбылыс, менің ойымша, кез келген білім мекемесі көрсетілген кемшіліктерді алты ай ішінде жоюға тиіс, әйтпесе, мұндай мекеменің бас­шылық құрамын түгелдей ауыстыру қажет. Мемлекеттік мекемелерге қойылар талап та, мемлекет тарапынан оларға жасалынатын жағдай да біркелкі, ал ондағы білім сапасының деңгейі көп жағдайда оның бірінші басшысы мен басқару құрамының ұйымдастыру шеберлігіне, кәсіби деңгейіне байланысты. Ал жеке меншік білім ордаларына келсек, талап деңгейінен көріне алмағандарының нарықтан кетуі – бүгінгі күннің талабы.

– Қайрат Айтбекұлы, елімізде білім сапасын бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылғанына екінші жыл толғанынан хабардармыз. Осы уақыт аралығында жаңа жүйе өзін қай қырынан таныта алды?
– Қалыптасу кезеңін табысты аяқ­таған мемлекетіміз тәуелсіздіктің үшін­ші онжылдығында қарқынды экономикалық даму жолына түсті. Елбасы Н.Назарбаев елдің ұзақ мер­зімді даму стратегиясын жариялап, «басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» екенін атап көрсетті. Стратегияда білім беру мәселесі не ұлттың жаҺандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы ретінде ерекше мән берілген. Бұл ерекше жауапкершілік жүктейді, әрі білім беру саласының ел дамуының әр кезеңінде қоғамның әлеуметтік сая­сатқа сұранысы – үрдісінен табылып келе жатқанының көрінісі.

Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын білім деңгейінің елдің қарқынды дамуынан қалыспауы үшін барлық оқу орындарындағы білім беру қызметінің сапасын жетілдіре түсу мақсатында арнайы бақылау жүйесін құруды тап­сырған болатын. Нәтижесінде Үкімет қаулысымен Білім және ғы­лым министрлігі Білім және ғылым сала­сындағы бақылау комитетінің жергілікті департаменттері 2011 жыл­дың аяғынан бері өз қызметтерін бас­тады. Алғашында бұл жаңа құрылым аймақтардағы орталықсыздандыру саясатына қарсы шара ретінде бағаланғаны жасырын емес, ал бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар нәтижесі аймақ­тардағы білім сапасы алшақтығын жою, оған бірыңғай мемлекеттік талап орнату мәселесі уақыттың талабы екеніне көзімізді жеткізіп отыр. Білім басқармасы мен бақылау департаменті арасында міндеттер заңды бөлінген, бірін-бірі қайталамайды.

– Атым – Асылжан. Мынаны білгім келеді: біздегі бақылау шара­ларының жариялылығы қай дең­гейде? Бұл тұрғыда азаматтық қо­ғам өкілдерімен байланыс­тары­ңыз бар ма?
– Асылжан, қоғамдық ұйымдармен іскерлік байланыстар ұйымдастыру, үкіметтік емес ұйымдарды, ата-аналар қауымдастығын, жастар ұйым­дарын біздің тарапымыздан ұйым­дастырылатын бақылау шараларына қатыстыру, сол арқылы жариялылықты қамтамасыз ету, оқушылармен және студенттермен байланыс орнату – біз­дің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Қазіргі кезде «Астана қалалық ата-аналар ассамблеясы», республикалық «Аман-саулық» қоғамдық қоры, «Зә­бір көргендер орталығының одағы», «Отбасылық тәрбие институты» және т.б. жастар ұйымдарымен, ардагерлер кеңестерімен байланыс орнатып үлгердік. Алдағы уақытта департамент жанынан қоғамдық ке­ңес құрып, білім сапасын арттыру төңірегінде бірлескен шаралар атқару мәселелерін талқылап, қажетті құ­жат­тар дайындау үстіндеміз. Бірқатар дамыған елдерде мемлекет білім сапасын бақылауды азаматтық қоғам өкілдері арқылы жүргізетін тәжірибе қалыптасқан, біздің мақсатымыз – қазір соған алғы шарт жасап, үкіметтік емес ұйымдармен іскерлік байланысты күшейту арқылы бірте-бірте бақылау қызметін азаматтық қоғамға өткізіп беру. Мемлекеттік орган бұл жағдайда тек үйлестірушілік қызмет аясымен шектелетін болады. Мүмкіндікті пайдаланып, қоғамдық ұйымдар, ата-аналар қауымдастығы өкілдерін, ардагер ұстаздарды, сондай-ақ еліміздің бола­шағы – жас ұрпақтың білімі мен тәр­биесіне бей-жай қарамайтын бар­ша азаматтарды бізбен іскерлік байланыс орнатуға шақырамын. Ол үшін біздің электрондық сайтымыз: astanacontrol.gov.kz арқылы ақпарат алмасуға немесе 51-69-97 сенім телефоны арқылы көкейіңізде жүрген ой­ларыңызды, сонымен қатар білім беру қызметі төңірегінде қандай да бір заң бұзушылықтар туралы ақпаратты жолдауларыңызға болады.

– Қайырлы күн, Қайрат Айтбекұлы! Айтыңызшы, ҰБТ, ОЖСБ сияқты білім сапасын сырттай бағалау түрлерін өткізуде биыл қандай ерекшеліктер орын алуы мүмкін?
– Аталған шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша өзгерістер жоқ, қалыпты жағдайда, ОЖСБ үстіміздегі жылдың 9-25 сәуірі аралығында, ал ҰБТ 1-15 маусымы аралығында өт­кізіледі. ОЖСБ (оқу жетістіктерін сырттай бағалау) орта мектептердің білім беру сапасының және 9-сынып оқушыларының оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін объективті түрде анықтап, жұртшылыққа таныс­тыру мақсатында екінші жыл ұйым­дас­ты­рылып отыр. Бұл шараның бұрынғы аралық мемлекеттік бақылаудан айыр­машылығы, білім мекемесіне немесе мұғалім мен оқушыға байланысты құ­қықтық салдардың болмауында. Бұ­рын­ғыдай арнаулы пәндер бойынша оқушыларды жыл бойы арнайы дайын­дау сияқты жағдайлар орын алмауы үшін арнайы қазақ тілінен басқа үш пән сынақ тапсыратын сәтке дейін жарияланбайды, сондай-ақ шараға қатысуға ішінара таңдалып алынған мектептердің атаулары да алдын ала хабарланбайды.

ҰБТ төңірегінде жыл сайын қоғамда қызу пікірталас туындайтыны рас, сондықтан да оны ұйымдастыру мен өткізу мәселесін министр тікелей өз бақылауында ұстайды әрі министрлік тарапынан оны жетілдіру жолдары кешенді түрде қарастырылып келеді. Кейбір жылдары сұрақ-жауаптарының құпия кодтары заңсыз таратылғаны мәлім, осындай келеңсіздікті болдырмау мақсатында былтырдан бері тапсырмалар базасы 50 пайызға жаңартылды, сондай-ақ логикалық сипаттағы сұрақ­тар енгізілген. Қазақстан тарихы бо­йынша жылда көтеріліп жүрген тү­сі­ніксіздеу сұрақтарды болдырмау мақсатында мемлекет тарихы инс­ти­тутында тапсырмаларға тәуелсіз са­­­раптама жасалды. Жыл сайын түлек­терге ата-аналар, тіпті, ұстаздар тарапынан заңсыз жолдармен көмек жасауға ұмтылушылық, аудиторияға техникалық құралдар мен мобильді байланыс құралдарын алып кіру сияқты келеңсіз құбылыстар байқалады, кей­бір мектептерде ҰБТ-ға кіретін пән­дер бойынша арнайы сынамалық тап­сыр­маларды оқушылырға жаттату үр­­­дістері орын алғаны да жасырын емес. Алайда, өткен жылғы ҰБТ мұндай кө­­мектердің түлекке берер пайдасынан зияны көп екенін көрсетті. Барлық аудиторияларда байланысты өшіру қондырғылары жұмыс істейді, сынаққа кірер алдында арнайы металл іздегіш құралдар орнатылады. Ал, былтыр орын алған түлектерге психологиялық қысым жасау фактілерін болдырмауға күш саламыз, әрине, тек заңдылықтар шеңберінде. Білім және ғылым ми­нистрі Б.Жұмағұловтың ҰБТ-ны ұйым­дастыру мәселесі төңірегінде айтқан «Әрбір түлекке өзіңнің туған балаңдай қара» деген сөзі кез келген жауапты тұлғаның ұстанымы болары сөзсіз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + eight =