Білікті маманға сұраныс жоғары

0 65

Пандемиямен арпалыста өткен оқу жылы білім саласына жаңа міндеттер жүктеді. Еңбек нарығында білікті мамандарға деген сұраныс артты. Жаһандану мен индустрияландыру жағдайында кадр даярлауды жақсарту мемлекет саясатындағы өзекті мақсаттардың бірі. Осы орайда елордамыздағы Қазтұтыну одағының жоғарғы сауда-экономикалық колледжінің директоры Мырзабек Күжімовпен осы тақырыпта әңгімелескен едік.– Мырзабек Төребекұлы, биыл орта білім бағдарламасына біраз өзгерістер енгізілді. Осыған орай кәсіптік-техникалық білімге сұраныс артты ма?
– Шынымен де, былтырдан бері кәсіптік білімге жастар жаппай келіп жатыр. Зерделеп қарайтын болсақ, осыдан 10 жыл бұрын Елбасы жүктеген тапсырма өз деңгейінде жүзеге асуда. Бұған дейін елімізде кәсіптік білім беруде тек теория басым болды. 60 пайыз теория, 40 пайыз практика. Қазіргі оқу бағдарламасына халықаралық стандарттар бойынша жұмыс берушілердің талабына сай өзгерістер енгізілді. Бұрын білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарын Үкімет шешсе, енді нарықтағы жыл сайынғы өзгеріске сай министрлік мемлекеттік стандарттарды жасауды қолына алды. Нәтижесінде колледжерде практиканың мөлшері 60 пайызға жетті. Соның ішінде дуальді оқыту жүйесі тың өрістерге жол ашты. Бұрын қоғамда колледжге түсіп, 3 жыл оқыған бала дайын маман болып шығады деген түсінік бар еді. Қазір бір маманды дайындау үшін колледж, жұмыс беруші, студент, ата-ана бірігіп жұмыс істейді. Колледж өз мойнына «Мен білікті маман даярлаймын» деп жеке жауапкершілік ала алмайды. Қазіргі талап бойынша білікті маман даярлау үшін жаңағы айтқан төрт бірлестік бірігуі керек. Бұрын жұмыс берушілер білім мекемесіне келіп, маман таңдауға қызықпайтын. Ал қазіргі өзгерістерге байланысты жұмыс берушілер өздеріне керекті маманды іздеп, сұрай бастады. Соның арқасында түлектеріміз өз саласын «білемін» емес, «қолымнан келеді» деп шығып жатыр. Оқытушылар оқитын дәрістерінің тақырыбын жұмыс берушілердің мақұлдауымен шешеді. Мұндай сырттай бақылау біреуге ұнамауы мүмкін. Бұл менеджер ретінде маған, ата-анаға, студентке өте пайдалы. Себебі біз 3-4 жыл баланың уақытын, Үкіметтің ақшасын, ақылы болса ата-ананың ақшасын аламыз. Сондықтан бізге сапасыз, біліктіліксіз маман даярлауға болмайды. Осы тұрғыда дуальды оқыту өте маңызды. Дуальды оқу кезінде студенттеріміз практикадан өтіп жүріп те жұмысқа тұра алады. Биылғы жаңалық бойынша студенттің өткен практикасы жалпы еңбек өтіліне кіретін болды. Енді жұмыс беруші студентке «сенің тәжірибең жоқ» деп айта алмайды. Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес колледжге түсуші талапкерлер енді емтихан тапсырмай, мектептегі бағасының орташа көрсеткішімен оқуға қабылданатын болды. Бұған дейін мемлекеттік гранттар оқу орындарына бөлініп келсе, енді грант талапкерлерге бөлінетін болды. Бала грантымен қай колледжге баратынын өзі таңдайды. Талапкерлердің 4 колледж, 4 мамандық таңдауға құқығы бар. Бұл министрліктің атқарған ең бір жақсы шешімі екенін айта кетуіміз керек. Осы өзгерістерді балалар ғана емес ата-аналар да, жұмыс берушілер де жақсы қабылдады. Тағы бір айта кететін тың өзгеріс, Мемлекет басшысы айтқан «Тыңдаушы үкімет» концепциясының білім саласына да келіп жатқаны. Нұр-Сұлтан қаласында 35 колледж бар болса, соның 24-нің ғана мемлекеттік тапсырыс алуға құқығы бар. Қазір білім сапасы мен мемлекеттік тапсырыс беруді бұрынғыдай комиссия шешпейді, жұмыс берушілер де қоса араласады. Олар колледждерге арнайы талаптар қоя отырып, материалдық базасына, әлеу­меттік серіктестеріне, білім бағдарламаларына қарайды.
Қазір біліктілікті тек студенттерден ғана емес оқытушылардан да талап етудеміз. Мұғалімдер біліктілік арттыру курстарынан ғана емес, өндірістік тәжірибеден де өтеді. Егер мұғалім кондитер, аспазшы дайындаса ресторандарда тәжірибеден өтеді. Бұл да білім сапасының артуына, мұғалімдердің деңгейінің көтерілуіне оң өзгеріс болары сөзсіз.

Кәсіп игеріп шығады

– Ал колледж бітіргеннен кейін түлектердің қанша пайызы жұмысқа орналасады?
– Бізде түлектердің жыл сайынғы жұмысқа орналасу көрсеткіші 85-87 пайыз. Көбі жеке компанияларға жұмысқа тұрады. Ал қалғандары жеке кәсіп ашады. Мысалы, колледжде аспаз-кондитерлерді, программистер мен маркетологтарды дайындаймыз. Олар колледж бітіргеннен кейін біреудің қол астында жалдамалы жұмыс істейді. Балалар сонда жүріп, кәсіптің қыр-сырын үйренгеннен кейін 2-3 жылда өз кәсібін ашады. Ол үшін олар мемлекетке жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал олар жақсы аспаз, жақсы программист болса да жеке кәсіпкерлікті алып жүре ала ма? Қазір кәсіпкерлікті ашу, салық төлеу, оны жабу процестерінің барлығы автоматизацияланған. Біз студенттеріміздің жақсы маман болып қана қоймай, өз кәсібін ашқанда түрлі қиындықтарға тап болмас үшін арнайы кәсіпкерлік білім беруді де бастап кеттік. Бұл бір жағынан Президентіміз айтқандай шағын бизнесті дамытуға қосып жатқан үлесіміз.
– Кейде көпшілік «қазір таяқ лақтырсаңыз, экономист пен есепшіге тиеді» деп әзілдейді. Осы бағыттағы мамандарды қалай дайындап жатырсыздар?
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Қазір қоғамда экономистер мен заңгерлер керек емес деген түсінік қалыптасып қалған. Менің ойымша, барлық мамандық қоғамға керек. Бірақ біліксіз кадр керек емес. Ғаламторды ашып қалсаңыз да есепші керек деген хабарлар толып тұр. Қазір есепшілер барлық жұмысын компьютермен атқарады. Бір адам кәсіпорын ашса да, салық төлемдерін жүргізуге есепші керек. Бас шаһарға білікті есепші жетіспейді. Біз бұл салада студенттерді тағы да жұмыс берушілермен бірге әзірлейміз. Үшінші курста осы мамандықта оқып жатқан студенттер өз атынан ЖК ашады. Оны ашудан бастап жабуға дейінгі процесті көздерімен көреді. Өздерінің дүкені бар. Содан тауар сатып алады. Оның бағасын қояды. Салық құрылымымен танысады. Қызметкерлерге айлығын төлейді. Қысқасы, оқу теориясы тәжірибе жүзінде іске асады. Бізді бітірген түлектердің бәрі экономист болады деп айта алмаймыз. Ол ертең жеке кәсіпкерлікпен айналысуы мүмкін. Сондықтан студенттерге бизнес-жоспар құруды үйретіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруді оқыта бастадық. Бір сөзбен айтқанда, басты талап – сұранысқа ие маман дайындау.
Сондай-ақ біз дайындайтын маркетолог, IT, аспаз мамандарға сұраныс жоғары. Неге? Себебі осы бағыттар бойынша біздің әлеуметтік серіктестеріміз мықты. Олар жоғары талап қояды. Айта кетер тағы бір жайт, кондитер-­технолог дайындауда жаңа талаптар жүзеге асып жатыр. Модуль бойынша студентке жұмысшы мамандығын бермей, технологты бере алмаймыз. Бұрын бірден технолог дәрежесін бере салып жүрдік қой. Сондықтан бұл да жақсы өзгеріс. Студент аспаздықты оқып бір сертификат алады, екінші кондитерлікті игерген соң тағы да сертификат алады, сосын ғана ол технолог дәрежесіне ие болады. Ары қарай жоғары оқу орнына түсуге де жол ашық. Бұрын студенттер 3 жыл оқуды аяқтамай, отбасылық жағдайымен жиі оқудан шығып кететін. Соңғы өзгеріс­терге сай 2 жыл оқығаннан кейін бала жұмыс істеймін десе, біз қолына біліктілігі бойынша диплом береміз. Кейін қайтадан келіп, оқуын жалғастыра алады.

Білім мен тәрбие – егіз

– Қазір талапкерлердің оқуға құжат тапсыратын уақыты. Пандемия жағда­йында бұл процесс қалай ұйымдастырылып жатыр?
– Біз осыдан 7-8 жыл бұрын Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп, колледжімізді түгел компьютермен жасақтап алғанбыз. Пандемия басталған кезде бізге осы жеңісіміздің көп пайдасы тиді. Қашықтан оқуға толық дайын едік. Соның арқасында талапкерлерге насихаттау жұмыстарының барлығын әлеуметтік желі мен сайт арқылы тікелей атқарып отырмыз. Қазір ата-аналар да онлайн оқудың арқасында бізбен тікелей байланысып отыр. Мен үнемі ата-аналарға: «Мамандық таңдағанда ең бірінші балаңыздың ыңғайына қараңыз? Ол мамандықпен болашақта нан таба ала ма?» деп айтып отырамын. Ата-ана баласымен ақылдаса алуы керек. 9-сынып бітіріп келген кейбір бала мектепте нашар бағаға оқыса да, колледжге келгенде жақсы нәтиже көрсетіп, ашыла түседі.
Пандемия кезінде мұғалім экранның бер жағында, студент ар жағында отырып практикалық сабақтарды жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Сондықтан біз практиканы кейіннен өткіздік. Негізі пандемия білім саласына айтарлықтай әсер етті. Алдағы оқу жылында студенттерімізді оқу орнында күтіп отырмыз. Бала осында келіп, эмоционалды тұрғыда араласып оқуы керек. Білікті маманды дайындау үшін берілетін тәрбие де өте маңыз­ды. Білім мен тәрбие қатар берілуі қажет. Бүгінгі күні мұғалімдеріміздің 95 пайызы вакцина алды. Енді жаңа оқу жылына дайынбыз.

Оқуға түсу емтихансыз

– Биыл қанша мамандыққа талапкер қабылдайсыздар? Егер коммерция­лық құпия болмаса, студент ақылы оқуға қанша төлейді?
– Талапкерлер 11-сынып­тан кейін ЖОО-ға түсе алмай, бізге келетін болса, кейбір мамандықтарды мем­лекеттік тапсырыс бо­йынша тегін оқи алады. Ақылы негізде оқитын маман­дықтарға мемлекеттік гранттар берілмейді. Оқу ақысы коммуналдық төлемдердің артуына, инфляцияға байланыс­ты өзгеріп отырады. Негізі білім саласы бизнес емес. Заң бойынша алып қарасақ та бұл саладан пайда табам деу – қателік. Түскен қаржыны мұғалімдердің айлығына, жөндеу жұмыстарына, су мен электр энергиясы сияқты шығындарға бөліп отырамыз. Сондықтан білім беру мекемелерін ЖШС-пен, ЖК-мен шатастырмау керек.
Біз қазір талапкерлерді жеті мамандық бойынша қабылдаймыз. Негізі біз жекеменшік оқу орнымыз. Бірақ мемлекеттік грантты екі бағдарламамен пайдаланамыз. Біріншісі – рес­публикалық, екіншісі – жер­гілікті бюджеттен. Бұл жағынан артық проблема жоқ. Қабылдау комиссиясы өз жұмысын 2021 жылдың 25 мау­сымынан бастады. Колледжге оқуға түсу емтихансыз, білім туралы құжаттың (куәлік, аттестат) орташа конкурстық балын есептеу негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысын тағайындау конкурсына қатысу үшін 18 тамызға дейін www.egov.kz порталында өтініш беру қажет немесе тікелей колледжге келе аласыз. Жалпы, колледжде 900-ге жуық студент оқиды. Сабақ қазақ және орыс тілінде өтеді. Бір жылға – 250 мың теңге. Оқу ақысын ай сайын бөлеп төлеуге де болады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − four =