Білім – бәсекеге қабілет бастауы

0 224

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауы көпшілік арасында қызу қолдау тапты. 

Қазақстан-Ресей университе­тінде де Елбасының Жолдауы кеңінен талқыланды. Оған университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Университет президенті Марат Молдахметов студенттерге заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары туралы түсіндірді. Білім мен кәсіби машық өзара үйлесім тапқанда ғана ұлт алға жылжиды. «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айна-луымыз керек» деген Елбасының сөзі әрбір жастың мақсаты болуы тиіс екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Президент Жолдауында бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан да мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу туралы айтылған болатын. Сонымен қатар Елбасы «Қазақстан – 2050» страте­гиясының жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беру және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Себебі, Жолдауда айтылғандай, кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.

Хамит ЕСАМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 4 =