БІЛІМ БЕРСЕК БАЛАҒА АЛАЛАМАЙ…

0 138

Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға бірдей білім беру орталықтарына бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында алғашқы рет заң қабылдады. Осы маңызды құжат аясында кемтар балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілді.

Бұл тұрғыда Астана қаласында да жақсы үрдіс қалыптасқан. Қалалық білім басқармасының әдіскері Гүлнар Камашеваның айтуынша, кемтар балалардың арнаулы сыныптарда немесе үйде оқитынын анықтайтын елордада психологиялық-медициналық кеңес беру жөнінде үш мекеме жұмыс істейді.
Сонымен, қаладағы №65 мектепте есту қабілеті төмен – 79, №18 мектепте тіл мүкістігі бар – 54, №10 мектепте көру қабілеті төмен 185 бала білім алуда. Бұдан бөлек, арнаулы түзету мектеп-интернатында 260 бала оқып жүр.
Бірақ кейінгі кезде жалпы инклюзивті білім беру тұрғы­сында кейбір түйткілді мәселелер бар екенін жасыруға болмайды. Солардың бірі – осы бағытта оқытатын педа­гогтардың жетіспеушілігі. Екіншіден, мүгедек бала­лардың барлығын бірден партаға отырғызып, оқытып кетудің мүмкін еместігі. Үшіншіден, оқытқанның өзінде көпшілік ата-аналар тарапынан кеңінен қолдау таппай отырғандығы. Өйткені, «мүгедек бала оқитын сыныпта менің балам неге отыруы керек?» деген теріс көзқарастың да бой көрсетіп қалатындығы. Бұл пиғыл білім беру мекемелері өткізген басқосуларда айтылып қалып жүр.
Бұл – қате түсінік. Неге десеңіз, ол бала мүгедек бол­ға­нымен, бас еркі өзіндегі азамат. Қайда, қай мектепте оқимын десе де хақы бар. Оларды ата-аналары көмекші не арнаулы мектептер мен мектеп интернаттарға, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері мен сыныптарға бергісі келмесе, жалпы балалар оқитын мектептерге жеңілдетілген бағдарламамен оқытуға толық құқылары бар. Сондықтан, қазір бұл жүйе мектепке дейінгі мекемелерде біртіндеп қолға алынуы тиісті.
Жоғарыда айтылған заңда инклюзивті білім берудің негізгі тұжырымдары айқындалды. Негізінен, жүйе педагогтар тарапынан қолдау табуда. Мемлекетіміз білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасына инклюзивті білім беруді дамытуды да қосты. Бүгінгі таңда іс-тәжірибе көрсетіп отырғанындай, елімізге мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің ұлттық бағдарламасы қажет болып отыр.
Қазақстанда бұған дейін мұндай балалар арнаулы мекемелерде бөлек оқытылып келген еді. Қазір дені сау балалармен қатар білім алып, жалпы ортаға бейімдеуі қажет екендігі мойындалып келеді. Тек соның өзгешеліктерін ескере отырып, жай мектептің оқу бағдарламасына кіріктірген жөн. Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, мүмкіндіктерін жетілдіретін жалпы білім үрдісінің дамуы болып саналады. Сондықтан инклюзивті оқыту арқылы бала бойындағы қабілетті дер кезінде байқауға, ақыл-ойын дамыта отырып, дарындылығын ұштауға болады. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізе білсек, бала болашағына жол ашқанымыз болар еді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 14 =