Билік транзиті қалай іске асырылды?

0 13

20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Қазақстан Республикасының Президенті қызметін атқарғанына тура 365 күн толды. Мемлекет басшысының ел басқарудағы бір жылы қалай өтті? Халықтың есінде қандай оқиғалармен айшықталды? Біздің қоғамдағы биліктің сабақтастығы дамуымызға қалай әсер етті? Осындай сауалдарға өзімізше жауап іздеп көрелік.2019 жылдың 19 наурызы тәуел­сіз Қазақстанның тарихында биліктің сабақтастығымен есте қалды. Сол күні Қазақстанды ұзақ уақыт басқарған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теледидардан ресми мәлімдеме жасап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын хабарлады. Мұндайда Президенттің қызметі заң бойынша Сенат төрағасына жүктеледі. 20 наурызда Н.Назарбаевтың ұсынысымен Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант беріп, президенттік қызметті атқаруға кірісті. Бір анығы, жаңа Президент Тұңғыш Президенттің сабақтастық бағытын одан әрі жалғастыратынын ашық айтты.

Сайлаудағы жеңіс

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметін атқарғанына бір ай болмай, елімізде президент сайлауы өтетінін хабарлады. Қоғамдағы кез келген күмәнді сейілту үшін, нық алға адымдап, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін елде сайлау өткізудің қажеттігін жұртқа өзі түсіндіріп берді. Өткен жылдың 9 маусымына белгіленген сайлауда 7 партияның өкілі бақ сынады. Бұл саяси додада Қ.Тоқаев 70,96 пайыз сайлаушылардың дауысын жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Отандық сарапшылар Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасының әлеуметтік сипаты басым болғанын әділ бағалады. Халық­аралық қауымдастық та бұл сайлау­ға ерекше назар аударды. Сайып келгенде, жеңіске жеткен Қ.Тоқаевты ТМД елдерінің ғана емес, Еуропа мен АҚШ басшылары да құттықтап, мойындағанын білдірді.

Арыс апаты

Арыстағы апат күллі қазақстандықтардың бірлігі мен тұтастығына сынақ болғаны мәлім. Сын сағатта елмен бірге болып, Мемлекет басшысы 25 маусымда Арысқа ұшып барды. Апаттан үрейленген жұртпен кездесіп, істің мәнісін көзімен көріп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Әлбетте, бұл жерде қазақстандықтардың Президенттің маңайы­на топтасып, сынақты бірлесіп еңсеруінің арқасында күзге қарай құлаған үйлердің бәрі жаңадан тұрғызылды. Еліміздің әр түкпірінен көмекке ағылған 3 мыңнан аса ағайын­ның бауырмалдығы, жан­ашырлығы қайғыны тезірек жеңуге жетеледі. Президенттің бір ұтқыр­лығы, апаттың салдарын саралай отырып, Қазақстан аумағындағы барлық қару-жарақ қоймаларына толық тексеру жүргізуді тапсырды. Осы тұста Қ.Тоқаевтың саяси тактикасы анық байқалды.

Әлеуметті қолдау, құлақ асатын мемлекет

Ел басқару ісінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің саяси тәжірибесін, жаңа тәсілдерін ұтымды қолданды. 26 наурыздағы Жарлығымен 500 мыңға жуық қазақстандықтардың несиелік жүктемесін төмендетті. 1,2 млн азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдары алынып тасталды. Әлеуметтік қолдауы мұнымен біткен жоқ. Тамыздағы мұғалімдер конференциясында Президент алдағы 4 жылда мұғалімдердің еңбек­ақысын екі есе өсіруді Үкіметке тапсырды. Одан әрі Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу механизмі де түзетілді. Президент бұл көмекті тек жұмыс істейтін адамдар алатынын айтты. Алайда әлеуметтік қолдауға зәру көпбалалы отбасылар билікке наразылық білдіріп, заңды құқықтарын талап етті. Президент бұл мәселені толығымен шешуге білегін сыбанып, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» атты ұстанымын жария етті.

Сенім мен ұстаным

Жаңа президенттің саясаттағы ұстанымы – билік пен қоғамның диалогын орнату. «Алуан түрлі пікірлер болғанымен, бірлігі бекем ұлтқа айналуымыз керек. Негізгі бағдарымыз – осы» деген ұстанымын сайлау додасында-ақ ашық айт­қан Қ.Тоқаев 12 маусымда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бұл – заңнамалық өкілеттігі болмағанымен, Президентке қоғамдағы ең түйткілді мәселелер бойынша ұсыныстар жеткізетін бірегей диалог алаңы. Кеңестің бүгінге дейін екі жиыны өтті. Мемлекет басшысы бұл алаңды саяси мәлімдеме жасау­ға пайдалануда. Мәселен, елдегі шерулерге, саяси партияларға қатысты мәлімдеме жасады. Біз бұдан биліктің саяси бәсеке мен пікір алуандығын ұстаным еткенін көріп отырмыз.

Қордай оқиғасы

7 ақпандағы Қордайдағы қайғылы оқиғалар еліміздегі ұлтаралық қатынастарда әлі де толық шешімін таппаған мәселелердің бар екенін байқатты. Бұл қайғылы оқиғалар 10-нан аса адамның өмірін қиды. 25 үй, 30 сауда нысаны және 40-тан автокөлік жанып кетті. Президент бұл оқиғаға бірден назарын аударып, твиттердегі парақшасында былай деп жазды: «Қордай ауданында бұзақылық пиғылдағы топтар арасында қақтығыс болды. Бұл жағдайды арандатушылар пайдалануға тырыс­ты. Полиция ахуалды тұрақтандырды, қоғамдық тәртіпті бұзған кінәлілер жауапқа тартылады».
11 наурызда құзырлы органдар осы оқиғаларға қатысты 120 қылмыстық іс қозғады. Алайда адам өлтірген және үйлер мен көліктерді өртегендер әлі нақты анықталған жоқ. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардан зардап шеккен, үйлерінен айырылған адамдар әлі қалыпты өмірге оралмады. 1 наурызда Қордайға арнайы барған Президент Қ.Тоқаев Қаракемер және Сортөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Сол жүздесуде қақтығыстың өршуіне контрабандалар арасындағы текетірес себеп болуы мүмкін екенін айтты. Қазір құқық қорғаушылар бұл мәселені толықтай зерттеуде.

Төтенше жағдай және карантин

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі еліміздің бірлігі мен бейбітшілігіне, татулығы мен тұтастығына сын боларлық оқиғалар алдымыздан шығуда. Тәжді вирус деп аталған індеттің қаупі күн сайын ұлғайып келеді. 13 наурыздан бері Қазақстанда осы аты жаман ауруды жұқтырған 49 адам тіркелді. Күллі дүние жүзін үрейдің құшағына қамаған індетке қарсы ел басшылығы жедел іс-шаралар жоспарын қабылдап, іске асыруға кірісті. Мемлекет басшысы 15 нау­рызда елімізде төтенше жағдай жариялады. Оның уақыты 30 күнге созылады. 19 наурызда екі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Әрине, төтенше жағдай тәртібінің ел экономикасына жағымсыз жағынан ықпал етері сөзсіз. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандауы, АҚШ доллары бағамының күрт өсуі де экономикалық және әлеуметтік қиыншылықтар әкелетіні анық. Алайда Президент Үкіметке нақты, айқын тапсырмалар беріп, халықтың ахуалын жеңілдететін көптеген іс-шараларды іске асырды. Яғни, кәсіпкерлер азық-түлік тауарларының бағасын қымбаттататын болса, Үкімет шекті бағалар саясатын енгізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды