БІЛІМ БЕРУДІҢ ТИІМДІ БАҒЫТЫ
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет. Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту қажет» деп атап өткені мәлім.
Бүгінгі таңда оқушылар мен студенттердің білім сапасын арттыруға пәнаралық байланыстардың тиімділігі жоғары болып отыр. Бұл мәселенің негізгі міндеті – оқыту барысында тәрбие беру, білім сапасын көтеру.
Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында пәнаралық байланыстарды ұтымды қолдану оқытушыдан көптеген зерделеу, талдау еңбектерін талап етеді. Себебі, оқытушы тек бір ғана арнайы пәннің мазмұнын, әдістерін игермей, басқа да арнайы пәндердің бағдарламаларын меңгеруге ден қояды. Бұл өз кезегінде жастарға жақсы білім беруге негіз болатыны сөзсіз. Ал, арнайы пәндерді оқыту барысында пәнаралық байланыстарды дамыту үшін осы пәндерді оқытатын оқытушылар бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Мысалы, өзім «Экономикалық теория негіздері» пәні сабағын «Қазақстан тарихымен» байланыстыра үйретемін. Себебі, нарықтық экономика Қазақстан тарихына бөтен тақырып емес. XVII ғасырдың басына дейін табиғи шаруашылық дала халқының дәстүрлі экономикасының негізі болды. Бірақ, сол ерте дәуірде де қазақ халқының өмірінде нарықтық экономика элементтері көрініс тапқан. Қазақтың кең-байтақ даласынан ең ірі сауда өзегі Ұлы Жібек Жолы өтті. Қазақстанда қолөнерi кәсiбi ғасырлар бойы көшпелi шаруашылықпен байланысты дамыды. Өздерi тұтынатын қажеттi өнімдерді көбiне-көп жәрмеңкелер арқылы өткізіп, айырбастады.
Міне, осылайша, оқушы екі пәнді де қатар меңгеруге мүмкіндік алады.
Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруда оқушылардың атқаратын жұмыстары мен орындайтын оқу әрекеттері де әртүрлі болады. Олар экономикалық арнайы пәндерді алған білімдерін қайта жаңғыртып, оны жаңа материалды игеру кезінде қолдана алады. Сондай-ақ, арнайы пәндерден алған білімдерін өзге пәндердегі мысалдармен салыстырып, біліктілігін ұштай алады. Бұл оқушылардың бағдарламалық материалдарды терең және тиянақты игеруге, құбылыстар арасындағы байланыстарды түсініп білуге мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.
Марғұлан АМАНБЕКОВ,
Менеджмент және бизнес колледжінің экономикалық
пәндер оқытушысы