БІЛІМ БАҒБАНЫ

0 145

Ұстаз – ұлы тұлға. Білім беру жолында біліктілігі мен білімділігін танытып, шәкірттеріне білгенін үйретіп жүрген ұстаздар еңбегі қашанда мәртебелі саналады. 

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, ұстаздық ету жолында ерінбей тер төгіп келе жатқандардың бірі Астанамыздағы жүз жылдық тарихы бар Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының мұғалімі Майра Айсақова дер едім. Өзіміздің әріптесіміз, әріптес болғанда ұстаздар ұжымы мен шәкірттері үлгі-өнеге тұтатын Майра Бапанқызы жөнінде күн сайын естіп жүрген жылы лебіздерді бір мақалаға сыйғызып айту мүмкін емес деп ойлаймын. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Майра мұғалім 1954 жылдың сәуір айында Ақмола облысы Целиноград ауданы «Жаңа жол» ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Бапан Тұяқұлы Ұлы Отан соғысының майдангері, КСРО Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 40 жыл­дан астам ұстаздық еткен Қазақ КСР-і ағарту ісінің үздігі болса, анасы Убәйда Темірболатқызы бала тәрбиесімен айналысқан, өмірден көргені мен түйгені мол, ауыл-аймаққа сыйлы ұлағатты жан еді. Осындай өнегелі отбасында өскен Майра апайдың ұстаз болуы заңдылық деп ойлаймыз. Дегенмен, ұстаздық жолды таңдауына әкесінің ақыл-кеңесі, көпке үлгілі еңбек жолы әсер еткен болу керек. 8-сыныпқа дейін ауыл мектебінен білім алған Майра апай 10-сыныпты сол кездегі Целиноград қаласындығы Ж.Жабаев атындағы №4 мектепте жалғастырады. Мұнда қала маңындағы жақын ауыл­дардан келген балалар оқитын еді. Қала балалары өте аз болатын. Оның себебі, «Орысша білмесең, адам болмайсың» деген қағиданы ұстанған ата-аналар балаларын орыс мектептеріне беруге құштар болды. Сонымен, 1970 жылы 10-сыныпты ойдағыдай бітірген соң Майра қала іргесіндегі Родионовка сегіз жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

«Біле бергім келеді, біле бергім,

Біле беру емес пе тілегі елдің», -деп ақын жырлағандай, білімін көтеруді мақсат еткен Майра апай 1974 жылы Шымкент пединститутына оқуға түсіп, 1979 жылы тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жерде Әбдіхал ағамен дәм-тұзы жарасып, отбасын құрып, ұстаздық еңбегін жалғастырады.

Өткенге бір шегініс жасасақ, кеңестік солақай саясаттың салдарынан 80 жылдары сол кездегі Целиноградта жалғыз ғана қазақ мектебі қалып (атал­мыш мектеп), оның өзіне жабылып қалу қаупі төнген еді. Сол қауіпті сейілтіп, мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуда және оның беделін көтеруде 80-90 жылдар аралығында Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Жұмабике Әрпенованың жасампаздық істерін айтпасқа болмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», жігерлі де та­лантты ұстаз Жұмабике Әрпенова қаладағы аз ғана ұлтжанды қазақ зи­ялылары, ұстаздар қауымымен біріге қимылдаудың арқасында қаладағы әр қазақ отбасына барып, балаларын қазақ мектебіне беруді насихаттап, үгіт жұмыстарын тиянақты жүргізе білді. Соның нәтижесінде қазақ мектебінде оқитын балаларының саны артты. Кеңес өкіметінің әлсіреп жатқан кездегі қиыншылықтарға қарамастан бар мүмкіндікті пайда­лана отырып, жаңадан 700 орынды 3 қабатты мектеп ғимаратын салуға қол жеткізілді. 1981 жылы отбасы жағдайына байланысты Майра апай Целиноградқа қоныс аударып, өзі оқыған №4 мектепке орналасып, ұстаздық еңбегін бастайды. «Өзіме сабақ берген ұлағатты ұстаздарыммен бірге бір мектепте жұмыс істеу үлкен қуаныш пен бақыт еді. Ол ұстаздарым: Дәмеш Аймағанбетова, Шолпан Сыздықова, Кәсира Шәкірқызы, Халима Әубәкірқызы, Мария Нұртаева, Тем­кен Хасенов»,– деп еске алады Майра апай. Сабақ сапасын арттыру және оның тиімділігін жетілдіру бағытында әрдайым ізденеді. Күнделікті жоспа­рында сабақ мақсаттарын дәл анықтап, материал мазмұны мен оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді үйлестіреді.

Бүгінде Майра апай мектептегі ең тәжірибелі мұғалімдер қатарында сана­лады. Өз әріптестері арасында әрқашан еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен, жанашырлығымен ерекшеленіп тұратын оның ұжымдағы орны бөлек. Шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде де Майра Бапанқызының шоқтығы биік. Оған шәкірттерінің жақсы нәтижелері куә. Мәселен, 2007-2008 оқу жылында ҰБТ қорытындысында тарихтан білім деңгейі бойынша қала оқушыларының арасында шәкірттері 4-ші орынға шықты. Осы мектепте ұстаздық ет­кен жылдары Майра Бапанқызының алдынан білім алған талай шәкірті тарих және құқық пәндері бойын­ша аудандық, қалалық, облыстық, республикалық білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие бол­ды. Биылғы оқу жылы да ұстазға көп қуныш әкелді. Өзі дайындаған 11 «м» сыныбының оқушысы Маржан Сәлдебаева республикалық ғылыми жобалар сайысында III орынды жеңіп алды. Құқық пәні бойынша аудандық, қалалық сайыстарда биылғы шәкіртері Жамбыл Төлепберген, Алтынай Ақжан III орындарды иеленді. Бұдан 10 жыл­дай бұрын бітірген шәкіртерінің бірі Гүлжан Бәйтемірова республикалық грантты жеңіп алып, халықаралық құқық факультетін бітіріп, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ұстаздық етеді. Олжас Әкімов, Рахым­жан Исақұлов, Баубек Тоқтағазин, Дәурен Омаров сияқты талантты шәкірттері алыс шетелдердің таңдаулы оқу орындарында білім алып, алды қызметке араласуда. Қытайда білім алушы, магистрант Дәурен Омаров атты шәкірті жаңа технологиялар саласына маманданып жатса да, уақыт тауып журналистикамен де айналысады. Оқи жүріп, «Айқын» газетінің Қытайдағы тілшісі қызметін атқарады. Жазғандары елордалық, республикалық басылымдарда жарық көруде. Осы шәкіртінің Филиппин еліне іс-сапармен барғандағы бір жолжазбасында ұстазына бет әлпеті ұқсас билет сататын кассир әйелді кездестірген кезінде мейірімді Май­ра апайын сағынышпен есіне алып, жаңағы филиппиндік әйелге: «Сіз менің мектептегі мұғалім апайымнан аумайды екенсіз, мен енді сізді Майра апай деп атайыншы», – деп жазғанын тебіренбей оқу мүмкін емес («Ана тілі» газеті 17-30 наурыз 2011 жыл). Оқушыларының көбі ұстазымен бай­ланысын үзбей хабарласып, мейрам күндері құттықтап жатады. Ұстазға шәкірттерінің ыстық ықыласы мен құрметінен артық қандай биік мара­пат болушы еді. Сондықтан, Майра Бапанқызы өзі оқытқан білім-тәрбие берген шәкірттеріне әрқашанда ризашылығын білдіріп, үнемі мақтан тұтады.

Майра апай тек қызметіне адал жан ғана емес, сонымен қатар, адал жар, аяулы ана, ардақты әже. Отбасы тірлігіне де, қоғам тынысына да сергек қарайтын жан. Жұбайы Әбдіхал екеуі бір ұл екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немерелер сүйіп отыр.

Майра Бапанқызының Ж.Жабаев атындағы мектепте 30 жылдан астам жасап келе жатқан еңбегі елеусіз қалған емес. 1991, 2006, 2007 жылдары ҚР Білім және ғылым министірлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1999 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі атанды. Бала жанының бағбаны Майра апайдан дәріс алған көптеген оқушылар республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, Отанымыздың гүлденіп дамуына өз үлестерін қосуда.

Міне, бүгін ұлағатты ұстаз Майра Бапанқызы тағы бір оқу жылын аяқтап отыр. Тағы да түлектер ұшырады. Бұл – жақында ғана зейнеткерлік жасқа толған әріптесіміздің тағы бір өмір белесі десек болады.

Хасен МАСХҰТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =