Би батасы

Құнанбайдың Кенесары ханға көмегі және Жанғұты бидің Абайға берген батасы хақында

0 75

Жетісу өңіріне ақ патшаның ықпалы әлі жете қоймаған. Сол аймақта Кенесары халықты біріктіруді, қырғыздармен одақ құруды ойлады. Ежелгі жауы Қоқан хандығына бүйірден тиіп, оның қол астындағы езгідегі қазақтарды, қырғыздарды азат етуді көздеді. Көкейінің түкпірінде «Қазақ бірікпесе, атасы Абылайдың ықпалында болған, күні бүгінге дейін қазақтың бір ұлысы ретіндегі қырғызды біріктіріп, Меркеден бастап Ташкенттен бір-ақ шығамын» деген ішкі байламы да бой көтерді.Ұлы мұратынан таймаған хан қамданып алып, түстік шығысқа қарай бет алды. Бес қаруын асынған қалың сарбаз жол шекті.
Үздік-создық шұбырған көш бір жарым айдың ауқымынан асқанда Балқаштың оңтүстігіндегі Қашқантеңізге табан тіреді. Алдын ала құлағдар болып отырған Жанайдар, Қаңлыбай батырлар құшақ жая қарсы алды. Арнайы тігілген ақ боз үйлерге хан батыр­ларымен түсті. Тоқтаусыз жүрісті доғарып, барлығы екі-үш күн тыным алды. Жолсоқты денелері сергіп, таңсық аймақ көңілдерін аулаған. Қашқантеңіз көкпеңбек болып, қол созымда жатыр.
Еру боп ес жиған осы әредікте Кенесары хан кеңесін шақырды. Ертеңгі күннің еншісіндегі шаруа­ны талқылауға батырлар түгел қатысты. Абыз кейпіндегі әз Бөгенбай би ханның оң тізесін баса жайғасқан.
– Қазақтың дербестігін сақтау жолында қандай сынға болса да төтеп беруіміз керек. Ұлы істің басында өздерің тұрсыңдар. Бізге ең керегі – халықтың қолдауы, жауға қарсы шабар жасақтың көптеп жиналуы. Әйтпесе, өздеріңді жылы орыннан қозғап, күнкөрістің қамымен кетіп бара жатқан жоқпыз. Әріден айтқанда Керей мен Жәнібектің көтерген тәуелсіздік туын жығып алмау жолындағы жанталас. Сондықтан басталған іске сеп болар қам-қаракетке күні бұрын көңіл аударуымыз тиіс. Осы орайда бірнеше бағытқа жаушылар аттандырайық. Ел тұтқасын ұстаған ерлерге бұйымтай салайық.
– Иә, жөн, – деді қаумалай жиылғандар.
– Биылғы жылдың басында Құнанбай аға сұлтан болып, орыс патшасына ант беріпті. Неде болса алдынан өтейік. Бұған, Ағыбай батыр, сені жіберейін деп отырмын. – Иегін көтере қандыкөйлек досына қарады. – Жаныңа қысылғанда жөн табар әрі әуелден тобықтымен ниеттес қаракесектің Жанғұты биін қосамын. Не айтар екен, тамырын басып көріңдер.
– Дұрыс шешілген ұйғарым…
– Қаракесектің қос ұланы ыңға­йын табады, – деген мақұлдаған үндер жарыса естілді.
– Ал қараағаштай қалың найманға, нақтысында найманның төресі Бексұлтанға Жоламан батыр мен Тобағабыл би аттанады.
Төңірегін бажайлай шолып шықты. Отырған қауымның бәрі ықтияр пейілде.
– Жалайырдың төресі Сүйікке жанына Жанайдар батырды алып, Досбол би барады.
Тоғыз қанат орданың ішіндегілерге хан уәжі көкейлеріне қонды.
– Төрелердің бәріне хабар салдырып, жасақ жинаудың жайын күн ілгері түсіндірейік. Кіммен қалай сөйлесудің мәнісін білесіздер, тек осы ойға алған шаруамыздың қайырлы болуын Алла нәсіп етсін.
Тағы бір ескертетін жайт, біз бұл жерге тоқтамаймыз, Балқашты шығысынан айналып өтіп, Сарыесік-Атырау түбегіне тартамыз. Бізді сол жақтан іздеңдер.
Ағыбай қолбасы Жанғұты би екеуі сол жерден Қарауыл, Жидебайға бет алды.
Ханның көші жөн білетіндердің бастауымен Балқаштың шығысын айнала Қаратал өзенінен өтіп, ну қамысты түбекке жетті. Малды су қоршаған қамауға ішкері жіберіп, түбектің кіреберісіне ханның жорық ордасын тіккізді. Ағыбайдың ту ұстаушысы Бағыс батырға биік сырық орнаттыртып, Абылайдың ақ туын, одан аласарақ Кене ханның жасыл туын желге желбіретіп, мен мұндалатып қойды.
Тым-тырыс түбек сапырылыс­қан өмірдің бар екенін ұмыттырып жібергендей мамыражай күй сыйлап, бұйығы тірлік кешті. Ұзақ сабылып жүрген мал да артық қимылдан тиылып, бейуаз қалпы. Кене ханның өзі жақсы көретін ақмойнақ шұбар жылқылардың табыны да қостың маңынан ұзамай жусайды. Ханның есептеуі бойынша елшілердің қайтатын уақыты болып қалды. Ең әуелі Сүйікке кеткен Досбол би мен Жанайдар батыр оралар деп тұспалдаған. Алдымен Ағыбай батыр мен Жанғұты би төбе көрсетті. Әшейінде артық ештеме ұстамай сыптығырдай жүретін Жанғұты иығына асып алған алаша қоржынды жерге түсіріп, оң жағына қойды.
– Ассалаумағалейкүм, хан ием! Қоныс құтты болсын!
Батыр мен би қос қолдарын ұсынды.
– Уәлейкүмассалам! Ат-көліктерің аман жеттіңдер ме?
Әңгімені төрге таяу малдас құрып отырған Жанғұты бастады.
– Хан ием, сіздің жүз соғысып, жүз табысып жүрген досыңыз қыпшақтың Балғожа биі жарады.
Кенесары «бұл жерде Балғожаның не қатысы бар?» дегендей аңыра қарады.
– Біздің алдымызда ғана Құнанбайдың қонағы болып, аға сұлтандығына құтты болсын айтып аттаныпты. Сіздің бізге берген тапсырмаңызды Құнанбайдың құлағына құйып, жұмысымызды жеңілдетіп кетіпті.
– Онысы көрім болған екен.
… Құнанбай қаракесекке күйеу әрі екеуі де сөз ұстаған би болғаннан соң Жанғұтымен көңілдері бұрыннан жақын, әр-әр тұста бастары тоқайласатын. Аға сұлтанның екінші әйелі Ұлжан Жанғұтыдан біршама кіші, сондықтан ол тобықтының биін күйеусінеді. Сондай сыйлас адамын көргенде Құнанбай құшақ жая қарсы алды. Жанғұты ағасын аңдаған Ұлжан да қуана амандасты.
– Менің ағатайларым екен ғой…
– Қайдан сапарлап келесіңдер? – деді Құнанбай.
– Өзіңнің ауылыңа арнайы ат басын бұрып отырмыз. Мынау менің қасымдағы жігіт – бұл да сізге қайнаға болады, Кененің үзеңгілесі – Ағыбай батыр.
– Иә, естуім бар… – Батырдың алып тұлғасына жалғыз көзін жүгіртіп өтті.
– Кене ханның тапсыруымен келдік. Әуелі, аға сұлтандығыңыз құтты болсын!
Құнанбай бидің сөзінің соңын күтпей:
– Жылқы аласыңдар ма, әлде құнын аласыңдар ма? – деді келген шаруаларын айтқызбай ұғып. Оның үстіне кеше ғана Торғай даласына аттанған Балғожа би жылқысына тиіп, малын айдап кетсе де, хан Кененің жорығын қолдау керектігі жөніне көп тоқталды. Ол да аға сұлтанды жеріне жеткізіп қойса керек…
Қапелімде мұндайды күтпеген би мен батыр бір-бірлеріне са­уалды кепте қарасты. Бұлардың дағдарған жағдайынан аға сұлтанның өзі шығарды.
– Ағыбай батыр екеуің боз-боран боп мың жылқыны айдап, қуып жүргендерің елден ұят. – Сау көзі бағжия қадалды. – Мың жылқының құнын күміс ақшамен берейін. Хан мылтық, қару-жарақ сатып алсын. Әскер беретін, өзі аз тобықтыда адам жоқ. «Қазақтың жеріне кіріп, орыстар бекініс салмасын» деген Кенесарының талабы дұрыс, соны қолдағандықтан беріп отырмын.
– Алла разы болсын, ақ патшаның ниеті ақ болмай тұр ғой…
– Қазіргі жағдайда орыстан зиян шеккенім жоқ. Көмегін алып жатырмын. Мынау беріп отырған ақша – солардың ақшасы. Олар шекарадан ішкері енбей өз жерінде отырып, терезесі тең мемлекет болып, санасып, сауда-саттық жүргізсе – ешкім қарсы емес.
Осы кезде күтуші қоржынның бір басындай қалта көтеріп алып келді. Құнанбай әлгіні алдыларына айрандай ақтартып сап:
– Санап алыңдар, бұрыннан санатып дайындап қойғанмын, – деді.
Кіл бір сомдық күміс ақша алдарында тау болып үйіліп қалды.
– Ақша санай бергенді жақсы көреді. – Үй иесі мырс етіп бір күліп алды.
Санап жібергенде 3000 сом болып шыға келді. Осы аралықта қымыз әкелінді. Қымыз құйыла бергенде сүйектен ойылған күміс төсектің үстінен қыңқылдаған кішкене нәрестенің үні шықты.
– Мына батыр оянды, – деді аға сұлтан.
– Нағашыларының келгенін біліп, сәлем берейін деген ғой. – Ұлжан орнынан сөйлей түрегеліп, төсекке беттеді. – Бесіктен шешіп алғанымыз әлгінде еді… – Жүктің маңына таянғанда жылаған баланың үні басылды. Төсектің үстінен құндақталған нәрестені көтеріп әкеп, дастарқанның шетіндегі орнына жайғасты. Көк тақиясының төбесіндегі үкісі үлпілдеп, үш-төрт айлық нәресте жапалақтың көзіндей домаланған жанарымен бөтен адамдарға таңырқай қарады.
Бұл кезде Жанғұты Ағыбай батырды Құнанбайға кеңірек таныстыруға кіріскен. Сосын, сөз әлпеті Кенесары мен көтеріліс жайына ойысып, біраз әңгіме-
дүкен құрды.
Арнайы көтерілген қазандағы ас ішіліп, дастарқанға бата жасалды. Сол кезде Жанғұты бидің назары тағы да кішкентай нәрестеге ауды. Адамға қап-қара домалақ көздерін қақпастан, ұзақ-ұзақ қарайды екен.
– Бұ батырдың аты кім?
– Ибраһим! Бірақ әжесі пайғамбардың есімі ауырлау тиер деп, «Абай» дейді, біздің де соған аузымыз үйреніп қалды, – деді Ұлжан.
– Үлкен азамат болсын! Батамды берейін.
– Сөйтіңізші, аға! Ең қамқор жұрты сіздердің сөздеріңіз қиыс кетпейді.
Құнанбай басын төмен салып, жымиды. Осы кезде Жанғұты би «иә, біссіміллә рахмани-рахим…» деп, батасын бастай жөнелді.
– Кішкентай Ибраһим қошақанымызға:
Қызыр қонып, бақ дарысын,
Алашыңның атқар ісін.
Көкірек көзің көріп,
тілің сайрасын,
Айтарың аузыңнан ақтарылсын.
Несібе, ырыздығың қашпасын,
Жау мысыңды баспасын.
Елің үшін ат жалынан
түспегейсің,
Халқың үшін қайырымды
іс істегейсің.
Алла ажарыңды ашық етсін,
Қырық ханның ақылын
нәсіп етсін.
Аллаһу-акпар!
Би сөзінің соңын созыңқырап, бетін сипады.
Жанғұтының текті де терең сөзіне аға сұлтанның іші жылыды. Бәрі бет сипасып болған соң Құнанбай:
– Бірер күн арқаны кеңге салып, жатыңдар… мал алдырайын, – деді.
– Алла разы болсын, бұйырған астан дәм таттық, айтқан бұ­йымтайымызды орындадыңыз, сізге разымыз. – Жанғұты шын пейілін білдірді.
Құнанбай енді Ағыбайға бұ­рылып:
– Ат үстінде көп жүресің, денең мұздамасын, – деп, керегенің көзінде ілулі тұрған мол тігілген қасқыр ішікті түрегеп барып алып, батырдың иығына жапты.
Осыны ризашылықпен баяндап шыққан Жанғұты бидің жүзіне жайдары кепте назарын тоқтатқан хан Кене:
– Текті тұқымның ұрпағы емес пе? Мырзалығын көрсетіпті, – деді. – Қолдағы біраз ақшаны қосып, қару-жарақ алармыз. Мына басқан ізімізді аңдып, қудалап жүрген генерал Жемчужниковта не бар дейсің. Алдымыздан кездесер генерал Вишневскийге адам салып, қалайда екі-үш зеңбіректің басын құрасақ, жаман болмас еді. Ақмола бекінісін алғанда қолға түскен қос зеңбіректің ұңғыларын, оқтығын қашып бара жатқан казак-орыстар сындырып, екі бөліп қиратып, тас­тап кетіпті. Қырық шақты доптай-доптай оқтарын да жеке-жеке шөпке бастырып көмдіріп, барлығын кәдеге жарар деп тыққызып қойғанмын. Маманы табылса, зеңбіректі қайта құйғызармыз деп ойлағаным ғой. Мына олжаларыңды Жаңылдың сандығына салдырып, сақтай тұрайық, – деп, Жанғұты мен Ағыбайға алғыс айтып, шығарып салды.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Баубек Бұлқышев атындағы
сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =