«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Білікті ұстаздарға жатақхана беріледі

0 408

Елордалық білім беру ордаларында кәсіби білікті мамандар тапшы. Осындай шешімге келген қалалық Білім беру басқармасы мұғалімдерге арналған жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен жәрмеңкеге 84 мектеп пен 94 балабақшаның өкілдері қатысты. Нәтижесінде мектеп мұғалімдерінің – 437, ал мектепке дейінгі мекемелерге 19 маманның түйіндемесі келіп түсті.
Биыл қалада оқушыларға бірнеше білім ордасының есігі ашылатыны белгілі. Жаңа мектептерге тәжірибелі мамандарды іздестіру мақсатында басқарма мамандары мен мектеп директорларынан жұмыс тобы құрылып, олар Астанаға жақын маңда орналасқан қалаларды аралады.
– Жұмыс тобы сапармен Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Арқалыққа барып қайтты. Онда мамандар жоғары оқу орындары мен колледж түлектерімен кездесіп, елордалық ұстаз атанудың артықшылықтарын түсіндірді. Бізде мектептердің материалдық базасы бекітілген. Педагогтар халықаралық, республикалық конференцияларда сөз сөйлеп, осы саладағы белгілі мамандардан тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі бар. Өңірлердегі мамандарды Астанаға қоныс аударып, өз біліктілігін арттыруға шақырамыз. Себебі білім беру саласындағы соңғы жаңалықтар дәл осы қалада жария етіліп, жаңа әдіс­термен жұмыс істеуге болады, – деген пікірін білдірді басқарманың әкімшілік-құқық бөлім басшысы Жаңыл Қылышпаева.
Сұранысқа ие мамандардың қатарында мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер, бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, ағылшын тілі, әдебиет, математика пәндерінің мұғалімдері бар. Аймақтағы мұғалімдерді ынталандыру үшін қалалық әкімдік оларға жатақхана бөліп отыр. Сондай-ақ, білім беру саласында еңбек етіп жүргендер арнайы хостелде де тұра алады. Болашақта жас отбасыларға шағын пәтерлердің құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Астанада жұмыс істеуге ниетті ұстаздар арасында конкурс өткізіліп, лауазымға қабылданады. Комиссия мүшесіне мектеп әкімшілігімен қатар ата-аналар комитеті де кіреді.
Жәрмеңкеге келген ағылшын тілінің мұғалімі Нұрсұлу Жұмашева өз мамандығы бойынша бұрын-соңды жұмыс істемеген. Дегенмен репетитор болып, ке­йін мемлекеттік қызмет істеп, ақыры жанына жақыны мұғалім екенін түсінген. «Ұстаздарға арналған жәрмеңке өткізілетінін біліп, қуандым. Себебі мұғалім болу – мен үшін үлкен мәртебе. Қалаған жұмыс орнын осында табамын деп үміттенемін» деді ол.
Жұмыс іздеп жүрген мұғалімдер үшін әр сенбі күні (18 және 25 тамызда) бос орындар жәрмеңкесі өткізілетін болады. Үміткерлер әңгімелесуге сағат 10:00-ден сағат 13:00-ге дейін келе алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды