«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бие сүті – бизнес көзі

0 221

Нұр-Сұлтан қаласында бие сүтінен жасалған диеталық шоколадтың дәмін татуға арналған шара өтті. Жаңадан нарыққа шыққан отандық өнімдердің үгіт-насихатын күшейтіп, экономикалық маңызы зор жобалардың жолын ашу, шаруашылықты шалқытуға дем беру мақсатында өткізілген бұл шараға «Ғылым қоры» АҚ басшылары, «ULYTAU» өндіріс кәсіпорны және бизнес өкілдері қатысты.

Ұлт жоспарының 64-қадамын жүзеге асыру аясында 2015 жылдың соңында «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР заңы қабылданған болатын. Қазіргі таңда 2016, 2017 және 2018 жылдары өткізілген конкурстардың нәтижелері бойынша «Ғылым қоры» АҚ-тың коммерцияландыруы бойынша 153 жоба жүзеге асырылған. Бие сүтінен жасалған диеталық шоколад та осы жоба аясында нарыққа шыққан өнімдердің бірі. Бүгінде «ULYTAU» деген атпен нарыққа шыққан бұл шоколадтың 9 түрі өндіріледі.
Шоколад «Қазақ тағамтану академиясы ҚҰ» ЖШС-те өндірілген. Тәулігіне 50 кг шоколад өндіретін бұл цехта бие сүтінен йогурт, балмұздақ және балалар тағамдарын да өндіреді. Аталған өнімдер құрамында қант мүлдем жоқтығымен және адам денесіне пайдалы дәру­мендердің молдығымен ерекшеле­неді. Бие сүтінен жасалған тағамдар – әлемдік аренадағы жаңа өнім, бұрын бие сүтінен тек қымыз ғана жасалса, Төрегелді Шарманов бас­таған мамандарымыз «Ұлытау» зауытын ашып, бие сүтінен неше түрлі өнім өндіруді бастады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды