Білікті мемлекеттік қызметкер – ел тірегі

0 183

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілердің жұмысы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен және басқа да заңдармен реттелетіні белгілі.Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланғаннан кейін, өзінің елді әрі қарай дамыту бағдарламасында алдағы уақытта мемлекеттік қызметке іріктеп қабылдаудың жаңа бір жүйесі жүзеге асырылатынын айтып еді.
Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы А.Жайылғанова Президент берген тапсыр­маның орындалғандығы және атқарылған жұмыстар туралы Мемлекет басшысы алдында есеп берді. Ашық негізде өткізілген конкурс­тық іріктеуге республиканың түкпір-түкпірінен өздерінің бағын сынау үшін 13 мыңға жуық жастар қатысып, солардың ішінен барлық емтихандардан сүрінбей өткен 300 үміткердің іріктелгендігі туралы мәліметке жүртшылық ерекше назар аударды.
Бұл мақаланың жазылуы­на түрткі болған жайт, Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевпен кездесуден кейін Президенттік кадрлық резервке алынған жастардың журналистерге берген сұхбаттары болды. Өз пікірін білдірушілердің бірен-сараны ғана журналиспен ана тілімізде тілдесті. Қойылған сұраққа жауап берушілердің көбі ресми тілде сөйлегендеріне байланысты олардың кадр сыртында айтылған ойларын сұбхат алушылар қазақ тілінде аудармасын беруге мәжбүр болғанын байқадық. Осындай жайттың куәсі болғаннан кейін көптеген ойлар мен сұрақтар пайда болды.
Мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеруіміз қажет деп айтқанымызға ширек ғасыр­дан астам уақыт өтті. Содан бері мемлекет құ­рау­шы халықтың тілі мәртебесі көтерілмек түгілі, әлсізденіп бара жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ мектептеріндегі және мектепке дейінгі оқу-тәрбие орындарына барып, сондағы балалардың бір-бірімен сөйлескенін байқасаңыз, 70 пайыздан астам балалар мен жеткіншектер өзара ана тілінде емес, өзге тілде сөйлеп жатқанының куәсі болар едіңіз. Ал банк, қаржы жүйе­лерінде және сауықтыру мен спорттық орталықтарында тілдің жағдайы одан да мүшкіл.
Президенттік кадрлық резервке сұрыпталған жас­тардың барлығы ана тілінде еркін сөйлеуді және жазуды меңгерген азаматтар ма? «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда белгіленгендей, міндетті түрде қазақ тілін білу туралы талап орындалды ма? Үміткерлердің осы бағыттағы білімдерін Агенттіктің комиссиясы қалай анықтағандығы туралы ресми ақпараттарда мәліметті кездестіре алмадым.
Болашақта мемлекеттік қызметке көбінесе осы топтан тағайындалады дейтін болсақ, ал олардың қазақ тілін меңгеру деңгейлері төмен болатын болса, ондай мамандардың сол қызмет жүйесінде ана тіліміздің мәртебесін өзінің лайықты деңгейіне көтеріп алып жүреді деп айту өте қиын.
Енді бір 15-20 жыл өткен кезеңде осылардың ортасынан ел басқаратын тұлғалардың шықпайтынына кім кепілдік береді?! Ал олар ел басқару тағына үміткер ретінде мемлекеттік тілді белгілі бір дәрежеде өтетін емтиханның талабын қалай орындамақ?
Біздің елімізде мемлекеттік қызметте жұмыс жасаймыз деген үміткерлерді іріктеу жолдары әртүрлі болып келеді ғой. Басқа жолдарды қайдам, бірақ мемлекеттің ұйымдастыруымен мақсатты түрде іріктеу арқылы мамандардың жас­тар резервін жасақтауда ең басты талаптың бірі – ол қазақ тілінде еркін сөйлеуді және жазуды меңгергендігі туралы дайындығын тексеретін сынақтарға сай болуы керек!
Осындай талаптардың қойылуы және орындалуы арқылы біздер ата-аналардың өз ұрпақтарына мемлекеттік тілді меңгеру­дегі көзқарастарын және пікірлерін өзгерте алатынымыз сөзсіз. Әрине, мұндай талаптардың қойылуы өзге тілде оқып, білім алғандарға оңайға түспейтіні белгілі. «Олардың білім деңгейлері жоғары, ондай талап қойылса, басқа мемлекеттерге кетіп қалады» деген пікірлердің айтылатыны анық. Бірақ қашанғы артымызға қарайлап, қорқыныш пен үрейде жүреміз? Бұл санатқа жататын жастардың онсыз да өзге елдерге жайғасып жатқанын білеміз. Ана тіліміздің мәртебесін биіктете түсетін шаралардың барлығында, оның ішінде мемлекеттік деңгейде өткізіліп жатқан болашақ кадрлардың жастар резервін жасақтау үрдісінде міндетті түрде мемлекеттік тілге деген заң талаптарының бұлжымай орындалуы тиіс.
Жоғарыда айтылған мәселелердің де шешімін табуға болады. Айталық, барлық талаптарды орындап, тек қана тіл білу мәсе­лесі резервке қабылдануына кедергі болып тұр­ған жағдайда, ондай үміт­керлерге тілді меңгеруге бір жыл мерзім беріп, сынақ­тан қайта өткізу талабы қойылса, орынды болар еді.
Үкіметтің мақсатты түрде іріктеуге қанатқақты жобаны жүзеге асыруға және жұмсалуға тиісті өлшеп берген қаражатына үміткерлерді анықтап, ел Президентімен кездес­тіріп, ұйымдастырушылар атқарған жұмыстарына оң бағасын алды. Ал енді осы резервтік тізімге кіргендердің болашақта еңбек жолындағы тағдырлары қалай болмақ? Осы тұрғыдан әрі қарай ойымызды өрбітетін болсақ, бұл жұмыс алған қарқынынан бәсеңдемеуі тиіс деп есептеймін. Үміткерлердің әрі қарайғы тағдырына, яғни, болашақтағы лауазым баспалдақтарымен жоғарылауына жауап бермейміз деген пікірге қосыла алмаймын. Қаражаттың тапшылығына қарамастан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арнайы бағдарлама қабылдап, қызметтік әртүрлі реестерлерді дайындап, осы топқа енген жас мамандардың өздерінің мамандықтарына сай жұмысқа орналасуын, атқарып жатқан қызметтік орындағы рейтингіні қадағалайтын және сыбайлас жемқорлық белгілері орын алған жағдайда, ондай үміткерлердің жолын кесу үшін қажетті шараларды қолдануға т.б. жұмыстармен айналысатын арнайы бөлімнің болғаны дұрыс болар еді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметке дайындығы мол жас мамандардың келуі еліміздің абыройын жоғарылататыны сөзсіз. Себебі білімді де білікті қызметкер – тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі!

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісі
I шақырылымының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды