БИIК ЕЛДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САНАСЫ, ТАЗАЛЫҚПЕН АЛҒА ОЗАДЫ ҚАЛАСЫ

0 252

Американың «Mercer Human» аналитикалық ұйымы ағымдағы жылдың қаңтар айында арнайы зерттеу нәтижесiнде әлемнiң ең лас он қаласымен қатар, ең таза қалаларды анықтаған.  Бұл зерттеу әлемдегi 221 қала бойынша жүргiзiлiп, ауаның ластану дәрежесi, кәрiздiк жүйенiң ахуалы, қоқыс-қалдықтарды жинау, ауыз суды тазалау жағдайы сынды негiзгi өлшемдердi ескерген екен. Экологиялық ахуалы жақсы әрi таза қалаларда тұратын халықтың мәдениетi мен этикалық тәрбиесi, тұрмыс деңгейi де зерттеу барысында назарға алынған.

Әлемдегi ең таза қала Канаданың 1 млн 100 мың тұрғыны бар – Калгари қаласы атанды. Мұнан кейiн Гавай аралдарының Гонолулу қаласы тұр.  Таза қалалардың қатарын үшiншi кезекте Канада астанасы – Оттава мен Финляндия астанасы – Хельсин­ки толтырып отыр.
Жақсы сөз жанға жағады. Дәл осылай таза қалалар қатарын бола­шақта Астана толтырып жатса, әри­не, жақсы-ақ. Алайда, алаштың мақ­танышына айналған бас қаланың iшкi жаны, рухани болмысы, ең бастысы, жасыл желекке оранған тазалығына қаншалықты мән берiп жатырмыз? Бұл орайда жоғарыдағы қалалардан үлгi алып, үйренерiмiз көп.  Жақсы­ның жақсылығын көру, қажеттiсiн сiңiрiп, жаманынан жирену де ұла­ғатты iс. Сондықтан, үлгiлi үрдiспен ерекшеленген қалалардың басты қағидаларына шолу жасап көрсек.

***
Бүгiнде бас қала Астананың экономикалық-саяси, әлеуметтiк-мәдени жағдайына ерекше мән берiлiп отыр. Тазалығы да әу бастан әлеуеттiң назарына алынды. Күндi қойып, түн қатып қала көшелерiн жуып-шайып, қоқыстан тазартатын­дардың еңбегiне еш дауымыз жоқ. Керiсiнше, ризамыз.
Бiрақ…
Кей-кейде сол еңбектi көзбен көр­сек те, көкiрекке салып, зерделеуге шамамыз жетпей жатады. Бiреу тырбыңдап көшедегi қоқысты жи­най­ды, ал ендi бiреу сол жәшiкке же­тер-жетпестен қолындағысын лақты­рып кетедi.  Жоғарыдағы әйбат қала­лар жетiстiгi, тұрғын халқының мә­де­ние­тiмен тығыз байланысты. Яғни, тазалығы табалдырығынан басталған оларда тұрмыстағы дегдарлық ерте бастан қалыптасқан. Ең бастысы, өз қаласына деген жанашырлық, сүйiс­пеншiлiк бар. Сондықтан, тазалыққа да ортақ жауапкершiлiкпен қарайды.
Ал бiзде  ше? Бiзде көбiнесе мәсе­ленi коммуналдық мекемеге жүктей­мiз.  Жаратушы жүректiң тазалығын пендесiне әмiр етсе, сол жүрегiмiздiң бiр бөлшегi Астана екенiн әлi де санамызға сiңiре алмай жүргендеймiз. Қасиеттi Құранда «Сөзсiз, Аллаһ тәу­ба еткендер мен тазаланғандарды сүйедi» десе, ал Пайғамбарымыз таза­лықтың маңыздылығы жайлы «Таза­лық – иманның жартысы. Аллаһ таза­лықты жақсы көредi» деп жет­кiзген.
Менiңше, «Mercer Human» анали­тикалық ұйымының қорытындысы үз­дiк атанған қалалардың тек сыртқы болмысын, көше  тазалығын ғана емес, халқының мәдениетiн, ақыл-ой жетiстiгiн, рухани болмысының жадыраңқы екенiн көрсетiп отыр.

***
Сiздiңше, бұл қалалардың басты артықшылығы неде?
Ендеше, таза қалалар қатарын то­лықтырған елдердiң өзiндiк бол­мы­сына тоқталсақ.  Мәселен, бiрнеше жылдан берi жақсы үрдiспен үкiленiп келе жатқан Сингапурде көшенi лас­тау өрескел қылмыс саналады. Егер, бұл елде жүрiп, абайсызда түкiрiп қал­саңыз, тамақ қалдығын лақтырып жiберсеңiз үлкен мөлшерде айыппұл тө­лей­­сiз.  Оның мөлшерi – 100 дол­лар­дан 1000 долларға дейiн барады. Ал француздар бұл мәселенi 1500 еуро айып салу арқылы шешудi жөн санайды екен. Осылайша, аса зор көлемдегi айыппұл арқылы бұл елдер қала тазалығын қатаң бақылауға алып, оңды нәтижелерге қол жеткiзiп отыр.
Әлемнiң таза қаласы атанған Кал­гариде бүгiнде 1 млн 100 мың адам  тұ­рады. Қоршаған орта мен ауа ластану дең­гейi мұнда өте төмен. Қала тұр­ғындары, әсiресе, ауыз су мен электр қуатын үнемдi пайдалануды әдетке айналдырған.
Калгари 1988 жылы қысқы олим­пиада ойындарының ас­танасы ретiнде танылған. Бүгiнде мұн­дағы таушаңғы курорты демалу­шылар қатарын кө­бейтiп отыр.  Бiр таңғаларлығы, қа­лада мұнай-газ өн­дiрiстерi көп, сөйте тұра Калгаридiң экологиясын қа­лыпты жағдайда ұстауға бiрнеше фак­тор   септесiп отырғанын атап айтқан ләзiм.
Бiрiншiден, қала iшiндегi автокөлiк тұрақтары қымбат. Бұл – мемлекеттiк мекемелердiң келiсiмiмен бекiтiлген баға. Сондықтан, тұрғындардың кө­бiсi көлiктерiн үйде қалдырып, қо­ғамдық көлiкке мiнгендi қолай көредi. Екiншiден, қала  жасыл желекке оран­ған.  Гүлзарлы, ағашты алаң­дардың бәрiнде тек жаяу жүргiншiге ғана жол бар. Ал, үшiншiден, қалаға қажеттi электр қуатын олар балама энер­гия көздерi арқылы өндiредi. Қаланың географиялық орны бұған септiгiн тигiзiп отыр. Яғни, Калгари теңiз деңгейiнен1000 метрбиiктегi тау­лы аймақта орналасқан. Үнемi лекiлдей соғып тұрататын жел екпiнi кал­гарилықтарды балама қуат көзi­мен толық қамтамасыз етiп отыр.
Әлемдегi таза қалалардың қата­ры­нан Швецияның астанасы Сток­гольмдi жиi кездестiремiз. Қалада қоқысты жинау мен өңдеу iсi жақсы жолға қойылған. Қаланың жаңадан салынған «Хаммарбю Шёстад» ауда­нына шетелдiктер көп келедi. Бұл ай­мақ кезiнде өндiрiс орны болған екен. Шведтер зауытты көшiрiп, аймақты тазалауға 150 миллион крон жұмсап, орнына ғаламат үй салып, ағаш отыр­ғызған. Стокгольмде тұрғындардың 95 пайызға жуығы жасыл белдеуде тұрады. Тағы бiр қызық дерек: мұн­дағы «жасыл» ұйымдардың жүзге тар­та белсендiлерi демалыс күндерi «авто­көлiксiз бiр күн» атты акция ұйым­дастырып, оны билiк өкiлдерi қол­дамағаны үшiн наразылық бiл­дiрiп, көшеге шыққан екен.

***
Еуропада қоршаған ортаны қорғау мақсатында «жасыл аймақтар» атты байқау  жиi ұйымдастырылады. Осы жарыста бағын сынайтындардың қата­рынан үнемi Амстердам, Брис­толь, Гамбург, Копенгаген, Мюнстер, Осло, Стокгольм және Фрайбург және тағы басқа қалаларды көруге болады.
Еуропалықтардың басым көпшiлiгi үлкен-үлкен қалаларда тұратын­дық­тан, қоршаған  ортаның ласта­нуы­­нан қатты зардап шегедi. Сон­дықтан, соңғы жылдары бұл аймақ­тарда таза­лық өзектi мәселеге айна­лып отыр.
Мәселен, Германияның Гамбург қаласында ауаны ластамас үшiн зиян­ды газдардың мөлшерiн 2010 жылы 15 пайызға азайтса, ал ұзақ мерзiмде  қала жоспарында 2020 жылы бұл көр­сеткiштi 40 пайызға, 2050 жылы 80 пайызға азайту көзделген.

Қызықты мәлiмет

Өмiрде небiр қызық жайттарды кездестiруге болады. Мәселен, бар өмiрiн қала тазалығы үшiн сарп еткен жан туралы естiдiңiз бе?  Индонезияның Бандунг қаласының Сарибан есiмдi тұрғыны өмiрiн қоқыс жинауға арнапты. Зейнетке шыққаннан кейiн де үйреншiктi кәсiбiн тастамаған. Қарт бұл жұмысына ешқашан ақша алмаған. Тек, оның еңбегiн бағалайтындар қалтасына күнiне 5-10 доллар салады екен.

Серікгүл Сұлтанқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =