БІЛЕК КҮШІНІҢ БӘСІ

0 150

Өткен сенбі күні Аста­на қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Марина Вольнова мен оның жаттықтырушысы Берік Мәржікпаевты ар­найы қабылдады.

 -Кеше ғана Президентіміз ел абыройын асқақтатқан Олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірген еді. Елбасы тапсырмасына орай бүгін де бізге сый-сияпат жасаудың мүмкіндігі туып отыр. Марина, сен Сыр өңірінде дүниеге келгеніңмен, Астана атынан жарыс додасына қатысып қайттың. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Жалпы, барлық мүмкіндік жасалған елордаға табан тіреу екінің біріне бұйырмайды. Өзін дәлелдегендер ғана шыңдалу мектебінен өтеді. Сол маңдай тердің өтеуі қайтып, Олимпиада тарихында алғаш рет енгізілген қыздар арасындағы бокста ешкімнің еншісіне бұйырмаған жеңісті еліңе сыйладың, – деп қала басшысы ризашылығын білдірді.

Емен-жарқын жүздесу сәтінде И.Тасмағамбетов Марина Вольноваға пәтер кілтін табыстады. Ал, жаттықтырушысы Берік Мәржікпаев 5 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Бұл екі жыл үзбей дайындалудың нәтижесінде қол жеткен жетістік еді. Негізі, Олимпиадаға қатысу үшін төрт жыл мерзім ішінде барлық талаптарды бұлжытпай орындауың шарт. Осы міндетті тиянақты жүзеге асырған кейбір жампоздар Марина көрсеткішін қайталамақ түгілі, жарыс жолынан шығып қалды емес пе?!

–Жас кезімізде бәріміз спортпен айналыстық. Асылы, спорт төріне шығу оңай нәрсе емес. Сондықтан биікке көтерілген спортшыларға қамқорлық көрсету елді басқарып жүрген азаматтардың міндеті деп ойлаймын. Спортты жанына серік еткен жастар сіздерге қарап бой түзейді. Жоғары жетістікке же­туге талпынады. Осындай жақсы дәстүрді қалыптастыруға ықпал жасаған спортшылар ісі құрмет тұтуға лайық. Ал жеңіп алған қола медалің алтынға бергісіз,-деді сөз орайында И. Тасмағамбетов.

Өз кезегінде жеңімпазымыз Олимпиадашылардың құрметіне арналған салтанатты жиын мен мерекелік кештердің елордада жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтіп, алғысын білдірді. Қазір әрбір өңір топ жарған спортшыға қошемет көрсетуде. Марина да туған жері асыға күтіп отырғанын жеткізді.

Астана қалалық ішкі істер департаменті күзет қызметінің қызметкері Марина Вольнованың бағындырған белесі – тарихта қалар жетістік.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =