Білім беру флагманы

0 49

Оқу – ойдың азығы, білім – ырыстың қазығы. Ал XXI ғасыр – білімнен қуатты күш жоқ екенін түсінетін және біліммен қаруланған адам жеңілмейтінін мойындайтын уақыт. Осыдан 10 жыл бұрын еліміздің ғана емес, әлем елдерінің білімділеріне есігін айқара ашқан Назарбаев университетін жыл сайын мыңнан аса түлек бітіреді. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосуда. Тіпті таңғажайып жаңашылдықтарымен елімізді әлемге танытып жатқан студенттер де бар.

Академиялық еркіндікке негізделген Қазақстандағы ең алғашқы білім ордасы – Назарбаев университетіне биыл 10 жыл. 2010 жылы Елбасының өзі негізін қалаған Назарбаев университеті – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін еліміздегі бірегей оқу орны. Әрине, 10 жыл аз ғана уақыт болғанмен, білім көкжиегіне соны жолмен қосылған оқу орны біраз жетістікті бағындырып үлгерді. Мерейтой қарсаңындағы басты жаңалық – биыл университет студенттерге биомедицина, білім беру, биотехнология және басқа да басым және сәйкес мамандықтар бойынша тереңдетілген зерттеулер жүргізе алатын жаңа докторлық бағдарламаларды іске қос­ты. Жалпы алғанда, соңғы 10 жыл ішінде университет 5000-нан астам жоғары білікті кадрларды шығарды, олар қазір тек Қазақстанның ірі компаниялары мен өндіріс орындарында ғана емес, сонымен қатар Apple, Google, Facebook, BMW, Booking.com сияқты әлемге әйгілі корпорацияларда жұмыс істейді.
Тағы бір қызықты әрі құнды ақпарат оқу орнының ғана емес, технологияның жемісті ісі болмақ. Назарбаев университетінің «ақылды» жүйелер мен жасанды интеллект институтының ғалымдары сөз тану, сөз синтезі және тағы да басқа технологияларын қазақ тілінде қолдану үшін қазақ тіліндегі дауыстық деректерді жинауды бастады. Бұл технологиялар Siri, Alexa және Cortana сияқты танымал виртуалды ассистенттерде қолданылады. Болашақта осы деректер жиынтығы қазақ тілінде басқа бағдарламалар/қосымшалар жасау үшін пайдаланылатын болады.
Биыл маусым айының ортасында Назарбаев университетінде түлектерге диплом тапсырудың виртуалды рәсімі өтті. COVID-19 пандемиясына байланысты салтанатты рәсім алғаш рет цифрлық форматта ұйымдас­тырылды.
Университеттің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің құттықтау сөзінде университеттің бірінші онжылдықтағы елеулі жетістіктерін атап өтті. Ол әйгілі университеттерде әрі қарай оқуларын жалғастырған және жетекші отандық, трансұлттық корпорацияларда жұмыс жасаудағы жетістіктерімен кеңінен танымал болған түлектердің дайындық деңгейіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, биыл университетті 1051 студент бітірді, оның ішінде 618 бакалавриат, 433 магистратура және докторантура бағдарламаларының түлектері бар. Өзгесін айтпағанда, осы жылы инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі 9 PhD докторын, ал медицина мектебі медицина докторы (MD) мамандығы бойынша 28 студентті оқытып шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, Назарбаев университетінің мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур университеттерімен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім береді.
Тиімді академиялық ортаны құру және елдің адами капиталын дамыту мақсатында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Греция, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Австралия, Үндістан және т. б. әлемнің 50-ден астам елдерінен 543 адамнан тұратын үздік ұлттық және халықаралық профессорлар университетке студенттерді оқыту үшін тартылған.
Медицина ғылымдарының докторы Алмагүл Күшұғылованың жетекшілігімен NLA ғалымдары әзірлеген сапалы, ұзақ өмір сүруге арналған өнімді өндіріске енгізу жөніндегі «НӘР» синбиотигі жобасы Ғылым қоры ғалымдарының таңдаулы 30 командасының қатарына енді.
Естеріңізге сала кете­йік, «НӘР» синбиотигі – бұл бірқатар бірегей қасиеттері бар, оның ішінде иммунитетті арттыратын және белсенді ұзақ өмір сүруге ықпал ететін алғашқы функционалды тамақ өнімі. Бұл өнім қант диабеті, артериал­ды гипертензия, семіздік, метаболикалық, кардиоваскулярлық синдромы сияқты бірнеше ауруларға тиімді екен. Сондай-ақ онкологиялық аурулардың, оның ішінде колоректалды обыр­дың алдын алу кезінде де таптырмайтын шипа. Бұл тамақ өнімдері – өнеркәсіп өндірісінің отандық нарығына шыққан Қазақстан ғылымының алғашқы және бірегей өнімі. Сөйтіп Назарбаев университеті ғалымдарының жобасы таңдаулы ТОП-30 командалардың қазақстандық рейтингіне енді.
Университет ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамына ұсынылған, Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін ағылшын тілінде техникалық бейіндегі 10 білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысты. 2013 жылдан бастап ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының 300-ден астам топ-менеджерлері НУ жоғары білім беру мектебі ұйымдастыр­ған жоғары білім берудегі трансформацияның кешенді процесін басқару бойынша басшыларға арналған біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2016-2017 жылдары медициналық жоғары оқу орындарының басшыларына арналған кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың үш айлық курсы ұйымдастырылды.
Жыл сайын Назарбаев университеті жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразия­лық форумын өткізеді, оның аясында жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланады, семинарлар, мастер-кластар, жоғары білім беру саласындағы сарапшылар арасында пікір алмасулар өткізіледі. Бірінші форум 2011 жылы өтті. Ал былтыр өткен форумға Қазақстан мен Орталық Азия ЖОО-ның 150-ге жуық өкілі қатысты. Дәстүрлі түрде семинарлар академия­лық қызмет, ғылым және инновация, университетті басқару секциялары бойынша өткізілді. Қоса кету керек, 2016 жылдан бастап ҚазМЗУ-мен бірлесіп жыл сайын Қазақстанда жоғары білім берудегі академиялық адалдық бойынша конференция да ұйымдастырылып келеді.
Назарбаев университетінде ғылымды, инновацияны және кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын НУ бизнес-инкубаторы Қазақстанның жас кәсіпкерлеріне стартап жобаларды дамытуға қолдау көрсетеді. Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігімен бірге бизнес-акселератор Tech Central Asia акселерациялық бағдарламасын іске қосты. 2019 жылы осы бағдарлама аясында 11 ­ЖОО-ның 21 жобасы қаржыландырылды.
НУ түлектері қандай бәсекелестік артықшылықтарға ие дегенге тоқталсақ, ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік мәселесі бүгінде білім беру және мемлекеттік кадр саясаты саласындағы ең маңыз­ды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл қазіргі әлемде өмірдің барлық салаларында қарқынды өзгерістер орын алуына байланысты, ЖОО ең алдымен түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптас­тыруға көбірек көңіл бөледі. Бұған тек олардың дамуы мен маман ретінде қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағы да, ертең қалай болатынымыз да байланысты. Бүгінде тек мемлекеттердің ғана емес, сонымен қатар адам мен адамның бәсекелестігі жүріп жатыр. Мұнда ғылым мен білімнің мәртебесін көтеретін және артта қалмайтын креативті ұрпағы бар ел жеңеді. Жұмыс берушінің үміткерге қоятын талаптары жоғары болғандықтан, бүгінгі таңда оқу бітірушінің бәсекеге қабілеттілігі тек қана оның кәсіби біліктілігімен шектелмейді. Кәсіби білімімен қоса, коммуникативтік қабілеті жоғары болып, мақсатқа жетуге талпынысы, бейімділігі, дербестігі, белсенділігі, жылдам оқып үйренуі, шығармашылығы және сыни ойлау қабілеті, сондай-ақ үнемі өзін-өзі дамытуға ұмтылысы басым болуы тиіс. Сонымен қатар, түлектердің кәсіби біліктілігінен басқа, олардың ұжымда жұмыс істей білуі, өзінің дос­тарына көмектесуі және қолдау көрсетуі, әлеуметтік жа­уапты болуы сияқты, адамдық, жеке қасиеттерінің болуына зор мән берілетінін ескерген абзал. Бүгінде жоғары оқу орындарының міндеті – студенттерге жақсы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестікке оның жылдам бейімделуіне жағдай жасау. Бұл бағытта былтыр оқу орны «Болашаққа дайын түлектер» атты форум өткізді. Осы тақырып аясында қызықты сессиялар сериясын дайындады.
Назарбаев университетінде 4 ғылыми орталық бар. Мұндағы ғалымдар көптеген салаларда зерттеу жүргізіп, инновация, талдау және ынтымақтастық арқылы адамдардың білімін кеңейтуге ұмтылады. 450-ден астам оқытушылар мен зерттеушілердің көмегімен, өзі құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде Назарбаев университеті Қазақстандағы жетекші зерттеу орталығына айналды.
Әлемдік деңгейде білім бәсекесінде топ жарып жүрген университет студенттері аз емес. НУ студенттері командасының «жасыл» және таза технологиялар саласындағы халықаралық конкурстағы жеңісі де биылғы жылдың басты жаңалығы.
Айдана Төлешова мен Дәулет Айтымбаев бастаған Назарбаев университеті студенттерінің командасы Амстердамдағы ClimateLaunchpad халықаралық байқауының гранд финалында Theme awards – Сlean mobility номинациясында жеңіске жетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =