«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Би бәйгесі

0 179

Астанада Орта Азияда алғаш ұйымдастырылған «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» атты халықаралық би фестивалінің байрағы желбіреді.

Бұл айтулы шараны өткізуге Астана әкімдігі, бас шаһардағы Қазақ Ұлттық хореография академиясы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйтқы болып отыр. Бұған елімізбен бірге Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елінің талантты бишілері мен хореографтары қатысуда. Фес­тиваль барысында АҚШ-тан арнайы шақырылған Кэтрин Пилкингтон, Тара Комптон сынды хореографтар екі апталық шеберлік сағатын жүргізеді. Хореографияның үздік шеберлері қатысушыларға неоклассикалық балет, контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп, сонымен қатар хореографияның фото-бейне түсірілімі мен арт-менеджмент тақырыптарына арнайы скилл-аптар өткізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстандағы АҚШ елшілігі Астана қаласына 30 грант, аймақтарға 50 және Орталық Азияға 20 грант бөліп, дарынды жастарды фес­тивальге тегін қатыстыруға мүмкіндік берген. Бірнеше ай бұрын ұйымдастырған бейне-кастингтен өткен бишілер халықаралық деңгейдегі шараның қатысушысы атанды. Байқау барысында бидің барлық түрі салтанат құрады. Мұның би өнеріне ынтыққан жастардың тәжірибе алмасуына да септігі тимек.
Фестиваль шымылдығы 5 тамызда «Өнер зорлық-зомбылыққа қарсы» деген гала-концертпен жабылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды