Білім берудегі жаңаша арна

0 27

ҚР Білім және ғылыми министрлігінің ұйымдаструымен елімізге танымал IT сарапшылары мен отандық білім беру жүйесі өкілдерінің қатысуымен онлайн-конференция өтті.Екі аптаға жуық қазақстандық оқушылар, педагогтар жалпы білім беру жүйесі үлкен төңкерісті бастан кешіріп келеді. Яғни, қашықтан оқуға төселе бастады. Дәл қазіргі уақытта бұл – әлем елдері қолданып отырған жүйе. Онлайн-конференцияда қашықтан оқыту қанша қиындықпен басталса да, оның алдағы күндердегі артықшылықтары мен қазіргі кемшіліктерін сарапқа салды. Айта кетерлігі, отандық білім беру жүйесі үлкен өзгерістер алдында тұр. Қазақстанға, әлемнің 167 елі сияқты, COVID-19-дың таратылуына байланысты қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына көшуге тура келді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл процесті тек қана сынақ емес, үлкен мүмкіндік деп атады.
«Білім беру жүйесі өзгереді, басқа жол жоқ. Мазмұнына да өзгерістер енгізу қажет. Нақты регламенттер мен стандарттардан гөрі неғұрлым икемді әрі жекеленген стандарттарға көшу керек. Қандай да бір тапсырманы орындағанда, біріншіден, халықаралық тәжірибеге сүйену қажет. Өзге елдердің қандай проблемаларға тап болғанын және оларды қалай жеңіп шыққанын зерттеу керек. Қашықтан оқыту аясында геймификация элементтері, квиздер, цифрлық білім беру ресурстары болуы тиіс. Барынша жекеленген болуы керек. Шын мәнінде, біздің ұмтылысымыз – осы» деді Асхат Аймағамбетов.
Қашықтан оқытудың бірінші артықшылығы, оның маңыздылығы, білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттыруға септігін тигізсе, алдымен оқушының ұтар тұсы сол болмақ.
ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Рүстем Биғаридың айтуынша еліміздегі білім беруде жаңа форматқа көше отырып, халықаралық ұйымдар ұсынған нұсқау­лықтарды негізге алып шаралар қабылдаған. Әлем елдерінің мектептері осы нұсқаулыққа сүйенген. Яғни телесабақтардың көмегіне жүгіну. Мысалы, Грузияда оқушылардың 30 пайызы ғана ғаламтормен қамтылған, жалпы оқушылар телесабақтарды қарау арқылы оқыса, Латвия, Бельгияда телеарна көмегімен видеосабақтарды қолданып отыр.
«Біз аталған ерекшеліктерді қабылдай отырып, теледидарды пайдалануды шештік, телесабақтарды түсіруді бастадық. Қазір біз басқа елдердің интернет жүйесі «стримингтерге» шыдамай, видеосабақтар түсіре бастағанын байқап отырмыз. Сондықтан біз теледидар, интернет ресурстары – онлайн және оффлайн платформаларын, сондай-ақ пошта қызметтерін пайдалануды шештік. Кейбіреулер бізді сынға алып, пошта қызметтерін пайдалану туралы шешім дұрыс емес деп жатыр. Бірақ, кері байланыс үшін біз электрондық пош­таны да, «Қазпошта» қызметін де пайдалануға мәжбүрміз» деп атап өтті министр.
ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технология­лар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин Білім және ғылым минис­трлігіне трансформациялаудың қамын ойлайтын, жалпы білім беру саласына цифрлық әлемнің қалай әсер ететініне талдау жүргізіп отыратын digital-офис қажет екенін айта келе, «Біз карантиннен кейін бірнеше пәнді тек цифрлық форматта қалдыруымыз керек. Бұл – менің ұсынысым. Бүгінгі күні ҚР БҒМ-нің цифрлық білім беруге көшкенін көріп отырмыз» деді. Спикердің пікірінше, қазіргі заманда мұғалім контентті, қажетті материалдарды оқушылар цифрлық форматта қабылдай алатындай етіп дайындауы тиіс.
Онлайн-пікірталастың тағы бір қатысушысы – Қазақстан интернет-қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров балалардың цифр­лық сауаттылық деңгейі ересектерден әлдеқайда жақсы екенін атап өтті.
«Балалар, тіпті олар IT-саласын немесе онлайн оқытуды білмесе де, оны ауадан алады. Балаға шынымен екі-ақ күн жетеді, ол бәрін үйреніп алып, администратор боп отырады» деді Шавкат Сабиров.
Онлайн-конференция барысында белгілі болғандай, қысқа мерзім ішінде жергілікті атқарушы органдар мектептердің балансында болған 250 мың компьютерді уақытша пайдалануға беріп үлгерген.
Қорыта келе, қиындықтан шығар жолды сол күрделі кезеңнің өзі көрсетіп бергендей. Ал енді интернет желісі жоқ шалғай жер тұрмақ, елорда түбінде тұрған ата-аналар мен мұғалімдердің өзі қашықтан интернеттің көмегімен қалай оқыту керектігі жайында дұрыс түсінік те болмағаны рас. Екі апталық жұмыстың нәтижесі көрсетіп отыр­ғандай қашықтан оқытуды тек ғаламторға ғана байлап қоймай, жан-жақты бағытын қарастыру арқылы еліміздің оқушылары сабақтан қол үзбек емес, тек оқушы өзі және ата-ана ниетті болса болғаны.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 6 =