©2020 Астана Ақшамы
БІЛІКТІЛІК КӨЗІ – БІЛІМДЕ
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылғандай, енді нағыз бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
«Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады. Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз. Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз» деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, жастарға жаңа буын қазақстандықтарға сенім арта отырып, оларға жасампаздықтың қозғаушы күшіне айналуға тиістісіздер деген міндет қойды. Бұл ретте өскелең ұрпақ өкілдерінің терең білім алып, жан-жақты дамыған азаматтар қатарын толықтыруы жолында елімізде барлық жағдай жасалуда. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашылып, «Болашақ» бағдарламасы құрылды.
Біздің мектеп ұжымы да осы бағдарламаны қызу талқылады. Әрбір ұстаз оның болашағымызды бақытқа бастайтынына сенім білдірді. Атап айтсақ, мектебімізде Елбасы тапсырмалары негізінде білім сапасын жақсартуға басымдықтар берумен бірге, жас ұрпақтың танымдық дүниесін байытып, зияткерлік дамуын қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта ұйымдастырылып жүрген танымдық-зияткерлік сайыстар оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін жетілдіріп қана қоймайды, жас ұрпақтың бойы-на дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастырып, биология пәніне танымдық қызығуын дамытуға, туған жердің табиғат байлығын сүюге, оны қорғай білуге жол ашады.
«Мың бала» жобасы негізінде экология бағыты бойынша «Дәрілік өсімдіктердің құрамын анықтау және оның адам ағзасына әсері» тақырыбында оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, басты байлық денсаулығымыз мықты болуы үшін батпандап кіріп, мысқылдап шығатын ауруды дәрісіз-ақ, үй жағдайында айналада өсетін дәрілік өсімдіктермен-ақ емдеп жазуға болатынын дәлелдеп шықты.
Расында да, балаларымыздың қазіргі заманға бейімделген болуы үшін алдымен олардың сауаттылығына зор көңіл бөлуіміз қажет. Бүгінгі таңда бұл бағытта мектебімізде игі шаралар өткізіліп келеді. Жалпы, біздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың бәрі сайып келгенде жоғары білімді ұлт болуға тоқтаусыз ұмтылу төңірегіне топтастырылған.
Айнұр ӘМІРОВА,
Астана қаласы №51 мектеп-гимназияның мұғалімі