БІЛІМ БАСЫ АТА ЗАҢНАН БАСТАЛСА…

0 92

     Тамыз айының соңғы аптасы басталды.­ «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» білім ордаларына­ шақыратын алғашқы қоңыраудың сыңғырын балдырғандар тағатсыздана күтіп жүрген кез. 

«Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті». Ата Заңымызда осылай жазылған. Ал бірнеше күннен кейін Конституция күнін атап өтеміз. Дәл осы күні бүкіл қазақстандықтардың еліне деген мақтанышы артып, өміріміздің алтын діңгегі – осы заңның мәнін де, мәтінін де жадымызда жаңғыртамыз.

Еліне деген мақтаныштан шығады… Жақында Қуаныш атты баламыз Тегеранда өткен Құранды қырағаттап, жатқа оқитындардың жарысына қатысып келді. Аэропорттан түсе сала алған әсерін айтып жатыр. Халықаралық сайысқа алпыс елден келген 120 қаридың дені «Қазақстаннан келдім» дегеннен елең ете қалыпты. Олар алдымен Елбасының атын атап, алтынды болған Лондон олимпиадасын еске түсіріп, елімізге құрметін білдіріпті. Осындай әңгімені естіп отырып, өзіміз де марқайып қалдық.

Елге мақтаныш шетелде жүргенде ерекше сезіледі. Бірде өзге республикада жүріп, тоғыз тарау жолдың айырығында адасып, тағы бір елдің шекарасына қарай кетіп қалыппыз. Алдымыздан шыққан сақшылар адасқанымызға сенер-сенбесін білмей, дағдарып қалды. Сонда мен Қазақстан Республикасының азаматы екенімді дәлелдейтін төлқұжатымды көрсеттім. Жағдай күрт өзгерді. Жол сақшылары өздерінің көлігімен алға түсіп, жолбасшы болып, керек жерімізге дейін жеткізіп салды. Жанымда жүрген сол жердің азаматы, өзіміздің қазақтың баласы еді. Қиын жағдайдан құтқарған менің құжатымды көпке дейін ұстап отырды. Сол сәтте оның өн бойынан елге деген сағынышы да, мақтанышы да сезіліп тұрды.

Заң демекші, өткен жылдары америкалық Oak Hill Publishing Company сауалнама жүргізіп, нәтижесін жариялапты. Құрама штаттардың 5 мыңдай тұрғыны 50 шақты қарапайым сұрақтарға жауап берген екен. Күллі американдықтардың символы деп жататын, осыдан 220 жыл бұрын жазылған Конституциясының қабылданған жылын дұрыс айтқандар саны тым аз болған. Айтулы күнді сұралғандардың 27 пайызы ғана білетін болып шықты. Бір қызығы, сұрақтан сүрінгендердің дені жастар екен. Ал Ұлттық Конституция (National Constitution Center) орталығының көрсеткіштері бұдан да нашар. Американдықтардың 19 пайызы ғана өздерінің негізгі заңының мазмұнына қанық. Ол – ол ма, сауалнамаға қатысқандардың 65 пайызы федералды өкіметтің үш тармағын ашып айтып бере алмапты. Ал, 35 пайызы «ағылшын тілі – АҚШ-тың мемлекеттік тілі» деп жауап беріпті. Шындығында америкада тілге қатысты ешқашан ешқандай заң қабылданбаған. Респонденттердің әрбір алтыншысы өз елін «христиандық ұлт» деп негізгі заңда көрсеткен деп жаңылады. Расында, американдықтардың негізгі заңында барлық діннің терезесі тең және дін мемлекеттен бөлек деп жазылған. Ал, кейбір американдықтар өз елінің бас қолбасшысы кім екенін де айта алмаған.
…Ойды ой қозғайды. Енді бірнеше күннен соң мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталғалы тұр. Осындайда жас өрендердің қолына алып оқитын алғашқы кітабы – Қазақстан Республикасының Конституциясы болса,­ қандай жақсы деп ойлайсың…

Айгүл УАЙСОВА
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =