Білім беру үдерісі үзілмейді

0 21

Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, орта және арнау­лы орта білім мен қосымша білім беру ұйымдарының карантин кезіндегі жұмыс барысын баян етті.Елордадағы 117 мектепте оқитын 182279 бала бүгінде түгелдей қашықтан оқумен қамтылған. Оның ішінде 91 мемлекеттік, 22 жекеменшік мектеп, 1 республикалық физика-математика мектебі және 3 Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Осы білім беру орындарында 10302 педагог жұмыс жасайды. Білім беру үдерісінде қашықтан оқыту технологияларын қолдану бойынша мұғалімдердің барлығы да арнайы курстан өтті. Сонымен қатар www.academia.kz сайтында педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасы арқылы онлайн-курс ұйымдастырылды.
Оқушылар онлайн режимде Google Classroom, Microsoft Teams, Google meet, Hangouts Meet, Zoom сияқты қолжетімді платформаларда білім алса, кей оқушы офлайн түрде Kundelik, Daryn Online, Bilimland, WhatsApp, Telegram, Google Disc, электрондық пошта арқылы сабақ оқыды.
«Балапан», «Еларна» телеарналарының бейнесабақтары елорданың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға әдістемелік көмек болғанын мысалға алған басқарма басшысы қашықтан оқыту кезінде қолдау көрсету үшін 6 қызметкерден тұратын call-орталық жұмыс істеп тұрғанын, сондай-ақ әр мектепте жобалық кеңселер жұмыс істейтінін де айтып өтті.
Қашықтан оқытуда оқушы мен ұстазға кедергі келтіріп жатқан жайлар да ретке келтірілді. Қала бойынша мектеп балансындағы 7118 компьютер 6500 оқушыға, 618 мұғалімге уақытша пайдалануға берілген.

Шолпан ҚАДЫРОВА, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы:

– Білім басқармасының call-орталығына білім беру мәселелері бойынша 520 өтініш түсті, оның ішінде қашықтан оқыту жөнінде 177 өтініш-сауал бар. Әсіресе, интернет жылдамдығының төмендігі, техникалық қызмет көрсету және 111 өтініш кеңес беру сипатындағы мәселелер, қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастырғаны үшін педагогтарға алғыс айтқан 66 хат келді. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің фронт-кеңсесіне 2 шағым түсті. Оның бірі жекеменшік колледждегі еңбекақы мәселесі болса, екінші шағым №19 мектептен «Kundelik» жүйесі бойынша келген. Мәселелер қаралып, шешімін табуда.

Жалпы, жергілікті бюджет есебінен компьютерсіз отырған оқушыларға техника 100 пайыз жеткізілді. Басқарма басшысының айтуынша, 529 млн теңгеге 2613 компьютер, 218 млн теңгеге интернетпен қамтамасыз ету үшін 5200 флеш-карта алынған. Бұл қаражат 1-4-сыныптардың тамақтануын ұйымдастыруға үнемдеу есебінен пайдаланылды, сондай-ақ қалған қаржы – 600 млн теңге бейнебақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгіннен бастап мектеп оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау басталды (БЖБ). Аптасына екі сағат және одан да көп жүктемемен оқу пәндері бойынша бөлімдік жиынтық бағалау 11 мамырға дейін өтеді.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау 1 рет 18-22 мамыр аралығында өткізіледі. 1-4-сынып оқушылары үшін БЖБ және ТЖБ өткізу уақыты шектелмейді. Бөлімдік те, тоқсандық та жиынтық бағалау бір күнде үш жиынтық жұмыстан аспауы тиіс. Айта кетейік, Білім министрінің бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылы қорытынды аттестаттау болмайды. Қорытынды бағалар жылдық нәтижелер бойынша қойылады.
Бүгінде 4 мамырдан бастап кейбір жұмыс орындары іске қосылды. Балабақша қажеттілігі де сезілуі мүмкін. Ал қазір 18 наурыздан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары уақытша демалыста. Сол себепті елордада балабақшаға баратын 55708 бала үйде отыр. Қаладағы 377 мектепке дейінгі ұйымның 94-і – мемлекеттік, 237-сі жекеменшік балабақша болса, орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптарында 3485 бала оқиды. Алайда мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін тоқтап тұр. Басқарма басшысы күшейтілген режим саябырсығанмен, балабақша жұмысы мен тәрбиешілердің қызметіне қашан кірісетінін уақыт көрсететінін айтты.
Әдетте мамыр айының аяғы – 5 жасқа толған тәрбиеленушілердің балабақшамен қоштасу дәстүрі. Биылғы балалар сүйікті балабақшаларымен үйінде отырып-ақ қоштасады.
Ал әзірге басқарма мектепке дейінгі ұйым­дардағы босаған орындар мен түлектердің санына мониторинг жүргізуде. Балабақша кезегіндегі балаларды шақыру мерзімі туралы шешім төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін қабылданады.
Сәуір айының басында қосымша білім беру ұйымдары да қашықтан өз жұмыстарын бастады. Осы мақсатта жалпы білім беру мектептері, колледждер, қосымша білім беру ұйымдарының сайттарында алдын ала дайындалған тақырыптық бейнесюжеттер, онлайн-сайыстар, шеберлік сыныптар, челлендждер, бейнесабақтар, онлайн-экскурсиялар орналастырылған, «Қашықтан оқыту» рубрикасы ашылған.
6-30 сәуір аралығында 29865 сабақ өткізілген. Ата-аналарды күпті қылған сауал – қашықтан оқыту кезінде қосымша білім беру қызметтерінің құны. Елорданың қосымша білім беру ұйымдары қызметтерінің құны қала әкімдігінің шешімімен бекітіледі. Осыған байланысты үйір­мелердің төлемақысында әзірге өзгеріс болмайды.
– Сондай-ақ қазіргі кезде музыкалық мектеп түлектерінің ата-аналары, мемлекеттік емтихандар қандай нысанда өтеді, балалар мектеп бітіру сертификаттарын уақытылы ала ма деп алаңдаушылық білдіруде. Егер төтенше жағдай алынып тас­талса, емтихандар жоспарлы түрде өткізіледі. Егер карантин ұзартылса, онда қосымша білім беру ұйымдары әр мамандықтың ерекшеліктерін ескере отырып, онлайн-емтихандарды ұйымдастыруға мәжбүр болады, – деді Шолпан Маратқызы.
Басқарма басшысы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша, төтенше жағдайдың режимі тоқтатылған жағдайда 1-4-сынып оқушыларына арналған мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру жоспарланатынын да айтып өтті. 5-9-сынып оқушылары үшін Оқушылар сарайындағы жазғы демалыс академиясы, «Дидарлы жаз» спорттық ойындары мен спорт алаңдары ұйымдастырылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =