БИБІМӘРИЯМ – ГОЛЛИВУД БИІГІНДЕ

0 107

«Бақытты балалық шақ» атты Universl Pictures компаниясының жылда өткізетін байқауына биыл астаналық алты жасар Бибимариям Омарова қатысты. Қатысып қана қоймай, қанжығасына қомақты жүлдені байлай келді. Ол байқауда 6 және 14 жас аралығындағы әншілер номинациясында бірінші орынды жеңіп алды.

Мамырдың 22-25 аралығында өткен аталмыш байқауға әлемнің әр елінен 55 бүлдіршін жиналған. Бұл байқауға деген балалардың зор талпынысын көрсетсе керек. Мұндай өнер додасында топ жарып, жеңімпаз атану Бибімәриям үшін тосын сый болған көрінеді.

Дегенмен, үш жасынан бастап түрлі даярлық топтарында актерлық шеберлікті, вокалды үйреніп жүрген балғын бөбек өз қатарластарынан оқ бойы озық екендігін әлемдік деңгейде дәлелдеп берді.

Ата-анасы үшін де мұндай жеңіс үлкен мәртебе екендігін мойындай келе сөз бұйдасын қолына анасы Перизат алды. Баланы тек мектепке, балабақша апарып әкелудің өзі кейде қиындық тудырып жатады.

Ал, оны өнерге баулу, оның талантын осындай сәби күнінен ашуға ұмтылу оңай емес екені рас. Бірақ біз қызымыздың ерекше еңбекқор екендігін байқап, оны түрлі курстарға жаздырттық. Ол өз бетімен сан алуан тілдердегі әндерді жаттап алып айтуға әуестенетін.

Сол әуестігін сахнаға алып шығуына мүмкіндік жасадық≫, – дейді кішкентай жұлдыздың анасы.

Голливудқа барып, өнердегі алғашқы биігін бағындырған томпиған Бибимариям әкесі Марат Омаровтың «Талант» өнер орталығында тәлім алады. Алты жасында

әртүрлі өнер саласынан дәріс алып үлгерген дарынды қызға осы жеңісінен кейін шетелдік компаниялардан бірнеше ұсыныстар түсіпті. «Wolt Disney» компаниясы оның әртістігіне қызығып, бір жылға шарт жасасуға пейілді екендіктерін де білдірген. Алайда тілі қазақша сынған қазақтың қызы ағылшынша сөйлемегендіктен тіл үйренуге мұқтаждығын алға тартыпты.

Тегіне тартып туған арқалы қыздың келешегінен үмітін үкілеп отырған ата-анасы үшін де мұндай байқаудан жүлделі оралы үлкен абырой.

– Сахнаға шығу қаншалықты қорқынышты болды? – деген сауалға көзі мөлдіреген Бибимариям:

– Еш қорықпадым, – деп жауап қатты.

– Ал, келешекте кім болғың келеді? – сұраққа:

– Актриса боламын, – деп нық жауап берді.

Бүлдіршінге сұрақтарға жауап бергеннен гөрі сахнаға шығып ән салған әлдеқайда оңай болған сыңайлы. Өйткені, Лос-Анджелесте жасалған бейнебаяннан байқағанымызда, ол өзін өте еркін, тәкәппар, әрі жұлдыз ретінде ұстайды екен.

Бір айта кетерлігі, оның жеңісінің жемісін енді тек өзі емес, «Талант» орталығының жас өнерпаздары да бөлісетін болды.

Өйткені, Бибимариямға көңілі толған «New York Film Academy» компаниясы Астанаға өзінің өкілін James Osegbemeh мырзаны арнайы жіберіп отыр. Ол осы орталық негізінде қалауы бар балаларға ағылшын тілі мен актерлық шеберліктен дәріс оқитын болады.

«Бибимариям – заты ерекше қыз. Оның өнерге деген құлшынысына таң қалмау мүмкін емес. Жалпы, қазіргі кезде Қазақстанның халықаралық киноиндустрияға қадам жасауы – құптарлық жағдай. Сіздердің елдеріңіздің мүмкіндігі мол деп есептеймін» деді африкан жігіт аудармашыға қарап отырып.

«Осы мүмкіндікті астананың әр баласы пайдалана алады. Балаларыңызды біздің орталыққа әкеліңіздер» деді сөз соңында Марат Омаров.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 2 =